Жаңалықтар

Алғыс айту апталығы шеңберінде шымкенттіктер көше тазалап, көршілерін дастарханға шақыруда

Алғыс айту апталығы шеңберінде шымкенттіктер көше тазалап, көршілерін дастарханға шақыруда
25.02.2019 12:22 2449

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Шымкентте басталған апталықтың екінші күні де «Тазалық күнімен» жалғасты.

«Қошқар ата» өзенінің бойында өткен жалпыхалықтық сенбілікке этномәдени бірлестіктердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастардан құралған жалпы 500-ге жуық адам қатысты.

«Тазалық» күні аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қолымызға тырма алып, көпшілік демалатын қасиетті орында тазалық жұмысын жүргіздік. Бірлесе сәндік ағаш көшеттерін отырғыздық. Бүгінгі шараның тазалықпен қатар халықты ынтымаққа үндейтін мән-маңызы зор екенін де ерекше айтқым келеді», – дейді сенбілікке қатысқан қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова. 

Тазалық жұмыстары қаланың барлық аудандарында, тұрғын алаптарда, шағын аудандарда жүргізіліп, көктемдегі көгалдандыруға дайындық осы күннен басталды. 

Ал Алғыс айтудың үшінші күні «Көршіге ізет» атауымен жалғасын тапты. 

Бұл күні Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабындағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын дастарханға сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізетін көрсетті. Мерекелік жиында тұрғындар бір-біріне ілтипат білдіріп, жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын жеткізді.

Мерекелік жиында сөз алған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдегі берекелі бірлікті сақтап, нығайтудың маңызын тоқталды. 

«Бүгінгі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, оның қадірін жете ұғынсақ, жастардың санасын кері түсініктерден тазартсақ – барлық асулардан асамыз. Ал, ішкі татулықтың қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды жауапкершілік екенін сезінуге міндеттіміз. Осындай жайдары жүздесулер тек осы күнмен шектелмей, дәстүрлі жалғасқанын жөн деп білемін», - деді Мұратәлі Оразалыұлы. 
Ал, ҚР Парламентінің экс-депутаты, өзбек ақсақалы Розақұл Халмұрадов халқымыз 4 жылдан бері атап өтіп келе жатқан Алғыс айту күнінің маңызын сөз етті. 

«Өздеріңізге белгілі, қиын-қыстау заманда қазақ жеріне көптеген халықтар күштеп жер аударылды. Сол кезеңде жергілікті жұрттың оларға үлкен қамқорлық көрсеткенін, өздерінің жағдайы ауыр болса да, барын бөлісіп, тату-тәтті тірлік еткенін этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары ұмытпайды. Бұл күнде барлық қазақстандықтардың бір-біріне және осы адамдарды жатсынбай бауырына басқан, барынша қамқорлық білдірген қазақтарға алғыс айту тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл мереке - біртұтастықтың, ынтымақтастық пен татулықтың мерекесі», - деді Р. Халмұрадов. 

Одан бөлек, қалалық мәслихат депутаттары, түрлі этномәдени бірлестіктің басшылары елдегі берекелі бірлікті сақтау жайлы сөз қозғады. 
Қалада жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік жиындар 1 наурызға дейін жалғасады. Бүгін, 25 ақпан – «Ұстазға құрмет» күнімен ұласты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға