Жаңалықтар

Активтерді қайтарумен айналысатын комитет қызметіне кірісті

Активтерді қайтарумен айналысатын комитет қызметіне кірісті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 12.10.2023 14:00 488

Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылғы 5 қазандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа ведомство «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

Комитеттің міндеттері активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою болып айқындалды.

Сонымен бірге Комитет елдің Премьер-Министрі басқаратын Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Қойылған міндеттерді орындау үшін, оның ішінде мүліктің шығу көздерінің заңдылығын анықтау үшін Комитет активтер мен олардың иелері туралы барлық қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды тартуға құқылы.

Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.

Ведомство, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерді тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге; заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық және шетелдік соттарға талап қоюлар беруге; сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге; активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға уәкілетті.

Комитет активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстанның шетелдегі мүдделерін білдіретін, халықаралық тәжірибені зерделейтін, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жыл сайын жариялайтын, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады.

Ұйымдастыру мәселелерін шешумен бірге ведомство негізгі қызметтік міндеттерді орындауға кірісті.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға