Жаңалықтар

Ақын туралы естеліктер

Жазылар естеліктер мен туралы
Ақын туралы естеліктер
26.03.2017 11:44 6902

Ақынның шығармашылығы,адамдық болмысы жайлы баспа беттерінде бірнеше мақалалар жарық көрді. Абзал Бөкен, Аманғали Қалжанов,Серік Ақсұңқарұлы, жары Фарида Базылқызы, Құлтөлеу Мұқашұлы, Дәмер Әбіш, Қасымхан Бегманов, Қуат Қожамбаев, Гүлжан Темірееваның  естеліктерінде Дәуітәлі ақынның адами қасиеті,адалдығы, шығармашылық жетістіктері талданып,баға берілді.

«Өзі аса көп,топырлатып,қайсыбір ақындар сияқты  жазбай, баппен, ойланып ,асықпай, анда-санда жазса да бабына жеткізіп жазатын.Ал егер көпіртіп жаза берсе,жаза беруге былай да қабілеті жетіп тұр ғой. Бірақ соған талғаммен қарап,ойы әбден піскен кезде қаламын алып жазуға отыратын. Поэзия,проза болсын ,мейлі кім қандай жанрда жазса да соның көлемінен гөрі мазмұны мықты болсын деп ,өзіне сондай талап қойып,өзгелерден де сондай талаппен жазуды күтетін»,- деп  Абзал Бөкен еске алады.

«Айта алмаймын асылық,

Болашақта- басты үміт

Көп ешкімге жарытып,

Жасағам жоқ жақсылық, - дегенімен,ол біздей рухани бауырларына өле- өлгенше өз шамасымен сүйеу болуға тырысып келді», - дейді Құлтөлеу Мұқашұлы өзінің жүрекжарды лебізінде.

«...Ол Қасым мен Пушкинді өле-өлгенше пір тұтып кетті. Дәуітәлі Стамбековтың мына жарық дүниеге ақын боп келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе де болады.

...Менің пірім-Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат  ағасы болмаса , мына дүниеге мендей  Серік Ақсұңқарұлы деген басы жұмыр пенде болар еді,Бірақ ақын болмас еді!..»-деп ағынан ақтарылған Серік Ақсұңқарұлының  осы сөздерінде ұлылардың ұлыларды ардақтай білетін ұлылық қасиеті жатыр. «...дүниені азамат болмай жатып,ақын болғысы келгендер  бүлдіреді». (Серік Ақсұңқарұлы)

Ақиық ақынның жанында жүріп бауырындай болған әрі інісі, әрі жолдасы  болған ақын Абзал Бөкен Дәуітәлі Стамбеков туралы сұхбатында: «Дәуітәлінің ең алғашқы жазған өлеңдерінің үні, сарынан кейінгі ақын Дәуітәлінің қалыптасуы екі түрлі болып кетті менің ойымша. Алғашқы шыққан өлеңдері ешкімде жоқ, өзінше бір мөлдір. Ол Қадыр Мырзалиев секілді тым бірегей терең ойға да кіріп кетпеген, Тұманбай Молдағалиев секілді бірегей сезімнің лирикасына да түсіп кетпеген. Осы ой мен сезімнің екі жағынан да бөліп алған қорытпа синтезіндей өзіндік бір ғажап дүниелерді тудырды», - деп ақынның өлең шығаруындағы қайталанбас ерекшеліктері туралы айта кеткен екен.

Өзінің мектеп қабырғасында бірге оқып, балғын шақты да бірге өткізген , Алматыда бірге тұрып, жастық шағында да жан жолдасы болған әнші,күйші Қуат Қожамбаев та өмірден ерте озған досын еске алады: «Дәукен бізбен жасты болғанымен,бізден жас көрінетін.

Спортқа да бейім болатын, жас кезінен бокска қатысып, біздерді көп жағдайлардан құтқарып жүретін. Өзі спортшы, өзі ақын, өзі келбетті әрі жаны жайсаң жігіт болған еді. Ешқашан өтірік айтпайтын, жағынуды білмейтін, сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді.. Дәукен, сен өлген жоқсың, сенің жырларың сені мәңгілік өлтірмек емес»,- деп жан жолдасына деген ыстық сағынышын білдірген екен. Дегенмен ақын атам жайында зерттеу еңбектері, ғылыми мақалалар көп емес. Сондықтан зерттеу жұмысымның басты мақсаты – Дәуітәлі Стамбеков шығармаларына  арқау болған туған жер туралы, ар мен адалдық , тіл мен өлең құдіреті жайлы өлеңдерін талдау арқылы ақын  шығармашылығын насихаттау, зерттеу.

Дәуітәлі Стамбеков поэзиясындағы туған жер, ел мәселесі

Туған жеріне,еліне жыр арнамаған ақын кемде-кем. Дәуітәлі Стамбеков те осы тақырыпты айналып өтпеген.  Өзінің «Қазақстан картасы» өлеңінде:

Күдірейіп біткендей арқасына,

Тарғыл-тарғыл ,

Бұп-бұжыр тау-тасына,

Ұқсайтұғын бояулар қып-қызыл боп,

Түсіп қапты елімнің картасына.

Бір қызарып,

Сарғайып жон арқасы,

Абайымның ай жүзді қаламқасы,

Ғашық етіп талайды ғұмыр кешкен

Сағыныштан сарғайған Сарыарқасы,-деп ән-жырымен жанданған жанат даласының жап-жасыл бояулармен еліміздің картасына қонақтаған кең жазирасын, қасқабастың шашындай седіреген ормандарын,толқындары жартасты ұрған теңіздерін жырға қосады.Өзінің «Отты жер» атты өлеңінде ақын « Сарыарқаның төсінде,отты белде Әлихан мен Әлімхан,Жақып туған» қасиетті мекенді шабыттана жырлайды. 

Өтіріктен өтірік мақтамаймын,

Көрген бұл жер ғажайып бақ-талайдың,

Қарқаралы жалғасқан Қызыларай

Сыр бар және жерінде Ақтоғайдың.

Қасиетін сеземін топырағының,

Жанымызда жаны жүр жапырағының.

Шаңырағына шаншылған әр үйінің

Әрбір талы бір уық Тоқырауынның.

Армандары ойланған орман ба едің?

Ақырындап ішіне алған демін,

Ұлдарының бойына  от беріпті

Алау болып,

Нұр болып жанған жерім,- дейді ақын.Ары қарай елі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп,қазағы үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған ел серкелерін жырына арқау етеді:

Бізге тастап кеткен соң оттарыңды,

Армен,қанмен жазылған аттарыңды,

Қаруыммен қорғап мен қалам атты,

Сездірмеуге тырысам жоқтарыңды.

Сарыарқаның жонында

Отты дала,

Алаулары тау-тасқа соқтыға ма?

Қазағым деп өртеніп,

Жалындаған

Көзіндегі солардың шоқты ,қара!

Майыспаған дауылдарға емендердей,

Әрбіреуің бір елге кемеңгердей,

Аттарыңды жаттаймыз санамызда

Армен,

Қанмен жазылған өлеңдердей.

Қазақтың қайсар рухы мен жанылмаған жігері бар осы өлеңде.

Ақын туған жерден нәр алады,туған жерінің топырағына табынады.

«Туған жерге барамын» өлеңінде :

Аңсамаймын мен қалай?

Топырағында қаным бар.

Соның өзі арман-ай,

Жапырағында жаным бар.

Жақпар тастар білемін,

Айбат берген жас жанға.

Кейде менің мінезім

Ұқсайды сол тастарға,- деп мөлдіреген сезімін  жайып салады.Кеңес дәуірі келмеске кетіп,тоқырау басталғанда ауылдағы ағайынның қолындағы малын аз-мұз ақшаға не затқа айырбастағаны жасырын емес.Сайын даласын ғасырлар бойы мыңғырған малға толтырған қазақтың қолындағы аз дүниесінен айырылса ,күні қараң болатынын сезген ақын ауылдағы ағайынның күйіне тіл қатады. «Сатпа,қазақ ,малыңды!» деген өлеңінде:

Өссін десең ертеңің,

Сатпа малды сен тегін.

Малың-құтың,ырысың,

Болашағың,ертеңің,

Сатпа малды сен тегін.

Малсыздығың-жарлылық,

Молшылығың-малдылық,

Малың болса мыңғырған

Өмірің де мәңгілік

Қалма,қазақ,қаңғырып,-дейді ақын.Расында да,ақын айтпақшы,қазақтың бар байлығы-малы,айлығы мен шайлығы ,бағы мен бау-бақшасы да осы – малы.Ауылдың құты мен берекесі де осы мыңғырған малында. Ауыл гүлденсе,бәріміз де гүлденеріміз анық. Өзінің «Ақтоғай жайлы аңыз» жырында Дәуітәлі Стамбеков өзі туып-өскен өңірдің табиғаты мен тылсым аңызын байланыстыра жырлайды.

Өте ертеде сай-саласын тоғай басқан,қарағай-қайыңы таумен жарыса өрмелеген бір аймақта тоғай шетін бір тайпа әйел мекендепті. Қалың тоғай ішінде Ай сәулесімен бозаң нұрға боялатын бір әсем алаңқай бар екен. Сол жерде ай толған кезде пері қыздары сиқырлы биге басып,ән салады екен дейді.Пері қыздарының сезімді еліткен сиқырлы биін көруге ауыл еркектері ынтық болыпты.Алайда сол ынтық еркек кіндіктінің бірде-бірі ауылға қайтып оралмаған екен. Сан ошақтың оты сөніп, ана баласынан ,әйел жарынан айырылыпты.Ал сиқырлы елестердің биі мен әні заман ауысқан сайын әйелдер тайпасын қамықтыра түскен екен.Күндердің бір күнінде тағдырына налыған әйел  талай елдің бауыр еті баласы мен сүйген жарын жұтқан қайың-талды тоғайға өрт қойыпты. Апталап,айлап жанған өрт ну тоғайды тып-типыл етіпті дейді.Әйелдер тайпасы да өртпен қоса жоғалып,тарих қойнауына сіңген екен. Міне,ақын Стамбеков жырлаған бұл аңызды қазақтың ең ежелгі матриархат дәуірінен елес беретін  әпсана деуімізге әбден болады.Этнографияда айтылатын «орман» -ең ежелгі терімшілік дәуірдің символикалық бейнесі іспеттес, «әйелдер тайпасы»-сол терімшілік дәуірдегі матриархаттық қауым десек,еркек кіндіктінің орманға сіңіп кетуі- әйелдер қауымының үстемдігі,ерлердің табиғат алдындағы әлі де дәрменсіздігі паш етілгендей.

Ертек дейді,

Ел оны аңыз дейді.

Шындықтан да күдерін сәл үзбепті.

Ақиқатты аңсаған аталардай

Аңыздан да керемет мән іздепті,-дейді ақын.

Балқаш жағалауында сыңсып ән салатын тораңғы тоғайын да ақын сиқырлы сезіммен  мөлдірете жырлайды:

Тораңғының тоғайы бір әуенге көміліп,

Түнде көктен маржандар тұрады екен көміліп.

Жағадағы жартасқа оянады соғылып,-деп сөзбен көркем сурет салған ақын тораңғы тоғайының ғажайып сиқырлы да сүйкімді  сыңсыған әнін әдемі әуенмен жырға қосады. Бұл өлеңдерінен байқағанымыздай,Дәуітәлі Стамбеков-өз елін, жерін жанындай сүйген патриот ақын.Қазақ даласының әрбір тауы мен тасын,өзені мен көлін,сайын даласын жүрегі елжірей жырға қосады.

Аяжан Мадибекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға