Жаңалықтар

Әкімдік астаналықтарды бір сағатқа жарықты сөндіруге шақырды

Әкімдік астаналықтарды бір сағатқа жарықты сөндіруге шақырды
Фото: © Pixabay.com 11.03.2024 14:53 558

Астанада 23 наурыз күні «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтеді. Іс-шара жыл сайын Астана тұрғындары тарапынан қолдау табады. Бұл туралы Астана әкімдігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Жер сағаты» акциясы 23 наурыз күні сағат 20:30-дан 21.30-ға дейін өткізіледі. Астаналықтар ғаламшардың болашағына бей-жай қарамай, аталған уақытта жарық пен тұрмыстық электр құралдарын өшіріп, маңызды акцияға атсалысуға шақырылады.

«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қамқорлығымен жыл сайынғы халықаралық өткізілетін оқиға, оған бүкіл әлемнен 2 млрд-тан астам адам қатысады. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.

Астанада мемлекеттік органдармен және ведомстволық бағынысты ұйымдармен қатар акцияны сауда-ойын-сауық орталықтары, ірі спорт кешендері мен бизнес субъектілері қолдайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға