Жаңалықтар

Академик Уәлихан Қалижан 75 жасқа толды

Академик Уәлихан Қалижан 75 жасқа толды
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 03.06.2023 18:18 1872

Бүгін Алматы қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Уәлихан Қалижанның 75 жасқа толуына орай «Қаламгер, қайраткер, саясаткер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық университеттің «Әл-Фараби» ғылыми кітапханасында өткен шараға мерейтой иесінің замандастары, түрлі саладағы әріптестері және студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Соңғы уақытта Farabi University-де үлгілі үрдіс, дәрежелі дәстүр қалыптасты. Қазақ білім-ғылымының қарашаңырағы бұл оқу ордасында тұлғалы түлектерін қуана қарсы алып, маңдайынан сипап, арқасынан қағып, құшағына басып, төрге шығарып, құрмет көрсету үздіксіз жүріп жатыр. Бүгін де университет төріне тағы бір айтулы түлегі келіп, ортасын толтырды.

Салтанатты жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ректоры-Басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, ұжымның атынан мерейтой иесіне зерлі шапан жауып, кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» алтын медалін тағып құрмет көрсетті.

Академик Уәлихан Қалижан 75 жасқа толды

Уалихан Қалижанұлының 75 жас мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев пен ҚР Премьер-министрі Ә.А. Смаиловтың ақжарма құттықтауларын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы келіп табыстап, өз атынан иығына шапан жапты.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Е.Ж. Қошановтың құттықтауын білгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев, 

Алматы қаласының әкімі Е.Ә. Досаевтың құттықтау сөзі мен арнайы сыйлығын қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстады.
Сондай толассыз келген құттықтаулардың бірін: «...Сіздің толымды толғаныстарыңызды атап айтуға болады. Осы орайда Сіздің көптеген марапаттарыңыз, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан білдірілген айырықша құрмет деп білемін. Құрметті Уәлихан Қалижанұлы, осынау салтантатты сәтте бойыңызға мұқалмас ерік-жігер, шығармашылық толағай табыстар, отбасыңызға ортаймас бақ, ырыс тілейміз. Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын» - деп, ҚР Ұлттық инжерелік академиясы атынан академик Бақытжан Жұмағұлов жолдады.

Ақын, публицист, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбаев мерейтой иесін құттықтай келе, «Белгілі қаламгер, зерделі ғалым, зейінді әдебиеттанушы, абыройлы академик Уәлихан Қалижанұлын ең алғаш рет сол кездегі С.М. Киров атындағы ҚазМУ-да «Шағала» атты қабырға газетінен көріп едім. Сонда ол өздерінің қатарластарын күреске баулып, «өмір деген күрес, сол күреске түсіңдер, қорықпаңдар» деп шақырған болатын. Міне, сол кезден бастап, біз Уәлекеңнен көз жазбай қарап отырдық» - дей келе үзеңгілес ағасының өмір жолына қысқаша шолу жасады. 

Сонымен қатар, Өтеген Оралбайұлы қарымды қаламгердің өмірлік белестерін айта келе, «Оның елшіл, ұлтшыл, отаншыл қасиеттері қай кезде көрінді десек, оның «Лениншіл жас» газетін басқарып тұрғанда әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезіндегі ұлттық ұстанымы еске түседі. 
Ол өте маңызды, принципті мәселелерде, қазақ тілін қызғыштай қорғаған кезде, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе береміз деп «Лад» славян қоғалысымен күресте, қоғамды әлі танып-біле қоймайтын әлсіз жандарды жоғары қызметтерге қоюға қарсылық танытуда әрқашан өзінің ұстанымын білдіріп отырды» - деп, Уәлихан Қалижанұлының қайраткерлігіне де тоқталып өтті.
  
Айта кетейік, Уәлихан Қалижанның мерейтойына арналған шарада Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев модераторлық етті. Мерейтой аясында кітапхана фойесінде жазушы, журналистің шығармашылығына арналған кітаптар мен газет тігінділерінен арнайы көрме де ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға