Жаңалықтар

Академик Әбдімәлік Нысанбайұлы дүниеден озды

Академик Әбдімәлік Нысанбайұлы дүниеден озды
Фото: aq-qara.kz 21.02.2023 17:52 779

Академик Әбдімәлік Нысанбайұлы дүниеден озды, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мәлімдеді.

2023 жылы 21 ақпанда 86 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев дүниеден озды.
Әбдімәлік Нысанбайұлы 1937 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1961 жылдары КСРО Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтында аға лаборант, 1961-1976 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылым философиясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі болды.

1990 жылдан 2010 жылға дейін Философия және құқық институтының (қазіргі Философия және саясаттану институты) директоры болды. Сонымен қатар 1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакторы қызметін қоса атқарды.
Нысанбаевтың негізгі зерттеу еңбектері диалектика және таным теориясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындады. Нысанбаев 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік еңбектер, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазған. Бірқатар еңбектері 25 шет тілінде жарық көрген.
Философия, мәдениеттану, саясаттану, социология ғылымдары бойынша 65 ғылым докторын, 100-ден астам ғылым кандидатын білікті маман ретінде дайындады. Олардың ішінде отандастарымыздан басқа Ресейдің, Түркияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның азаматтары да бар. Осылай халықтар арасындағы байланыс негізінен ғылым мен білім, мәдениет пен рухани салада өрбуінде ғалымның еңбегі зор.
Ғылымдағы еңбегі үшін Қазақстанның және Түркияның Мемлекеттік сыйлықтарын, ҚР Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын алды. «Отан», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 2005 жылы «Философ Нысанбаев» атты деректі фильм жарық көрді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға