Депутат балықшылардың жанайқайын жеткізді

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов су ресурстары және ирригация министрі мен Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының әкімдеріне балық шаруашылығы саласының өкілдері мен ғылыми қауымдастық және өңірлік су пайдаланушылардың өтінішін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат балық шаруашылығын тұрақты дамытуға кедергі келтіретін 7 институционалдық және инфрақұрылымдық мәселелерді атап өтті.
Бірінші мәселе – ол көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығына бақылаудың жеткіліксіздігі. Көптеген су нысаны көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын жүргізгенімен, өзіне тиісті міндеттемелерді толық орындамайды. Бұл бюджеттік субсидияларды мақсатсыз пайдалану және экологиялық нормалардың бұзылу қаупін тудырады, - деді депутат.
Ол осыған байланысты ұсыныстарын да жеткізді:
- көлдедерде тауарлы балық өсіру шаруашылығы мәртебесі бар барлық су қоймаларын табиғат қорғау, санитарлық және шаруашылық нормативтердің орындалуы бойынша жүйелі түрде бақылау қажет деп есептейміз.
- Су және ирригация министрлігі мен тиісті ведомстволардың ақпараттық жүйелері біріктірілген су қоймалары мен балық қорларының жай-күйіне қатысты деректердің цифрлық есепке алу жүйесін енгізу керек.
Сонымен қатар гидротехникалық инфрақұрылым жағдайы да көңіл көншітпейтінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, көптеген гидротехникалық құрылыстар техникалық регламенттерге сәйкес келмейді, бұл өз кезегінде су пайдаланушылардың қауіпсіздігіне және су қоймаларының өнімділігіне қауіп төндіреді.
Осы орайда мынадай ұсыныстар жасады:
- көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығы бар су қоймаларындағы шлюздер, бөгеттер, су ағызғыштар, қорғаныш торлар мен каналдар сияқты құрылыстардың техникалық түгендеуін жүргізу аса маңызды;
- апатты жағдайдағы объектілерді жоспарлы реконструкциялау тәртібін бекітіп, мемлекеттік қаржыландыру тетіктерін қарастыру қажет.
Сондай-ақ жабайы браконьерлік әдістер де толастамай тұрғаны сөз болды.
Электрмен балық аулау әдісі балық популяциясына ерекше қауіп төндіруде. Тыйым салынғанына қарамастан, оны қолдану тәжірибесі жалғасуда. Бұл проблеманы шешу үшін электроқұралдарды қолдануды табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзу ретінде бағалап, қылмыстық жауапкершілікті енгізу және күшейту ұсынылады, - деді депутат.
Бұдан бөлек балық тұқымын өсіруде де проблемалар бары айтылды.
Балық тұқымын өсіруді дамыту – импортты алмастырудың басты тетігі. Отандық балық шаруашылығы қолжетімді және сапалы отырғызу материалына өте мұқтаж. Асылтұқымды база іс жүзінде жоқ. Бұл мәселені шешу үшін – мемлекеттің қолдауы мен ірі көлдер мен су қоймаларының базасында тұқым өсіру бойынша асылтұқымды шаруашылықтар желісін құруды ұйымдастыру және тауарлы балық шаруашылығы көлдеріне отандық селекциядағы балық жіберу шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетіктерін қарастыру керек деп есептейміз, - деп қосты мәжілісмен.
Бұдан бөлек су тарту құрылғыларына балық қорғау құрылғыларын орнату міндеттілігі мәселесін де көтерді.
Су кодексінің 88-бабы мен «Жануарлар дүниесін қорғау туралы» Заңға сәйкес, балық қорғау құрылғыларынсыз cу тарту және ағызу құрылыстарын пайдалануға беруге тыйым салынады. Алайда бұл талаптар ісжүзінде орындалмай жатыр, - деді Саурықов.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты су нысандарында барлық су тарту және су ағызу құрылыстарына балық қорғау құрылғыларын орнатуды міндеттеуді қамтамасыз ету қажет деп санайды, бұл әсіресе Жамбыл, Алматы және Түркістан облысындағы көлдердің құрылыстарына қатысты айтылып отыр.
Алтыншы мәселе – инвестициялық жобаларға қатысты. Депутаттың сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалар мәртебесі 150 000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінен кем емес инвестиция болғанда ғана беріледі.
Бұл шек, біздің ойымызша, экономикалық тұрғыдан негізсіз болып табылады, жалпы инвестиция ағынын тежейді және отандық инвесторлар үшін шектен тыс жоғары талап болып есептеледі. Осыған байланысты ұсыныс – жобалардың санаты мен өңірлік маңызын ескере отырып, инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарды сараланған тәртіппен қайта қарау қажет деп есептейміз, - дегенді алға тартты ол.
Сондай-ақ балық аулау орны туралы анықтама беру рәсімін нақтылау да өзекті.
Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама беру барысында құқықтық алшақтық пен әкімшілік кедергілер туындауда. Ұсыныс - балық жіберу және мелиорация жөніндегі комиссиялық актілерге негізделген нақты талаптарды енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету рәсімін жаңарту қажет, - деді депутат.
