Аида Балаева: Журналистер мен блогерлердің заңды қызметіне шектеу қойылмауы тиіс

Аида Балаева: Журналистер мен блогерлердің заңды қызметіне шектеу қойылмауы тиіс
Фото: El.kz архиві

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистер мен блогерлердің қызметіне қатысты туындаған мәселелерге түсініктеме берді.

Министр журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз кәсіби қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті.

Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізіп, ақпарат тарата алады.

Сонымен қатар журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз де түсірілім жүргізе алатын заңда көзделген үш жағдай бар.

Біріншіден, адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық және мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса, оны түсіруге болады.

Екіншіден, таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болса немесе ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда келісім талап етілмейді.

Үшіншіден, адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болған жағдайда да түсірілім жасауға мүмкіндік бар.

Аида Балаева соңғы уақытта бірқатар БАҚ өкілдерінің, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпарат тарағанын да айтты.

Оның сөзінше, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етеді.

Министрлік әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде БАҚ пен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайтынын айтты.

Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес, – деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл Мәдениет және ақпарат министрлігінің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді.

Министрлік масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін атап өтті.

Аида Балаева сөз бостандығы журналистер мен блогерлерге ақпарат тарату құқығын бергенімен, бұл құқық ақпараттың анықтығы мен заң талаптарын сақтау жауапкершілігімен қатар жүретінін айтты.

Оның пікірінше, заң алдында адамның лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең.

Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді, – деді министр.

Осы тұрғыда ол «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын атап өтті. Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал ақпарат тарату еркіндігі оның анықтығы мен заңдылығына жауапкершілікті де талап етеді.

Министр «Адал азамат» құндылықтарының да маңызы артып келе жатқанын айтты. Оның пайымынша, мұндай азамат өз құқықтарын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де түсініп, заңды құрметтеуі және өз әрекетіне жауап бере білуі керек.

Аида Балаева әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.

Сонымен бірге заңсыз материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың аражігін нақты ажыратудың маңызын атап өтті.

Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс, – деді ол.

Министрдің айтуынша, сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесуі азаматтардың құқықтары қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын және қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Аида Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.

Оқи отырыңыз