Жаңалықтар

Аида Балаева киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекет жасағандарға қатысты пікір білдірді

Аида Балаева киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекет жасағандарға қатысты пікір білдірді
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 18.06.2024 19:34 697

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.

БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді, - деп жазды министр.

Аида Балаева бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз екенін айтты.

Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.

Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз.

Мен медиа-процесте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.

Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз, - деп жазды Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға