Жаңалықтар

Ахмет Байтұрсынұлының үйі қалай кафеге айналды?

Ахмет Байтұрсынұлының үйі қалай кафеге айналды?
Фото: Коллаж El.kz 31.05.2023 13:07 801

Қостанайдағы Абай және Павлов көшелерінің қиылысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының үйі болған. Қазір бұл үйдің орнында кафе тұр.

Алаш қайраткері қазіргі Абай даңғылы бойындағы 145-үйде жұбайы Бәдрисафамен тұрды деген дерек бар. Оны жергілікті ахметтанушы ИбраҺим Ағытай баяндап берді.

Ахаң бұл мекенжайда 1899-1902 жылдары Қостанай педкурсында, педкласында мұғалім болып жүрген кезде тұрған екен. Бұл деректер 1996 жылы ұйымдастырылған "Ақ жол" экспедициясы барысында қайраткердің көзін көрген кісілерден алынған. Нақтысында, мұны Ахаңның туыстары — Әмірдің Назарының зайыбы Нұрзипа Жармағанбетқызы және Қасым баласы Фазылдың келіншегі Базаркүл Жүсіпқызы әңгімелеп беріпті. Әсіресе, Базаркүл: "Қостанайға саудаға келгенімізде Фазыл "Мынау Ахмет атамыздың тұрған үйі" деп айтқан еді" деген екен. Экспедиция жетекшісі, қаламгер әрі алғашқы ахметтанушы Байтұрсын Ілияс осы туралы көп ізденді. Алайда сол ғимараттың Ахмет үйі болғанын дәлелдей алмай кетті, — дейді зерттеуші.

Ибраһим Ағытайдың айтуынша, ең алғаш 1928 жылы Ыбырай Серғазин деген журналист нақ осы мекенжайды меңзеп, "бұл — Ахаң тұрған үй" деп жазған екен. Осындай айғақтарды алға тартып, Байтұрсын Ілияс бастаған ахметтанушылар 1998 жылдан бастап әкімдікке оқтын-оқтын хат жолдапты. Алайда тұрғын үйдің әуел бастан ешқандай ресми құжаты болмағандықтан, сөздерін дәлелдеп шығу қиынға соққан.

Музей-үйі ретінде сақтап қала алғанда қандай жақсы болар еді. Амал қанша, ақыры сол кездегі Корнев, Ливенцев деген қала басшылары үйді жекешелендіріп, сатып жіберді. Ондай тоңмойындарға қазақтың сөзін өткізу мүмкін де емес еді. 1999-2001 жылдары нысанды сату үшін құжаты жасалды да, ол әлдебір Иванецкий, Конецкий дейтін орыстардың иелігіне өтті. Одан кейін үйдің орнына бірінші рет "Арзуми" аталатын кафе салынғанын білемін. Кейін бәлен мәрте өзгеріп жатыр дейді ғой. Байтұрсын Ілияс бұл мәселені одан соң да жауып қоя салған жоқ. "Егемен Қазақстан", "Қазақ әдебиет" газеттеріне және облыстық "Қостанай таңы", "Біздің Қостанай" басылымдарына мақала жазды. Ұлт ұстазының мұрасын түгендеуге көп еңбегі сіңген тұлғалардың бірі — марқұм Зұлқарнай Алдамжарұлы да осыны мәселе етіп көтерді. Бірақ ақыры бұл мұратымыз орындалған жоқ, — дейді Ибраһим ақсақал.

Дәл қазір бұл жерде "Дача" аталатын кафе тұр. Ашылғандарына он жылдан асқан. Сөйтіп, шашлық пен сыраның, сауық-сайранның ордасына айналған. Мұндағы қызметшілер осы орында ұлы ұстаздың үйі болғаны тұрмақ, Ахмет Байтұрсынұлының кім екенінен де бейхабар.

Бұл нысанның соңғы 20 жылда нешінші рет өзгеріп отырғанын кім білсін. Ал ахметтанушының ендігі мақсаты — осы ғимараттың бір бүйіріне Ахаңның ескерткіш тақтасын ілу.

Иесі рұқсат берсе, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті ме, әлде өзіміз бе — бір ескерткіш тақта орнатуға дайынбыз... Тағы бір тындырылуы керек іс бар. Қаланың қақ ортасында кезінде Ахаң қызмет еткен 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінің ғимараты тұр. Қазір мұнда көркемсурет орталығы орналасқан. Соның қабырғасына ілінген ескерткіш тақтадағы Ахаң туралы мәлімет өшіріліп қалған. Былтыр осы мәселені айта барғанымда директоры рұқсат бермейтінін айтты. Биыл рухани көсемнің мерейтойы қарсаңында қасармай, келісімін беріп қалатын шығар, — дейді Ахаң жоғын жоқтаушы қарт.

Таяуда ахметтанушы бір топ ғалым-зерттеушімен Ахмет жүрген ізбен Орынбор, Омбы, Том, Тройцкі, Баку, Архангел, Ташкент секілді бірнеше қалаға ғылыми экспедицияға шыққалы отыр. Ол осы сапардан Алаш қайраткерінің Қостанайда өмір сүрген, еңбек еткен жылдарындағы мұрағат деректері табылып, зор олжамен оралармыз деген үмітте.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға