Жаңалықтар

Аграрлық елдер мұнайлы елдерді шаң қаптыруы мүмкін

Аграрлық елдер  мұнайлы елдерді шаң қаптыруы мүмкін
Фото: © Pixabay.com 25.05.2023 15:20 1899

Соңғы жылдар геосаяси сілкіністерге, дүмпулерге әкеп соққан әлем үшін ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Көшеде электромобильдердің көбеюі, ірі автомобиль өндірушілердің жаппай электр қуатымен қозғалатын көліктерге ден қойып, жаңа жобаларды қолға ала бастауы мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанынан хабар беретіндей. Бұл да ұзақ уақыт мұнайдан түскен долларға арқа сүйеген Қазақстанның экономикасы үшін дабыл десек те артық айтқандық емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген отыз жылғы ұстанымның ұзаққа апармағанын көріп отырмыз. Бұған бүгін тап келген экономикалық түйткілдердің өзі дәлел. Қаңтар оқиғасына себеп болған толқулардың бір ұшы осында жатыр. Сондықтан мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық өзгерістерге, саяси реформаларға, әлемдік нарыққа апаратын жаңа жолдарды іздестіруге бастама көтеріп, оны жүзеге асыруға білек сыбанып кірісті. Мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, өткеннен сабақ алу, барымызды бағалап, кемшіліктерді түзеу, болашаққа бағдар жасау.

Ұлы өзгерістер ұлттық келісім арқылы жасалады. Сондықтан Ақорда Конституциялық реформалардың халықтық қатысуымен өтуі тиіс деп есептеді. Былтыр 5 маусымда референдум кезінде дауыс берушілер өз таңдауын жасады. Осының арқасында Қазақстанда заман талабына сәйкес келетін саяси жүйе қалыптасты. Парламенттің рөлі, үкіметтің жауапкершілігі күшейтілді. Мәслихаттардың құзыры кеңейді.

Ең бастысы – билік құрамы жаңарды. Екшелді. Сүзгіден өтті. Осы жаңа өзгерістердің аясында Президент сайлауы, парламент сайлауы өтіп, «Жаңа Қазақстан» өзінің легитимділігін бекіте түсті. Бұл сайлау жаңа леппен өтті. Ілгерілеу бар екенін халықаралық бақылаушылардың өзі мойындады. Сайлау өткізу процедурасы, ашықтығы және басқа да қырларынан оңды өзгерістердің болғаны айқын көрінді.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда реформа жасалып, өзгеріс болмайтыны бесенеден белгілі. Жақсы жұмыс істеп тұрған жүйені өзгертіп, кім не ұтпақ? Қасым-Жомарт Тоқаев бір адамның тым ұзақ жыл ел басқару дұрыс емес екенін жақсы сезінеді. Сондықтан да ел тізгінін бір адам бір мәрте ғана ұстайтындай шектеу қойды. Басқару мерзімінің жеті жылға созып, қолға алынған бағдарламаларды аяқтауға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа Мәжіліске артылатын жүк те ауыр. Алдында осы реформаларға сәйкес келетін, заманауи, мүлтіксіз, жаңашыл заңдарды қабылдау міндеті тұр.

Ең бастысы, ел өзгерді, елдің бағыты демократияға қарай бет түзеді. Бұл – анық нәрсе, - дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым саяси реформалардың бір сөзбен түйіндеп. 

Десе де, атқарылатын шаруа әлі алда. Тоқмейілсуге ертерек. Бұл қадамдар – түбегейлі реформалардың алғашқы баспалдағы ғана. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылдан аса уақыттан бері реформалардың нобайын жария етіп келеді. Енді әр жолдауында, әр сөзінде айтқан мәселелер жүйеленуі тиіс. Бүтін бір бағдарламаға өзек болып тұр. Жаңа өзгерістердің рухына сай келетін жаңа заңдар қабылданып, ескілері түзетіледі.

Ауыз толтырып айтуға тұратын жайттардың бірі, осы реформалардың арқасында орталықсыздандыру үдерісіне жол ашылды. Бұдан былай аймақтардың құзыры арта түспек. Облыстың, қалалардың, аудан, тіпті ауылдардың деңгейінде де.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру оңай шаруа емес екені баршаға аян. Парламенттің алдағы міндеті –  талай айтыс пен тартысқа түрткі болатын жергілікті өзін-өзі басқару заңын мінсіз етіп қабылдауы тиіс. Сондықтан аудан, қала әкімдерін сайлау, олардың арасындағы қарым-қатынасты реттеу, қайшылықтарға жол бермеу мәселелері заңмен шегеленуі қажет.

Биыл жер-жерде ауылдық округтардың да әкімдері сайланды. Бұл науқанның жергілікті халық үшін орны ерекше. Сайланған әкім халықтың көңілінен шығуға, елдің пікірімен есептесуге бейіл. Жарияланған саяси реформаларды, елді демократияландыру ісін қолға алу – жергілікті-өзін өзі басқару жүйесінсіз мүмкін емес нәрсе.

Ең өзекті мәселенің бірі – жергілікті бюджет, анығы, оның түбінің тесіктігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаражаттың бір бөлігін жергілікті жерлерге қалдыру бастамасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл мәселесіне мемлекет басшысының баса назар аударуы бекер емес.

Ауыл мәсеселесі – жер мәселесі деген сөз. Қазірдің өзінде аузы дуалы сарапшылар: «Азық-түлік – ХХІ ғасырдың мұнайы» деп болжам айта бастады. Таяуда ғана адамзат 8 миллиардтық межеден асып жығылды. Аграрлық елдер бұрын өзін қор сезініп келсе, енді жағдай мүлде басқа арнаға өзгеруі мүмкін. Аграрлық елдер  ертең мұнайлы елдерді шаң қаптыруы әбден мүмкін. Сол себепті де, аграрлық саясатты күшейту – болашақтағы бай тұрмыстың кепілі. Тоқаев реформаларының мәні осында жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға