«Әділетті қоғамға шыншыл сөз»: Тоқаевтың таңдаулы ойлары кітап болып шықты

«Әділетті қоғамға шыншыл сөз»: Тоқаевтың таңдаулы ойлары кітап болып шықты
Фото: facebook.com/arman.k.yryk.baev.2025

Қазақстанда «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітап жарық көрді. Жинаққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы ой-тұжырымдары мен қанатты сөздері енгізілген.

Басылым 1994 жылғы архивтік материалдардан бастап Мемлекет басшысының кейінгі жылдардағы сөйлеген сөздеріне дейінгі отыз жылдан астам кезеңді қамтиды. Кітапқа Президенттің Қазақстандағы және беделді халықаралық алаңдарда айтқан негізгі тезистері мен маңызды мәлімдемелері топтастырылған.

Жинақ материалдары 21 тақырыптық бөлімге бөлінген. Онда заң үстемдігі, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, білім беру және жастар саясаты, цифрландыру, ұлттық бірегейлік, экологиялық мәдениет пен «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты маңызды бағыттар қамтылған.

Кітап Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет құру және қоғамды дамыту мәселелеріне қатысты көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсетуге мүмкіндік береді. Әр жылдары айтылған ой-пікірлер Президенттің әділеттілік, заңдылық, жауапкершілік және ұлттық бірлік қағидаттарын өз сөзінде тұрақты түрде ұстанып келе жатқанын айқындайды.

Басылым мемлекеттік қызметшілерге, оқытушыларға, студенттерге, жас мамандарға, зерттеушілерге, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі тарихы мен дамуына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.

Жақын уақытта кітаптың таралымын қоғамдық кітапханаларға, жоғары оқу орындарына, колледждерге, саяси партияларға және жастар ресурстық орталықтарына тарату жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз