Жаңалықтар

«Әділетсіздіктен шаршаған». Әскери қызметшілер неге жұмыстан кетіп жатыр?

«Әділетсіздіктен шаршаған». Әскери қызметшілер неге жұмыстан кетіп жатыр?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 27.02.2024 14:30 535

Елімізде соңғы 4 жылда Қарулы күштер қатарынан 17 мыңнан астам әскери қызметші кетіп қалған. Бұған жалақының аздығы әсер етіп отыр екен. Қорғаныс министрлігі келтірген дерек бойынша, әскери қызметшілердің орташа жалақысы – 393 605 теңге. Өткен жылы әскерилердің жалақысы 60 пайызға артса, биылғы жылдың сәуір айынан бастап 30 пайызға артады деп жоспарланған. Осы тұста El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақстандық әскерилердің жалақысына шолу жасады.

Елімізде 2005-2016 жылдар аралығында әскери қызметшілердің ақшалай үлесі «базалық лауазымдық жалақының» өсуімен бірге өсті. Министрліктің мәліметінше,  сөйтіп, 2023 жылдың 4 тоқсанындағы орташа жалақы 393 605 теңгеге жетті.

Взвод командирінің жалақысы – 231 159 теңге, рота командирі – 275 675 теңге, батальон командирі – 319 692 теңге. Қатардағы және сержанттық корпуста: оператор зеңбірекшінің ақшалай үлесі – 139 520 теңге.  Бұл әскерилердің орташа жалақысынан 2,5 есе аз. Рота сержантының айлығы – 207 355 теңге. Орташа жалақыдан 1,6 есе аз.

2023 жылы әскери қызметшілердің зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері – 171 684 теңгені құрады.

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов әскери қызметтегілердің жалақысының аздығы олардың әлеуметтік жағдайына әсер ететінін айтып отыр.

Биылдан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңге деп белгіленді. Ал Қарулы күштер қатарында келісімшартпен жүрген әскери қызметкерлердің жалақысы небәрі – 98 мың теңге, 100 мыңға да жетпейді. Еліміздегі әскерилердің орташа жалақысы 350 мың теңгеден асады. Бұл сандар бізге бағыт көрсетуі керек. Себебі, әскерилердің жалақысы артқанымен, жылда жауынгер-атқыштардың еңбекақысы баяғы көлемінде қалады.  Бір күні еліміздегі ең төменгі жалақы жауынгер-атқыштарымыздың айлығынан да асып түседі. Олардың жалақысын 4,12 коэффициентке дейін көтеру керек. Кемінде 350 мың теңге жалақы бекіту қажет.  Ал сержант, бөлімше көмандирінің еңбекақысын да дәл осы коэффицентке көтерсек, шамамен 408 мың жалақы алатын еді. Қарап отырсақ, бұл елдің орташа жалақысының көрсеткіші. Сонда еліміздің әскери әлеуеті де жоғары болады, - дейді әскери сарапшы. 

Әскери қызметтегі жалақының аздығынан соңғы 4 жылда 4 301 офицер, 12 764 келісімшартпен қызмет атқарған әскери мамандар кеткен. Бұған дейін Мәжіліс мінберінде әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды. Онда депутат Константин Авершин әскерилердің жалақысы тым аз екенін және жұмыстан тыс уақытта таксист қызметінде жүретінін айтты. Бұл ретте, әскерилердің әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге ерекше назар аударылмай жатыр. Дегенмен бұл мәселені Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов «жалпыұлттық проблемаға» жаба салды.

Ермек Сейітбатталов сонымен қатар әскер саласында әділетсіздіктің көп болатынын тілге тиек етті.

Қазақ азаматтары әділетсіздіктен шаршаған сияқты. Әскери басшылардан әділдікті күндіз шаммен іздеп таба алмайсың. Түрлі шараларға Қорғаныс министрлігі  тарапынан шығатын қаржының орнына әскерилердің жалақсынан ұстап, тіпті ақша жинайтыны да жасырын емес. Әрине, әскери қызметкерлер отбасының қажетін толықтыру үшін қосымша кіріс көздерін қарастырады. Әскери қызметтегілердің көбісі қосымша жұмыспен айналысады. Себебі, бір отбасын асырауға олардың қаржысы жетпейді. Сондықтан әскерилер әскерімізден кетіп жатыр. Мұндай жағдай сирек болса бір сәрі... Әскери қызметтен кету үрдісі осы арадан басталады деген тұжырым туады, - дейді әскери сарапшы.

Оның сөзінше, әскери қызметтен кеткендердің орны толып жатыр. Дегенмен кетушілердің қатары азайып жатқан жоқ көрінеді.

«Әскери қызметтен кеткен қызметшілердің орнына 14 311 азамат келді деп жұбатады. Тіпті, 2023 жылы кеткендердің санына қарағанда келгендердің саны 400 адамға көп деп бухгалтерлік дәлелдерді көрсетіп жатады. Дегенмен бұл жерде әскерилердің саны мен емес олардың әлеуеті мен жауынгерлік қабілетіне неге басымдық берілмейді?! Сондықтан қызметтен осынша адам келді, осыыншасы кетті деп өз-өздерін жұбату негізсіз. Әскерден тәжірибелі, осы саланың нағыз мамандары кетіп жатыр. Орнына әскери қызметтің қауқарын түсіне бермейтін келеді. Бір сөзбен айтқанда, әскери қызметтен кеткен азаматтардың орны әлі көп уақыт толмай тұрады, - дейді ол.

Әскери резерв қалай жұмыс істейді?

Бұған дейін Мәжілістің үкімет сағатында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қатысуымен өткен отырыста әскери резервке 2000 адамды алу туралы шешім қабылданды. Ерікті түрде ел тыныштығын күзеткісі келетіндерге арналға бұл заң 2025 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде іске асырылады. Оның негізінде әскерге әйел адамдарды да шақырту көзделген. Резервшілерге денсаулығы мен жас айырмашылығына байланысты шектеулер бар. Мысалы офицерлер үшін – 60 жасқа дейін. Ал сержанттар мен сарбаздарға 18-ден 50 жасқа дейінгі аралық қарастырылған. Резервшілерге қару-жарақ, жауынгерлік техника беріледі. Олар тек өз облысының аумағында ғана қызмет етеді.  

Сарапшы әскери резерв деген қызмет бұған дейін де практикада болғанын айтты. Сөзінше, жыл сайын резервке алынатын әскери қызметшілердің қатары артып жатыр.

Биыл әскери міндетті тізімінде тұрған азаматтар резервті әскери қызметтегі жауынгерлік жаттығуға қатысады. Бұған дейін, 2021 жылы – 750, 2022 жылы – 1500, 2023 жылы – 1500 азамат әскери резервке шықырылып, қатысты. Биыл 3 мың адам жазда әскери оқу-жаттығудан өтеді. Қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен геосаяси жағдайды ескере отырып, осындай резерв құру дұрыс шешім, - дейді Ермек Сейітбатталов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға