Әдемі дене ме, әлде ауыр дерт пе? Дәрігер анаболиктің қаупін түсіндірді

Әдемі дене ме, әлде ауыр дерт пе? Дәрігер анаболиктің қаупін түсіндірді
Фото: AI көмегімен жасалды

Әлеуметтік желіде бұлшықеті ірі, денесі мінсіз көрінетін адамдардың бейнесі көпшілікке мотивация болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай нәтижеге жету үшін кейбірі анаболикалық стероидтарды қолданады. Мамандардың айтуынша, бұл препараттар қысқа уақытта бұлшықет көлемін арттырғанымен, адам ағзасына ауыр зиян келтіруі мүмкін.

Өз қолымен жасап алған ауру

MedRoom жобасында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Терапиялық қызмет басшысы, жоғары санатты терапевт, нефролог Айжан Сәрсенбаева анаболикалық стероидтарды бақылаусыз қолданудың ауыр зардаптары туралы ескертті. Дәрігердің пікірінше, анаболиктерді күнделікті немесе бақылаусыз қабылдау ең алдымен бауыр мен бүйрекке қауіп төндіреді.

Зерттеулер бойынша, анаболиктер бауырға зиян. Оны көп мөлшерде қабылдайтын адамдардың бауырына зақым келеді. Екіншіден, бүйректің қызметі бұзылады. Анаболик ішкеннен гломерулонефрит пайда болады, – дейді Айжан Сәрсенбаева.

Маманның сөзінше, мәселенің ең қауіпті тұсы – ағзадағы өзгерістердің көп жағдайда қайта қалпына келмеуі. Ұзақ уақыт анаболик қолданған адамның бүйрек қызметі біртіндеп нашарлап, ақырында гемодиализге тәуелді болуы мүмкін. Бұл жағдайда науқастың өз бүйрегі жұмысын тоқтатып, аптасына бірнеше рет қан тазарту процедурасынан өтуге мәжбүр болады. Дәрігер мұндай дерттердің тұқым қуалайтын немесе туа біткен ауру емес, адамның өз әрекетінен туындайтынын айтады.

Фото: © New Africa/ Shutterstock/ FOTODOM
Фото: © New Africa/ Shutterstock/ FOTODOM

Психикаға да әсер етеді

Маман әлеуметтік желілердегі бодибилдерлердің өмір жолына назар аударсаңыз, анаболиктің салдарын өз көзіңізбен көруге болатынын жеткізді. Оның пікірінше, кәсіби спортшылар жарысқа дайындалу үшін мұндай препараттарды саналы түрде қолдануы мүмкін. Алайда қарапайым адамдар үшін бұлшықет көлемін шамадан тыс ұлғайтудың қажеттілігі жоқ.

Негізі денсаулық үшін үлкен бұлшықеттің қажеті жоқ. Денсаулық үшін мықты бұлшықет керек. Өмірін спортқа арнап, чемпионатқа қатысатын адамдар саналы түрде анаболик ішеді. Ал қарапайым адамдарға үлкен бұлшықеттің не қажеті бар? – дейді нефролог.

Анаболиктердің зияны тек ішкі ағзалармен шектелмейді. Олар адамның психикалық жағдайына да әсер етеді. Ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, эмоционалдық тұрақсыздық секілді мәселелер жиі кездеседі. Ал сапалы ұйқы ағзаның қалпына келуіне тікелей ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Ұйқының жеткіліксіз болуы түрлі созылмалы аурулардың қаупін арттырып, өмір сүру ұзақтығына да кері әсер етуі мүмкін.

Бедеулікке алып келеді

Сонымен қатар анаболикалық стероидтар гормондық жүйенің тепе-теңдігін бұзады. Ер адамдарда табиғи тестостерон деңгейі төмендеп, аталық бездердің атрофиясы мен бедеулікке дейін алып келуі ықтимал. Ал әйелдерде ерлер гормонының шамадан тыс көбеюі гормондық жүйеге кері әсер етіп, денсаулыққа елеулі зиян тигізеді.

Бұдан бөлек, анаболиктер жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Кей жағдайларда жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалуына дейін жеткізуі мүмкін.

Анаболиктерсіз де әдемі мүсін жасауға болады. Анаболикті бүгін ішсең бұлшықетің ұлғаяды. Бірақ қабылдауды тоқтатсаң немесе сатып алуға мүмкіндік болмаса, қайта кішірейеді. Егер оны біреуге әсер ету үшін жасаса, оның жасанды екенін бәрі біледі. Сондықтан жастарға денсаулықтың қадірін біліңдер деп айтқым келеді, – дейді Айжан Сәрсенбаева.

Дәрігердің пікірінше, спорттың басты мақсаты – сыртқы келбеттен бұрын денсаулықты нығайту. Дұрыс тамақтану, жүйелі жаттығу және жеткілікті демалыс арқылы да күшті әрі сымбатты дене қалыптастыруға болады. Ал анаболиктер қысқа мерзімді нәтиже бергенімен, оның салдары өмір бойына жалғасуы мүмкін.

Оқи отырыңыз