Жаңалықтар

Адамзаттың ортақ мүддесі үшін бірге күресуге шақырамын – Димаш Құдайберген

Адамзаттың ортақ мүддесі үшін бірге күресуге шақырамын – Димаш Құдайберген
Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 20.12.2022 16:04 1333

Димаш Құдайбергенов елордада өтіп жатқан Орталық Азия елдерінің медиа форумында «Бейбітшілік этикасы» сессиясына қатысып, әлемде болып жатқан соғысқа байланысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Медиа форумдағы алғы сөзін Мұхаммед Хайдар Дулатидің сөзімен бастады: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан-дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің». «Бейбітшілік – адамзаттың ең асыл құндылығы. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – дипломатия. Бір ел басқа мемлекеттің ішкі саясатын құрметтеуі және оған араласпау тиісті. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі болып отыр. Жалпы адамзатты үгіттеушілердің құйтырқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өзі амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жандарды өлімге айдап, соғыс құмарлықты тоқтатуымыз қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуміз керек? Адам өмірін адам өлтірумен құтқару ол ешқандайда құтқаруға жатпайды. Бұл тек сылтау. Соның барлығын біле тұра дінаралық, ұлтаралық келіспеушіліктер белең алып барады», - деді Димаш Құдайбергенов.

Дүниежүзінде болып жатқан ахуалы көз жұмып қарау адамгершілікке жатпайтынын айтады: «Шексіз амбициясымен өздерін ұлы санап жүрген кейбір держава басшылары басқа мемлекеттердің ішкі саясатына араласып, олардың тірлігін қалай шешу керектігіне неге араласуы керек? Олар Құдай емес қой», - деп толғауын жеткізді.

Сондай-ақ, Димаш адамзаттың ортақ мүддесі үшін бірге күресуге шақырды.

«Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Бізге не жетпейді? Сондықтан әрқашан дүрдараздыққа жол бермей, достаса алуымыз қажет. Біз бір үйдің, бір мекеннің перзентіміз. Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болсын. Ең бастысы, біздің өскелең ұрпаққа түсіндіретініміз ата-баба қанымен келген Тәуелсіздікті қорғауымыз керек. Еліміздің амандығы үшін жұмыс жасауымыз керек», - деді Димаш Құдайберген.

Осы тұста әлемдегі ахуалды айта отырып, «Бір аспан тағдыры» туындысын жиналған қауымға ұсынды. Әлемнің көптеген елінде болып, олардың мәдениеті мен шығармашылығымен танысқан әнші ретінде «жаман ұлт жоқ, жаман адам болатынына» тағы көзі жеткенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға