Жаңалықтар

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар
Фото: Vedurstofan 21.12.2023 18:30 3659

Исландияның Рейкьянес түбегінде бірнеше күшті жер сілкінісінен кейін жанартау атқылады. Жанартаудағы жарықтың ұзындығы шамамен 3,5 шақырымды құрайды, лава секундына шамамен 100-200 текше метр жылдамдықпен ағып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Исландия метеорологиялық бюросы бұл соңғы жылдардағы Рейкьянес түбегінде болған жанартау атқылауынан бірнеше есе көп екенін атап өтті. Қазан айының соңынан бері ел астанасы Рейкьявик маңындағы аймақта сейсмикалық белсенділік күшейіп, онда мыңдаған жерасты дүмпуі тіркелді.

Осы ретте, адамзат тарихындағы ең ірі жанартауларға шолу жасадық.

Ундзен тауы, 1792 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Ундзен тауы – Нагасаки қаласы маңында орналасқан белсенді стратожанартаулар тобы. Оның 1792 жылы атқылауынан 15000-нан астам адам қаза тапты. Бұл Жапониядағы ең қорқынышты жанартау апаты болып тарихта қалды. Жанартау 1990-1995 жылдар аралығында да белсенді болды, ал 1991 жылғы атқылау кезінде үш вулканологты қосқанда 43 адам қаза тапты.

Везувий тауы, б.з. 79 жылы

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Везувий тауы – Италияның Неаполь шығанағындағы стратожанартау. Ол әлемдегі ең көне жанартаудың бірі және халық тығыз орналасқан жанартау аймағы. Осы уақытқа дейін кем дегенде 50 рет атқылаған. Ең ірі атқылауы б.з. 79 жылы болды: 20 мың адам қаза тапты, Хиросиманы бомбалау кезінде бөлінген энергиядан жүз мың есе көп энергия бөлінді, Помпей, Стабия, Геркуланум және басқа да кішігірім Рим қалалары қалың күл қабатының астында қалып, ұзақ жылдар бойы өмір сүруге жарамсыз болды. Тек 1748 жылы зерттеушілер Помпей қаласының күл астында жақсы сақталғанын анықтап, сол кездегі адамдардың өмірін зерттеуге мүмкіндік алды. Егер Везувий 73 жылдағы қарқынмен қайта атқылайтын болса, онда оның айналасында тұратын үш миллион адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Невадо-дель-Руис, 1985 жыл

 

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Невадо-дель-Руис – Колумбиядағы Кальдас пен Толима шекарасында орналасқан жанартау. 1985 жылы 13 қарашада кішігірім атқылау үлкен сел ағынын тудырды. Нәтижесінде Армеро қаласы толықтай қирап, онда тұратын 29 мың адамның 20 мыңы қаза тапты. Сонымен қатар көршілес орналасқан елді мекендерде де адам шығыны болып, қаза тапқандардың жалпы саны 25 мыңға жетті. Бұл жанартауды үнемі бақылау жүргізілмегендіктен және эвакуациялау жоспарының егжей-тегжейлі әзірленбеуінен орын алды.

Мон-Пеле тауы, 1902 жыл

 

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Мон-Пеле тауы – Мартиника аралының солтүстік бөлігіндегі белсенді жанартау. Ол 1902 жылы атқылап, 20 ғасырдың ең ауыр апаты болып тарихта қалды. Себебі Сент-Пьер қаласы толығымен қирап, 30 мыңға жуық адам, яғни халықтың барлығы қаза тапты.  Қала тұрғындарынан тек екі адам аман қалды: түрменің жерасты жеке камерасында отырған тұтқын және қала шетінде тұратын етікші. Ол алған күйіктеріне қарамастан, тағы 34 жыл өмір сүрді.

Кракатау, 1883 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Кракатау – Индонезиядағы Ява мен Суматра аралының арасында орналасқан жанартау аралы. Кракатау жанартауының атқылауы 1883 жылы мамырда басталып, 1883 жылы 26 және 27 тамызда бірқатар үлкен жарылыстармен аяқталды, нәтижесінде Кракатау аралының көп бөлігі жойылды. Кракатаудағы сейсмикалық белсенділік 1884 жылдың ақпанына дейін жалғасты. Жанартау атқылауының және одан кейін туындаған цунамиден кем дегенде 36 417 адам қаза тапты, 165 қала мен елді мекен толығымен жойылды, тағы 132 қала жартылай қирады. Атқылаудың салдары Жер шарының барлық аймақтарында белгілі бір дәрежеде сезілді.

Тамбора тауы, 1815 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Тамбора тауы – Индонезияның Кіші Сунда аралдарының құрамына кіретін Сумбава аралындағы жанартау. 1815 жылы сәуірдегі атқылау вулкандық жарылыс индексі бойынша жеті деп бағаланған тарихтағы ең күшті атқылаулардың бірі болды. Атқылау кезінде 800 мегатонна тротил энергиясына тең энергия бөлінді. Салыстыру үшін, Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуаты 18 килотонды құрады. Барлық көкөніс дақылдары уланудан жойылды. Жалпы өлім саны шамамен 92000 адамды құрады, оның 12000-ы тікелей атқылаудан қаза тапты. Күл бағанасы қырық шақырымға көтеріліп, стратосфералық желмен бөлінген жанартау материалы жер бетіне жететін күн сәулесінің ағынын едәуір азайтты. Нәтижесінде «Жанартаулық қыс» пайда болды, ал 1816 жыл «Жазсыз жыл» ретінде тарихқа енді. Суық егіннің құлдырауына әкеліп соқтырды, астық бағасы он есе өсті.

Уайнапутина, 1600 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Уайнапутина – Перудің оңтүстігінде Андтың Орталық жанартау аймағында орналасқан үлкен жанартау. Қазіргі уақытта жанартаудың биіктігі шамамен 4850 м. Оның 1600 жылы 19 ақпандағы атқылауы – Оңтүстік Америка континенті тарихындағы ең ірі апат болып тіркелді және бүкіл планетада ауыр зардаптарға әкелді. Вулкандық белсенділік 6 наурызға дейін жалғасты және күшті жарылыстармен бірге жүрді. Жанартау атқылауы кезінде үлкен адам шығыны болмағанымен, атқылаудан кейін пайда болған «жанартау қысы» бүкіл әлем бойынша жүздеген мың адамның өмірін қиды.Ауаға мыңдаған тонна жанартау күлі бөлінді, ол біртіндеп бүкіл планетаға таралды, бұл жерге жеткен күн радиациясының әлсіреуіне әкеліп соқтырды, нәтижесінде ауа температурасы төмендеді. Суық толқындар Еуропаның, Азияның және Американың бөліктеріне соғылып, планетаның көптеген бөліктерінде егіннің нашарлауына және одан кейінгі ашаршылыққа әкелді. Өз кезегінде аштық көбінесе әлеуметтік күйзелістерге әкеледі.

Санторини, б.д.д. 1600 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Санторини жанартауының атқылауынан бүкіл Мино өркениеті жер бетінен жойылып кетті. Қайғылы оқиғаның нақты күнін анықтау мүмкін болмады, бірақ зерттеулер оның біздің эрамызға дейінгі 1645-1600 жылдар аралығында болғанын көрсетті. Африка мен Еуразиялық тектоникалық плиталардың соқтығысуынан күшті жер сілкінісі болып, артынан жанартау атқылаған. Атқылау басталғаннан кейін Криттегі жер магма мен күлдің қалың қабатымен жабылған. Осыдан кейін биіктігі 100 метрге дейін және жылдамдығы сағатына 200 км-ге дейін жететін үлкен цунами пайда болды және жанартауды жоюға үлгермеген нәрсені жуып тастады. Бұл атқылау туралы нақты деректер жоқ, бірақ біз ондаған мың адам қайтыс болуы мүмкін.

Лаки, 1783 жыл

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Лаки немесе Лакагигар – Исландияның оңтүстігінде орналасқан биіктігі 1725 метрлік жанартау. Оның 1783 жылы 8 айға созылған атқылауынан тек Исландия емес, солтүстік жарты шардың тұрғындары тұтастай зардап шекті. Апат нәтижесінде туындаған атмосфераның улануы мен аштық салдарынан Исландияның әрбір бесінші тұрғыны қаза тапты. Қуаты бойынша Лаки жанартауының атқылауын Кракатау немесе Тамбураның жарылысымен салыстыруға болады, дегенмен олардан айырмашылығы Лаки атмосфераға үзіліссіз улы газдарды бөліп, мыңдаған адамның баяу өлуіне себепкер болды. Бұл апат аралдың өсімдік жамылғысының көп бөлігін жойып, аралдың негізгі экспорты болған малдың шамамен 75%-ын жойды. Улы газдардан тұратын тұман Еуропа елдеріне жетіп, 1783 жылы 1 шілдеде ол Қытайда да байқалды. Келесі 2-3 жыл ішінде Солтүстік жарты шарда ауа температурасы 1,3 ºC төмендеді, бұл көптеген Еуропа елдерінде егіннің жойылуына және аштыққа әкелді. Лаки атқылауы соңғы 1000 жылдағы ең жойқын және ең үлкен көлемді лавалардың бірі ретінде тарихта қалды.

Тоба өзені, 77 мың жыл бұрын

Адамзат тарихындағы ең ірі жанартаулар

Тоба супержанартауының атқылауы – 77000 жыл бұрын Тоба көлінің орнында болған жанартау атқылауы. Бұл жердегі ең үлкен атқылау болып саналады және жанартау жарылысының болжамды индексі 8 болды. Апат жаһандық беткі температураның 3-5 градус Цельсийге төмендеуіне әкелді.

Фото: new-science.ru

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға