Еуропалық оңтүстік обсерватория Чилидегі Серро-Армазонес тауының басында Экстремалды үлкен телескоп (ELT) салып жатыр.
Бұл жоба ғарышты зерттеуде үлкен серпіліс жасап, Жерге ұқсас экзопланеталарды, алғашқы галактикаларды және аса ірі қара құрдымдарды зерттеуге жаңа мүмкіндік бермек.
Ғарышты Жерден бақылаудың басты қиындығы – атмосфера. Ауадағы турбуленттілік салдарынан жұлдыздар жыпылықтап көрініп, бейне де бұлыңғыр болады.
Осы мәселені шешу үшін ELT телескопының бес айнасының бірі (M4) икемді етіп жасалған. Ол бес мыңнан астам арнайы құрылғы арқылы секундына мың ретке дейін пішінін өзгертіп отырады.
Бұл жүйе атмосферадағы өзгерістерге лезде бейімделіп, жарық толқындарын түзетеді. Соның арқасында бұлыңғыр көрініс анық нүктеге айналады.
Ғарышты зерттеудегі жаңа деңгей
Қазіргі астрономия белгілі бір шекке жетті. Енді әрі қарай даму үшін жарық жинау қабілеті мен көру дәлдігін бірнеше есе арттыру қажет.
ELT осы міндетті шешетін құрал болмақ. Ол – адамзат тарихындағы ең ірі оптикалық телескоп.
Телескоптың негізгі айнасының диаметрі – 39 метр. Ол Чилидегі Атакама шөлінде, теңіз деңгейінен 3000 метрден астам биіктікте орнатылады. Бұл орын әдейі таңдалған: мұнда ауа құрғақ, атмосфера тұрақты, жылына 300-ден астам ашық түн болады. Бұл алыс ғарыш нысандарын бақылау үшін өте маңызды.
ELT-дің басты айырмашылығы неде?
ELT дәстүрлі телескоптардан ерекше. Ол бес айнадан тұратын жаңа жүйе қолданады. Сонымен қатар бейімделген оптика тікелей телескоп құрылымына енгізілген.
Бұл технология атмосфера әсерін нақты уақыт режимінде түзетіп, бұрын-соңды болмаған айқын суреттер алуға мүмкіндік береді. Мұндай сапа тіпті қазіргі ғарыш телескоптарына да қолжетімсіз.
Телескоптың басты мақсаты – ғаламда тіршілік бар-жоғын анықтау.
Негізгі айна біртұтас емес, 798 алтыбұрышты бөліктен тұрады. Олар бір жүйе ретінде жұмыс істейді. Бұл жоғары дәлдік ғарыштағы ең әлсіз сигналдарды да анықтауға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының бірі:
ELT бізге басқа жұлдыздардың жанындағы планеталарды табуға ғана емес, олардың атмосферасында су мен оттегінің бар-жоғын анықтауға да мүмкіндік береді, – дейді.
Телескопта HARMONI спектрографы мен MICADO камерасы сияқты заманауи құралдар орнатылады. Олар алғашқы жұлдыздардың пайда болу кезеңін зерттеуге және қара құрдымдардың маңындағы процестерді бақылауға жол ашады.
Ал METIS құралы инфрақызыл диапазонда жұмыс істеп, ғарыштағы шаң бұлттарының ар жағындағы жаңа жұлдыздар мен планеталардың қалай пайда болатынын көруге мүмкіндік береді.