«Адамдар оянбай қалудан қорқады»: реанимациядағы ажалмен арпалыс қалай өтеді?

 Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Реанимация бөлімшесінің есігі жабылған сәттен бастап, сырт көз үшін жұмбақ, мамандарға ғана мәлім арпалыс басталады. Голливуд фильмдерінде бұл сәт әдетте абыр-сабыр мен айқайға толы болып көрінеді, ал шын өмірдегі көрініс мүлдем бөлек.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Бауыржан Бабашевпен болған сұхбатта ақ халатты абзал жандардың темірдей төзімі, дәрігерлік түйсік пен «оянбай қалудан» қорқатын науқастардың ішкі үрейі туралы сөз қозғадық.

30 жылдық тәжірибесі бар маман адам өмірі қыл үстінде тұрғанда неге үнсіздік орнайтынын және медицинадағы қателікке деген көзқарастың қандай болуы керектігін ашық айтып берді.

– Голливуд біздің санамызға бір көріністі шегелеп тастады: дене тітіркенетін музыка, маңдайдан сорғалаған тер, дефибрилляторды басып қалып: «Разряд! Одан айырылып барамыз!» деп айғайлау. Бауыржан мырза, айтыңызшы, шын өмірде де бәрі солай ма?

– Әрине, өмірде де ондай сәттер болып тұрады. Кейде аяқ астынан басталған қарбалас адамды дереу жинақтап, жауапкершілікті сезінуге итермелейтіні рас. Бірақ осы салада 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан маман ретінде бір нәрсені нық айта аламын: нағыз реанимация дегеніміз ол айқай-шу емес.

Шын мәнінде, ажалмен арпалыс өте жинақы, тіпті әрбір шешім мен бұйрық анық естілетін терең үнсіздікте өтеді. Мыңдаған кезекшіліктен түйгенім, адам өмірін сезімге берілу емес, қатесіз есеп пен жұдырықтай жұмылған командалық жұмыс қана сақтап қалады. Нағыз шеберлік осы сабыр мен темірдей дайындықта. Иә, сырттай сабырлы көрінгенімізбен, әрбір реанимация жүректе өшпес із қалдырады. Сол сәттегі ішкі қобалжу мен эмоция адам баласына тән қалыпты нәрсе.

Адамдар көбіне наркоздан не болмаса, «оянбай қалудан» қорқады. Науқас ұйқыға кетер сәттің алдында оған не айтасыз?

– Негізінде, бұл кез келген адам баласына тән табиғи үрей. Мұндағы ең маңыздысы сол қорқыныштың ағзаға қалай әсер ететіні және адамның өз сезімін қаншалықты тізгіндей алуы. Сондықтан операция алдында науқаспен ашық сөйлесу, көкейдегі күдігін сейілтіп, әрбір сұрағына байыппен жауап беру – біздің басты міндетіміз. Тіпті біз науқаспен оның көңіліне сенім ұялатып, іштей тынышталсын деп ауруханаға жатпай тұрып-ақ ертерек кездесуге тырысамыз. Бұл адамға сенім ұялатып, уайымын басады.

Ал науқас операция үстеліне жатқан сол бір сындарлы сәтте мен онымен етене жақын тілдесуге көшемін. Жай ғана жағдайын, отбасы мен қызметін сұрап, арасында әзіл де қыстырып жіберемін. Бұл жердегі ең үлкен мақсат – адамның өзін жалғыз сезінбеуі. Ол өзінің сенімді қолда екенін, әрбір қас-қағым сәтті жіті бақылап отырған кәсіби мамандардың барын сезінгенде ғана жаны жай тауып, ұйқыға еркін батады.

Ауруханаларыңыздағы заманауи техника адам немесе дәрігер байқамай тұрып-ақ ағзадағы ауытқуды алдын ала анықтай ала ма?

– Иә, заманауи техниканың бүгінде белгілі бір ауытқуды ертерек байқауға мүмкіндігі мол. Бірақ мұндағы шешуші рөлді монитор емес, сол деректердің тілін тауып, дұрыс түсіндіре алатын маман атқарады. Жылдар өте келе дәрігердің бойында ерекше бір кәсіби түйсік қалыптасады. Кейде аппарат белгі беріп үлгермегеннің өзінде, бір нәрсенің дұрыс емес екенін іштей сезіп тұрасың. Мұндай қасиет тек жылдар бойғы тәжірибемен ғана келеді. Оны ешқандай оқулықтан оқып үйрену мүмкін емес. Негізі бір нәрсенің дұрыс емес екенін дер кезінде аңғарып, жауапкершілікті сезіне отырып шешім қабылдау және әрекет ету – медицинадағы ғана емес, өмірдегі ең күрделі дағдылардың бірі. Нағыз шеберлік те, адам өміріне деген адалдық та осы қабілеттен бастау алады.

Сіздерде ұзақ ойланып отыруға уақыт жоқ екенін түсінеміз. Осындай сәттерде миды дұрыс шешімді бірден қабылдауға қалай жаттықтырасыз?

– Шұғыл жағдайда жылдам әрі күрделі шешім қабылдау мінезге не интеллектіге ғана байланысты нәрсе емес. Бұл – мыңдаған сағаттық тәжірибеден, жүздеген науқастың тағдырынан, жіберілген қателік пен ұйқысыз түндерден жиналған қасиет. Сын сағат туғанда, жағдайды бірден түсінесің. Бейне бір қалың топтың ішінен ескі танысыңның жүзін көргендей әсерде боласың. Сосын әрекетке көшесің. Қажетті әрекет жолдары бейне бір санаңда дайын тұрғандай, тек сол сәтте іске қосылады.

Медицинадағы, әсіресе біздің саладағы қателіктер туралы айтқым келіп тұр. Әр қателік сапер қалдырған белгі секілді. Оған дұрыс көзқарас қажет. Уақыт тығыз, адам өмірі қыл үстінде тұрған жерде қателік кетпей тұрмайды. Бұл – біздің жұмыстың бір бөлшегі. Ең маңыздысы сол қателікті дер кезінде мойындап, одан өмірлік сабақ алу. Көбіне жазадан қорқу адамды қателікті жасыруға итермелейді, ал бұл сондай қасіреттің қайталануына соқтыратын төте жол. Сондықтан қоғамда дәрігерлік қателікке жазалаушы емес, түсіністікпен қарайтын көзқарас қалыптасуы өте маңызды. Оны себептері мен түзету жолдары бар құбылыс ретінде қабылдауымыз керек. Әрине, бұл немқұрайлық пен салғырттықты ақтау емес, оған біздің мамандықта ешқашан орын жоқ.

– Дәрігерлеріңіз кейде сөзсіз-ақ бір-бірін ұғып кете ме, әлде бәрі тек қатаң тәртіппен, нақты ережеге сай ғана атқарыла ма?

– Әрине, жұмыстың өз тәртібі, бекітілген жолы бар. Онсыз болмайды. Не істеу керек, қай кезде қандай әрекет жасалады, бәрі алдын ала айқындалған. Бірақ сонымен қатар команда ішінде өзара түсіністік деген болады. Кейде артық сөзсіз-ақ бір-бірін аңғарып, үйлесіп жұмыс істейді. Осындай үндестік жұмыстың ең маңызды бөлігі.

– Еш үміт жоқтай көрінген, бірақ кейін науқас сауығып, өз аяғымен үйіне қайтқан жағдай есіңізде ме? Сол кезде қандай күйде болдыңыз?

– Мұндай оқиғалар адамның жадында мәңгі сақталады. Ондай сәттер аз емес және әрқайсысының артында бүкіл команданың орасан зор еңбегі жатыр. Кейде өзіміз де «қалай қол жеткіздік?» деп таңғаламыз. Бұл күнделікті тиянақты жұмыс, тәртіпті сақтау және әр іске жан-тәніңмен берілудің жемісі.

Әр реаниматологтың өмірінде осындай сәттер болады. Олар адамға күш береді, жігерлендіреді және не үшін осы жолды таңдағаныңды еске салады. Ең бастысы соңына дейін берілмеуге үйретеді.

– Ауру асқынбай тұрғанда алдын алған – ең дұрыс жол. Бүгінгі медицинаның басты ұстанымы да осы. Күн сайын денсаулығына уақытында көңіл бөлмегеннің салдарын көріп жүрген маман ретінде, сіз тексеруден дер кезінде өтудің маңызын жақсы білесіз. Тексеруді кейінге шегеріп жүргендерге не айтар едіңіз?

– Тәжірибемде дер кезінде алдын алуға болатын қаншама ауыр жағдайды көрдім. Адамдар көбіне ағзаның берген кішкене ғана белгілеріне көз жұмып, жағдай асқынғанша күтіп жүре береді. Бұл білімнің таяздығы немесе қаржының жоқтығы емес. Өкінішке қарай, мұндай немқұрайлылық танытатындардың арасында медицина мамандарының өзі де аз емес. Меніңше, бұл адамның өз өміріне деген жауапкершілігі мен ішкі мәдениетіне байланысты. Memento mori (өміріңнің қадірін біл).

Егер адам дәл қазір өз денсаулығын кімге сеніп тапсыратынын білмей тұрса, сіздердің ауруханаларыңыздың қандай артықшылығын айтар едіңіз?

Менде түрлі жерде жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Аудандық ауруханаларда да, қалалық және жекеменшік клиникаларда да, елімізде де, шетелде де тәжірибе жинадым. Ал ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында 11 жылдан бері еңбек етіп келемін, оның сегіз жылдан астамы анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі ретінде өтті. Осы жылдар ішінде көз жеткізгенім, бізде науқастың қауіпсіздігі жай ғана құрғақ сөз емес. Бұл біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміздің өзегі мен басты темірқазығы. Мұндағы әрбір қабылданған шешім мен жасалған қадам ең алдымен адам өмірінің қауіпсіздігіне негізделген.

Жансақтау мен операция бөлмесінде сан түрлі күрделі жағдайларды көріп жүріп, өмірге деген көзқарасыңыз өзгерді ме? Бұл мамандық сізге адам және оның өмірге деген ұмтылысы туралы нені ұқтырды?

– Әрине, әсер етпей қоймайды. Осы жол маған өмірдің қандай осал екенін де, адамның бойында қаншалықты күш бар екенін де ұқтырды. Адам ағзасы бір қарағанда әлсіз көрінгенімен, ішінде үлкен мүмкіндік, зор төзім жатыр. Кейде ең шешуші сәтте дәл сол өмірге деген құлшыныс, ішкі жігер бәрін өзгертеді. Ал біздің міндет – сол мүмкіндікке жол ашып, адамға қайта қалыпқа келуге жағдай жасау.

Оқи отырыңыз