Адамдар бір-бірімен кездеспейтін болған – зерттеу

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Кейінгі жылдары әлемде туу көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келеді. 2023 жылы бір әйелге шаққанда орташа бала туу коэффициенті алғаш рет халық санының табиғи өсімін қамтамасыз ететін 2,1 деңгейінен төмен түсті.

Мамандар бұл үрдістің басталғанына біраз уақыт болғанын айтқанымен, оның себептері уақыт өте өзгеріп отырғанын атап өтеді.

Өткен ғасырда туу көрсеткішінің төмендеуі көбіне әйелдердің аз бала сүюімен байланысты болса, XXI ғасырда мәселе басқа сипат алды. Қазір көптеген елде адамдардың танысуы, қарым-қатынас құруы және отбасын құруы сиреп барады.

Кейбір әлеуметтанушылар бұл құбылысты смартфондардың жаппай таралуымен байланыстырады. Смартфон адамдарға әлеуметтік желілерге, стриминг платформаларына, түрлі ойын-сауыққа және басқа да цифрлық контентке тәулік бойы қол жеткізуге мүмкіндік берді. Салдарынан жастар шынайы өмірде бір-бірімен аз араласып, әлеуметтік дағдыларын бұрынғыдай дамытпайтын болған.

АҚШ-тағы Отбасыны зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Брэд Уилкокстың пікірінше, цифрлық революция жастардың әлеуметтенуіне елеулі әсер еткен.

Цифрлық революция жастардың әлеуметтік қарым-қатынасын әлсіретіп қана қоймай, олардың бір-бірінен алшақтауына да ықпал етті, – дейді сарапшы.

Алайда цифрлық дәуір смартфондар мен әлеуметтік желілермен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар кеңінен қолданыла бастады. Бүгінде көптеген адам эмоциялық қолдау алу, сырласу немесе жай ғана әңгімелесу үшін нейрожелілерге жүгінеді.

Бұрын мұндай қолдауды отбасы мүшелері, достар немесе өмірлік серіктер көрсетсе, қазір бұл рөлді жасанды интеллект ішінара атқара бастады. Нәтижесінде адамдар шынайы әлеуметтік байланыс орнатуға бұрынғыдай мұқтаждық сезінбеуі мүмкін.

Дегенмен зерттеушілер смартфондар немесе жасанды интеллект туу көрсеткішінің төмендеуіне тікелей себеп болды деп кесіп айтпайды. Олар бұл технологиялар бұрыннан бар үрдісті жылдамдатушы фактор болуы мүмкін деп есептейді.

2025 жылы Nature журналында жарияланған зерттеу табысы жоғары елдерде аналардың орташа бала саны соңғы ондаған жылда айтарлықтай өзгермегенін көрсетті. Соған қарамастан туу көрсеткіші төмендеп келеді. Бұған ана атанатын әйелдер үлесінің азаюы әсер етуде. Мұндай үрдіс тіпті дәстүрлі құндылықтары басым Сауд Арабиясы сияқты елдерде де байқалады.

Сарапшылардың айтуынша, романтикалық қарым-қатынастағы адамдардың үлесі дамыған мемлекеттерде ғана емес, дамушы елдерде де азайып келеді. Financial Times шолушысы Джон Берн-Мердок жүргізген талдау смартфондардың жаппай таралуы жалғыздықтың көбеюі және туу көрсеткішінің төмендеуімен уақыт жағынан сәйкес келгенін көрсеткен.

Әрине, мұндай сәйкестік себеп-салдарлық байланысты толық дәлелдемейді. Бірақ кейбір зерттеушілер бұл кездейсоқтық емес деп санайды.

Мысалы, Цинциннати университетінің экономистері АҚШ пен Ұлыбританиядағы 4G интернеті қолжетімді болғаннан кейінгі өзгерістерді зерттеген. Нәтижесінде жоғары жылдамдықтағы интернеттің пайда болуы жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен туу көрсеткішінің төмендеуін жеделдеткені анықталған. Ғалымдар пікірінше, жастар интернетте көбірек уақыт өткізіп, шынайы өмірде сирек кездесетін болған.

Тағы бір зерттеуде күн сайын достарымен жүзбе-жүз кездесетін адамдардың үлесі 2006 жылғы 21 пайыздан 2022 жылы 12 пайызға дейін азайғаны көрсетілген.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер мен цифрлық ойын-сауыққа тәулік бойы қолжетімділік адамдардың нақты өмірде араласуға деген қажеттілігін төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар әлеуетті серіктеске қойылатын талаптар да күрделене түскен.

Ал жасанды интеллект бұл үрдісті одан әрі күшейтуі ықтимал. Себебі чат-боттар әрдайым сөйлесуге дайын, ешқашан қарсы келмейді және кез келген тақырыпты талқылай алады. Бұл кейбір адамдардың шынайы қарым-қатынастан алыстауына әсер етуі мүмкін.

Қазір жасанды интеллект пен әлеуметтену деңгейі арасындағы байланыс толық зерттеліп болған жоқ. Дегенмен алғашқы ғылыми жұмыстар белгілі бір тәуекелдердің бар екенін көрсетеді.

2025 жылы OpenAI мен MIT зерттеушілері 981 адамды қамтыған тәжірибе жүргізген. Төрт апта бойы чат-боттарды жиі пайдаланған қатысушылар зерттеу соңында өздерін бұрынғыдан оқшау сезіне бастағанын айтқан.

Ғалымдар мұны жасанды интеллект адамдарды жалғыздыққа итермелейді деген нақты дәлел ретінде қарастырмайды. Керісінше, жалғыздық сезінетін адамдардың чат-боттарға жиі жүгінуі де мүмкін екенін ескертеді.

Соған қарамастан соңғы зерттеулерде адамдардың жасанды интеллектке романтикалық сезім білдіру жағдайлары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сауалнама нәтижесі бойынша америкалық ересектердің 19 пайызы өзін романтикалық серіктес ретінде таныстыратын жасанды интеллект жүйелерімен сөйлескенін айтқан. Оның ішінде шынайы өмірде жұбы бар адамдар да кездеседі.

Әзірге сарапшылар смартфондар мен жасанды интеллекттің туу көрсеткішіне немесе адамдардың әлеуметтенуіне нақты қаншалықты әсер ететінін біржақты айта алмайды. Өйткені жалғыздықтың артуы мен демографиялық өзгерістерге экономикалық жағдай, өмір сүру құны, тұрғын үй мәселесі, мансаптық басымдықтар сияқты көптеген фактор әсер етеді.

Дегенмен бір нәрсе анық: смартфондар мен цифрлық технологиялардың кең таралуы адамдардың қарым-қатынас жасау тәсілін түбегейлі өзгертті. Ал бұл өзгерістердің қоғам мен демографияға ұзақ мерзімді әсері әлі де зерттеліп жатыр.

Оқи отырыңыз