Жаңалықтар

Адам жанын сақтап, қаруды да ата білетін майор дәрігер

Адам жанын сақтап, қаруды да ата білетін майор дәрігер
Фото: Жеке мұрағаттан 16.06.2024 14:21 603

Дәрігер дегенде әдетте емхана мен ауруханада жұмыс істейтін мамандарды бірден елестетеміз. Алайда бұл саладан өзге бағытта да ақ халаттылардың тер төгіп жүргенін көбіне-көп ескере бермейміз. Біздің сіздерге таныстырғалы тұрған кейіпкеріміз ошақ қасы мен қызметін абыроймен қатар алып жүрген жан.

Ел қорғаған ерлердің дені сау болып, сапқа тұруына тікелей үлес қосып, әскерилердің жанын талай рет ажалдан арашалап қалған дәрігер Ләззат Сейлханқызы жайлы айтпақпыз.

Ләззат Жарасбаеваның аталған салада жүргеніне 15 жылға жуықтады. Қазіргі кезде Ұлттық ұланның  6698 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді. Ол - майор. Өмір есігін қазіргі Түркістан облысы (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы), Қызылқұм ауданы Қожатоғай ауданында ашқан.

Отбасындағы барлық балалар секілді Ләззәт та 11 сыныпты аяқтап, жоғары білім алуға Шымкент қаласына келеді. 2003 жылы Медициналық академияның 1 курсына қабылданады. 2010 жылы дәрігер мамандығын аяқтап шығады.

Бүгінде әскери бөлімдегі медицина қызметін басқарып отырған  майор Жарасбаева Ләззәт Сейілханқызының еңбек жолы 2010 жылдары сонау еліміздің мұнайлы өлкесі Атырау өңірінде басталған. Қолына дипломын алған жас дәрігерге әскери салаға қызметке ұсыныс түскенде ойланбастан келісім береді.

Ләззәт әскер қатарына келген соң жас дәрігер, жас отбасы болса да, екі жақты міндетті атқаруға құлшына кіріседі.

Алғашында жедел мақсаттағы батальонның санитарлық нұсқаушысы лауазымына тағаындалған ол сол әскери бөлімде медициналық пункттің бастығы лауазымына дейінгі қызметтерді абыроймен атқарады. 2017 жылы қызмет бабымен Алматы қаласындағы 5571 әскери бөліміне ауысады. 2 жылдан кейін ғана 2019 жылы туған жерге оралу бақыты бұйырып, шырайлы Шымкентте орналасқан 6698 әскери бөліміне келеді.

Әскерилер үшін ең маңыздысы - әрбір жауынгердің денінің сау болуы. Осыған жауапты бұл жандар қызметті күн-түн демей атқарып жүр.

Адам жанын сақтап, қаруды да ата білетін майор дәрігерЖеке мұрағаттан

Тәжірибесі бар білікті әскери дәрігер майор Жарасбаева Ләззәт Сейлханқызы:

Денесі шымыр, қарны тоқ сарбаз – дені сау, қызметке дайын сарбаз. Бұл  жауынгерлік әзірліктің де жоғары деңгейде болуына басты себеп.

Сондықтан олардың қажетті мөлшерде, әрі құнарлы тамақ жеулерін қадағалау, жыл мезгілдерімен қатар жүретін әртүрлі вирустық аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізу маңызды. Біздің басты міндетіміз ата-анасы аманат етіп тапсырған жас жауынгердің денсаулығын сақтау, - дейді.

Ләззәт әскери қызметте әскери дәрігер ғана емес, қаруды да қалт жібермей ататын мерген. Бөлім басқармасының әскери қызметшілері арасында білімі мен беделі биік офицер. Кез-келген оқу-тактикалық жаттығуларда алдына жан салмайтын бес аспап маман.

Тәжірибелік біліктілігін үнемі шыңдаудан шаршамайтын әскери дәрігер, жылына 2 рет жасақталатын оқу пунктінде жас жауынгерлердің әскери қызметке бейімделіп кетуіне барын салып қызмет етіп келеді.

Отбасында ата-анаға да қамқорлығы мен мейірімін төге білген сыйлы келін, адал жар.

Мен үшін отбасындағы татулық пен береке бәрінен қымбат. Туған өлкемізге оралғалы жолдасымның ата-анасымен бірге шаңырақта тұрып келеміз. Ол кісілерге үлкен алғысымды айтып жүремін. Мен қызметтен шаршап, қиналған кезде демеу болып, ұл-қызыма тәлімді тәрбие беріп келеді. Қызметтен қалт еткен демалыста олардың көңілін аулап, келіндік міндетімді атқаруға тырысамын. Жақсы келін, білікті маман, білімді офицер болуыма қолдау көрсеткен осы жандар болатын, - дейді майор дәрігер.

Елімізде маусым айының екінші демалысында тойланатын ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында аталған сала қызметкерлерін мерекемен құттықтаймыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға