Жаңалықтар

Адам саудасы табыс көзіне айналды

Жыл басынан бері 76 қылмыстың беті ашылды
Адам саудасы табыс көзіне айналды
Фото: aikyn.kz 11.11.2022 11:24 2168

ХХI ғасырда құлдықта жүргендер өте көп. Бұған осы криминалдық бизнестен мол пайда табатыны себеп. Расында адам саудасы табыс көзі ретінде жаһандық мәселенің біріне айналды.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов адам саудасы табыс көзіне айналғанын растайды.

«Күнделікті қызметте адам саудасына жыныстық пайдалану және еңбекті қанау, асырап алуға беру үшін жаңа туған баланы және адам органын сату, қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыс түрлері кездеседі. Адам саудасымен айналысатындардың мақсаты – материалдық тұрғыда баю. Алаяқтықтан зорлық-зомбылыққа дейін құрбандарға әсер етудің әртүрлі тәсілдері мен құралын қолданады», – дейді департамент басшысы.

Ішкі істер министрлігі жыл басынан адам саудасына байланысты 76 қылмыстың бетін ашты. Соның ішінде, жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – 5, кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін – 9, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені үшін – 7, адам саудасы үшін – 14, притон ұйымдастырғаны үшін – 41 істі анықтады.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерледі. Олар ұзақ уақыттан бері Шымкент, Тараз және Түркістан қаласында жыныстық пайдалану мақсатында қыздарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сатумен айналысқаны белгілі болды.

Тергеу барысында жас қыздар Қазақстанның әр қаласынан танысы мен «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы жұмысқа қабылданғаны анықталды. Қылмыстық топ қыздарға жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынады.

Кейін құжатын алу арқылы жезөкшелікке тартып, қаланың жалдамалы пәтерінде, саунада және қонақ үйде саудаланады. Түскен табысты өздері алып, бағынбаған жағдайда зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы, айыппұл және есірткіні қолдануға мәжбүрледі.

Бүгінде бұл факт бойынша ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу, адам саудасы, кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жеңгетайлық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Күдіктілер ұсталып, қамауда отыр.

Тағы бір мысал, қазан айында ІІМ алдын ала жедел тексеру қызметі жезөкшелік пен жеңгетайлықпен айналысу үшін притонды ұйымдастыру мен ұстауда 7 адамнан тұратын ұйымдасқан топты анықтады.

Ерлі-зайыптылар табыс табу мақсатында қонақ үй кешенін жалға алып, жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастырғаны анықталды. Қыздарды олар ұзақ уақыт ұстау үшін құл ретінде пайдаланады. Тексеру нәтижесінде Оңтүстік пен Өзбекстаннан келген 10 қыз екені белгілі болды.

Осы факт бойынша ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Күдіктілер ұсталып, төртеуі қамауда және үшеуіне қатысты шара қолданды.

Бала саудасы

Халықтың әлеуметтік осал тобы бұл жағдайға жиі ұшырайды. Көбісінде жаңа туған жас баланы, адам органын сатумен айналысатындардың басында несиесі барлар.

Екіншіден, адам саудасының құрбанына айналуы ақпараттың болмауы, құқықтық сауатсыздық, интернет ықпалы, жеңіл ақша және әдемі өмірді іздеу мен шетелдіктердің заңсыз айла-тәсілінің де ықпалы бар.

Тамыз айында Алматы қаласында полиция қызметкерлері заңсыз бала асырап алу мақсатында жаңа туған баланы сату фактісін анықтады.

Қылмысты анықтай келе, АХАЖ қызметкері баласынан бас тартқысы келетін жүкті әйел мен бала асырап алғысы келетін отбасылық жұпты іздеумен айналысып, баланың туу туралы жалған куәлігін дайындаумен айналысып келген. Қазақстанның әр қаласында осындай факті көп.

Адам саудасына қарсы күрес

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу және қарсы күрес жөнінде үкіметтік жоспар дайындалып, іске асырылуда.

Бүгінде осыған қатысты ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Ведомство мемлекеттік органның және халықаралық ұйымның, үкіметтік емес ұйымдардың диалог алаңы болып табылады.

Адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесін әзірлеу үшін ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде заң жобасын әзірлеуде.  Заң жобасында адам саудасы құрбанының құқығы мен міндеті, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, халықаралық ынтымақтастық негіздері, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыретін анықтау сынды тағы басқа міндеттер бар.

Аталған қылмыстар үшін қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Өзгеге сабақ

Осыдан үш ай бұрын Анельдің оқиғасы мыңдаған отандасымызға сабақ болған жоқ па?!

Лаоста алданып «тұтқында қалғанын» мәлімдеген жерлесіміз Анель Бермағанбет өзінің Instagram желісінде қытайлық компаниядан ұсыныс алып, жоғары жалақы және VIP қонақ үй люкстерімен қамтамасыз етеміз деген уәдесіне сеніп Тайландқа барғанын жазған еді. «Үлде мен бүлдеге ораймыз» деген компанияға алданған Анель Лаоста ауыр жағдайға тап болды.

Қуанышқа орай, Сыртқы істер министрлігің жедел шарасының негізінде аман-есен елге оралды. Бұл бір ғана Анельдің басындағы оқиға емес. Осындай жағдайға тап болатындардың саны артып келеді. Бұған шетелдіктердің құйтұрқы амал-айласына алданып қалатындығы себеп болуда.

Алаяқ топтар әлеуметтік желіде тәжірибесіз адамдар шетелде жұмыс істеп, қомақты ақша таба алады деп сендіреді. Жұмысқа қабылдау туралы түрлі хабарландыру жариялайды. Бұл жалған жұмысқа сенетін адамдар сол жерге барып, қылмыстық топтың барымтасына айналуда. Құлдық жұмысқа мәжбүр болады.

Мамандар кеңесі

Мұндай жағдайға тап болмас үшін мамандар мынадай кеңес береді. Құжатты бөгде адамға бермеу, жұмыс туралы күмәнді ұсыныстан бас тарту, басқа қалаға немесе елге шыққан кезде құжаттың көшірмесін туысқанға қалдырып, өзіңіздің қай жерде екеніңізді хабарлап отыру, өзіңіз баратын елдегі Қазақстанның дипломатиялық мекемелеріне байланыс дерегін қалдыру.

Еліміздің әр өңірінде адам саудасынан зардап шеккендерге тегін жәрдем беретін үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар құжатты қалпына келтіруге, уақытша тұратын баспана беруге және басқа да әлеуметтік көмек көрсетуге дайын. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға