Жаңалықтар

Адам не үшін тұтығып сөйледі және оны қалай емдейді

Адам не үшін тұтығып сөйледі және оны қалай емдейді
Фото: © Pixabay.com 12.01.2024 15:15 18377

Тұтығу (логоневроз) дегеніміз – сөйлеудің бұзылуы, дыбыстардың, буындардың, сөздердің қайталануы. Бұл балаларда да, ересектерде де кездесуі мүмкін. Мамандар қыздарға қарағанда, ұлдарда дефект 5 есе жиірек дамитынын айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, балалардың 5-10% бірнеше ай немесе бірнеш жыл тұтығып сөйлейді. Бастапқы кезеңде анықталған жағдайда заманауи медицинаның мүмкіндіктерімен 75% жағдайда тұтығуды толық емдеуге болады. Қалған 25%-ы осы дертпен өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұтығудың түрлері

Медицинада тұтығудың мынадай түрлері бар:

Невротикалық. Бұл психологиялық соққы алудың салдарынан болады: стресс, қорқыныш немесе эмоционалды күйзеліс. Негізінен 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Кейде бірнеше тілді қатар үйрену де кекештіктің дамуына түрткі болады екен. Әдетте патология толқу кезінде қатты білінеді: мысалы, мектепте тақта алдына шығып жауап беру немесе көпшілік алдында сөйлеу. Невротикалық кекештену көбіне тыныс алу артикуляциялық ауруымен қатар жүреді. Бірінші жағдайда адам ауаның жетіспеушілігін сезінсе, екіншісінде ерін бұлшықеттері мен тілдің кернеуі пайда болады.

Невроз тәріздес. Тұқым қуалаудан, жүктілік пен босанудың асқынуы кезінде пайда болады. Әдетте 3 жастан 5 жасқа дейін айқын себепсіз көрінеді. Мұндай жағдайда сөйлеудің бұзылуы тұрақты негізде болады және сыртқы факторларға еш қатысы жоқ.

Тұтығудың классификациясы да бірнеше түрге бөлінеді:

тоникалық – сөйлеу барысында жиі кідіру, сөздер мен буындарды созып айту;

клоникалық – дыбыстарды, буындар мен сөздерді бірнеше рет қайталау;

аралас – бұған дейін айтылған екеуі қатар жүреді.

Тұтығу жиілігіне байланысты үш кезеңі бар:

тұрақты – үнемі қайталанады, сыртқы жағдайға не ішкі күйзеліске қатысы жоқ;

тұрақсыз – күйзеліс не көңіл күйдің алабұртқанынан болады;

циклдік – ауық-ауық болатын құрысу.

Тұтығудың даму сатылары:

Бірінші. Адам стреске ұшырағанда тұтыға бастайды. Көбіне алғашқы сөзді не сөз тіркесін айтар кезде кідіріп қалады. Бірақ бұл айналадағы адамдарға қатты біліне бермейді.

Екінші. Тұтығу жиілігі артады, оған қимыл қосылады. Мұндайда адам сөз дефектін өзі байқайды.

Үшінші. Сөйлесу кезінде үнемі құрысу мен эмоциялық тұрақсыздық байқалады. Стресс не қорқыныш артқан жағдайда сөздер мен дыбыстарды айтуда қиындықтар туындайды. Кекештенуді азайту үшін адам күрделі сөздерді оңайына ауыстырады.

Төртінші. Адам сөйлесуге қорқады. Өз күшіңе деген сенімсіздік адамның бойындағы үрейді арттырып, ол күйзеліске әкеп соғуы мүмкін.

Тұтығуды тудыратын аурулар

эмоционалды тұрақсыздық;

вегетативті жүйке жүйесінің дисфункциясы;

бас миының жарақаты;

мидың инфекциялық зақымдануы: энцефалит, менингит, туберкулез, нейросифилис, құтыру, токсоплазмоз және тағы басқа;

ми қан айналымының бұзылуы – инсульт;

құрсақтағы баланың жүйке жүйесінің зақымдануы: жарақат, инфекция, алкогольдік сусындар, темекі шегу, кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау.

Симптомдары:

Көбіне кекештенудің алғашқы белгілері 2-4 жаста пайда болады. Патологияның басты белгісі – әріптердің, буындардың немесе сөздердің жиі қайталануы. Бала да ересек адам тәрізді жиі кідіріп, сөз тіркестері арасында үзіліс жасайды. Бірақ нақты диагноз қою үшін үш ай немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін.

Тағы мынадай белгілері бар:

сөйлесуден қашқақтау;

көңіл күйдің құлазуы, күйзеліс;

бет не желке бұлшықетінің зақымдануы;

көпшілік алдында сөйлеуден жүрексіну;

дауыс тембрінің күрт өзгеруі.

Тұтығудың ушығуының салдары:

өз-өзіңді төмен санау;

күйзеліс;

өз-өзіңе көңілің толмау;

логофобия – сөйлеу алдындағы қорқыныш;

пейрафобия – көпшілік алдында сөйлеуден қорқу;

вербофобия – кейбір сөздерді айтудан қорқу;

зияткерлік дамудың тежелуі;

білім алудағы қиындықтар;

карьерада өсудің болмауы;

өмірлік серігіңді кездестірудегі қиындықтар.

Диагностика

Тұтығуды емдеу үшін кешенді тексеру қажет. Диагнозды невролог, психолог немесе психиатр қояды.

электроэнцефалография – мидың электрлік белсенділігін өлшеу арқылы оның жұмысындағы өзгерістерді анықтайды;

эхоэнцефалография – патологиялық процестер мен құрылымдық өзгерістерді анықтау үшін миды зерттеудің ультрадыбыстық әдісі;

доплерография және реоэнцефалография – әлсіз электрлік импульстар арқылы ми тамырларын зерттеу;

Сонымен қатар компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография қолданылады. 

Алдын алу

Тұтығудың алдын алуға көмектесетін әдістер:

стресс пен психоэмоционалдық күйден өзіңді аулақ ұстау;

дұрыс тамақтану;

физикалық белсенділікке жақын болу;

жаман әдеттен аулақ болу;

басты жарақаттап алу қаупі жоғары спорт түрлерінен бас тарту;

адамның жасы мен мүмкіндіктерін еске отырып баяу, бірқалыпты зияткерлік даму.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға