Нейробиологтар талай жыл бойы адам миы туған кезде берілген нейрондармен ғана шектеледі, ал жас ұлғайған сайын олардың саны азая береді деген тұжырымға бәрімізді сендіруге тырысты.
Алайда 2026 жылдың 25 ақпанында Nature журналында жарияланған жаңа зерттеу бұл ұғымды түбегейлі жоққа шығарды. Ғалымдар адамның миы, нақтырақ айтқанда, гиппокамп аймағы өмір бойы жаңа нейрондар түзуге қабілетті екенін дәлелдеді. Ал ең маңыздысы, бұл процесс жадтың сақталуымен тікелей байланысты екен.
Зерттеуде «суперэйджерлер» деп аталатын ерекше топ қарастырылған. Бұл – жасы 80-нен асса да, есте сақтау қабілеті 20-30 жас кіші адамдармен бірдей деңгейде сақталған жандар.
Ғалымдар 38 адамның ми үлгілерін зерттеп, оларды бірнеше топқа бөлген:
- жас ересектер
- қарт, бірақ дені сау адамдар
- суперэйджерлер
- Альцгеймер ауруының бастапқы белгілері барлар
- Альцгеймер диагнозы қойылған науқастар
Нәтижеге сәйкес, суперэйджерлердің миында жаңа нейрондардың саны қарапайым қарттарға қарағанда екі есе көп, ал Альцгеймермен ауыратындардан 2,5 есе артық екені анықталған. Тіпті кей жағдайда олардың көрсеткіштері жас адамдардан да жоғары болған.
Бұл дегеніміз – олардың миы белсенді жұмыс істеп, үнемі жаңарып отырады деген сөз.
Мида жаңа нейрондар қалай пайда болады?
Ғалымдар бұл процесті «нейрогенез» деп атайды. Ол бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен бағаналы жасушалар пайда болады, олар біртіндеп нейробластарға, кейін толыққанды нейрондарға айналады. Соңында бұл жаңа жасушалар мидағы есте сақтау жүйесіне қосылады.
Зерттеу барысында 355 мыңнан астам жасуша ядросы талданып, әр кезеңдегі өзгерістер нақты анықталған. Нәтижесінде сау адамдардың миында бұл процесс өмір бойы жүретіні дәлелденді.
Ал Альцгеймер кезінде жағдай мүлде бөлек: бағаналы жасушалар бар, бірақ олар әрі қарай дамымай, тоқтап қалады. Тиісінше жаңа нейрондар түзілмейді.
Ал суперэйджерлерде бұл «конвейер» толық жұмыс істеп тұр.
Зерттеу айырмашылықтың генде емес, олардың қалай жұмыс істейтінінде, яғни эпигенетикада екенін көрсетті.
Бұл – гендердің «қосылып-өшіп» тұруын реттейтін механизм. Суперэйджерлерде гендер белсенділігі жас адамдарға ұқсас, бірақ өзіне тән ерекше реттелу жүйесі бар.
Осы жерде BDNF деп аталатын ген ерекше рөл атқарады. Ол мидағы нейрондардың өміршеңдігіне, байланыс орнатуына және жадының қалыптасуына жауап береді.
Суперэйджерлерде осы геннің белсенділігі жоғары болғандықтан, жаңа нейрондар пайда болып қана қоймай, тиімді жұмыс істейді.
Дегенмен ересек адамда нейрогенез бар ма деген сұраққа әлі толық жауап берілген жоқ. 2018 жылы кейбір ғалымдар бұл процесс жасөспірім шақтан кейін тоқтайды деген пікір айтқан. Ал жаңа зерттеу бұл тұжырымды жоққа шығарып отыр.
Сөйте тұра скептиктер әлі де нақты дәлел қажет екенін алға тартады. Себебі тірі адамның миында жаңа нейрондардың қалай пайда болатынын тікелей бақылау әзірге мүмкін емес.
Қазақстандағы жағдай
Ал Қазақстанда, ресми есеп бойынша, 2025 жылы шамамен 2 мың адамға Альцгеймер ауруы диагнозы қойылған. Бірақ деменциямен ауыратындардың нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, кейбір бағалаулар бойынша жүздеген мың адам аурудың жеңіл түрін бастан өткеруі ықтимал. Өйткені дәрігерлердіңкөбісі когнитивтік бұзылысты анықтауда және деменция диагнозын қоюда қиындық көреді, сондықтан тек ауыр жағдайлар ғана тіркеледі.
Халықаралық клиникалық тәжірибе көрсеткендей, науқастардың басым бөлігі диагноз қойылғанға дейін бірнеше жыл бойы дәрігер қарауында болмайды, ал бұл күтімнің кешенді болмауына әкеледі. Сондықтан әлемде ауруды ертерек анықтауға және пациенттерді тіркеу мен қолдауды күшейтуге басымдық берілуде.
Ми жұмысын не жақсартады?
Жануарларға жүргізілген тәжірибелер нейрогенезге әсер ететін бірнеше факторды көрсетті:
- тұрақты физикалық белсенділік
- дұрыс тамақтану
- ара-тұра ашығу
- интеллектуалдық белсенділік
- әлеуметтік орта
Суперэйджерлердің өмір салты да осыған ұқсас: олар белсенді, білімге құштар және денсаулығына мән береді.
Бұл жаңалық нені өзгертеді?
Ең маңыздысы, бұл зерттеу Альцгеймер сияқты ауруларды емдеудің жаңа жолын ашуы мүмкін.
Егер ғалымдар тоқтап қалған нейрогенез процесін қайта іске қоса алса, онда мидың есте сақтау қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік туады, тиісінше болашақта дәрі-дәрмек немесе гендік технологиялар арқылы ми «жасарып», жаңа нейрондар түзуі мүмкін.