Жаңалықтар

«Адал сайлау үшін»: Заң бұзушылық бойынша 28 факт анықталды

«Адал сайлау үшін»: Заң бұзушылық бойынша 28 факт анықталды
Фото: El.kz 28.02.2023 11:46 1221

«Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде БАҚ үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қатысушылар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың алдағы сайлауды қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруына қатысты заңнамалық жаңалықтарды түсіндірді. Сонымен қатар сайлау науқаны барысында орын алған бұзушылықтардың жекелеген кейстерін қарады.

Басқосуда «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ атқарушы директоры Әбдіқарым Ақжанов салық органдарының қызметіне тоқтала кетті.

«Салық органдары 15 күн ішінде Мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлердің декларациясына тексеріс жұмысын жүргізеді. Бүгінде өздері туралы дұрыс ақпаратты бермеген кандидаттарға Орталық сайлау комиссиялары сайлауға қатысуға рұқсат еткен жоқ. Өткен аптада аталған заң бұзушылық бойынша 28 факт анықталды. Оған қатысты шешімді Орталық сайлау комиссиялары қабылдайды», - деді Әбдіқарым Арынұлы.

Ал Орталық басшысының орынбасары Думан Жампейісов сайлауға қатысты бірқатар заң бұзушылықты байқағанын айтты.

«Біз ақпараттық кеңістікте кейбір заң бұзушылықты байқап жатырмыз. Біреуін мысалға келтіре кетер болсам, 102 бапта көрсетілгендей тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Кейбір депутаттыққа үміткерлер мерзімінен бұрын әлеуметтік желіге шығып, сайлауда дауыс беруге шақырды», - деді Думан Әбілтайұлы.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 қыркүйегінде еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Мақсаты – конституциялық реформа ережелерін жария өрісінде заң қоғамдастығымен құқықтық сүйемелдеу, оның ішінде сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға