Қазақстанның 2 мыңнан астам мектебінде оқушыларға арналған бірыңғай тәрбиелік орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие кеңістігі арнайы әзірленген брендбук негізінде мазмұндық әрі көрнекі материалдармен толықтырылып жатыр. Оның басты мақсаты – бағдарламаның құндылықтарын оқушылардың күнделікті өмірі мен мектеп ортасына барынша жақындату.
Мектептерді безендіру кезінде «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтарына ерекше мән беріледі. Сонымен қатар Жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары, «Таза Қазақстан» идеялары, ұлы тұлғалардың тағылымды сөздері, еліміздің табиғаты мен көрікті жерлерін танытатын бейнелер пайдаланылады.
Бірыңғай тәрбиелік ортаны қалыптастыру тек мектеп ғимараттарын безендірумен шектелмейді. Жоба арқылы оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік, отаншылдық, заңға құрмет және қоғам алдындағы жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру көзделген.
Сондай-ақ табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты құндылықтарды күнделікті өмір салтына айналдыруға басымдық беріледі.
Осылайша, «Адал азамат» бағдарламасы мектептегі білім беру мен тәрбие үдерісін өзара сабақтастырып, оқушылар үшін ортақ құндылықтарға негізделген бірыңғай орта қалыптастыруға бағытталып отыр.