ӘЧ-2026: Ширек финалдың соңғы жолдамасы кімге бұйырады?

ӘЧ-2026: Ширек финалдың соңғы жолдамасы кімге бұйырады?
Фото: Darrian Traynor/Getty Images

АҚШ, Канада және Мексика жасыл алаңдарында өтіп жатқан 23-ші футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жақындап қалды. Тарихта тұңғыш рет 48 команданың қатысуымен ұйымдастырылған бұл дүбірлі додада енді «кездейсоқ қонақтарға» орын жоқ. Мәселен турнирдің қожайын елдері жарыстан шығып қалды. Бүгін 104 матчтың соңғы 1/8 финалдық ойындары өтіп, Канзас-Ситиде 12 шілдеде бақ сынайтын үздік ТОП-8 құрама (ширек финалистер) толықтай анықталады.

Лионель Месси Мохамед Салахқа қарсы

«Мерседес-Бенц» стадионында өтетін бұл кездесу сырт көзге тым айқын көрінуі мүмкін. Катардағы чемпиондық атағын қорғап жатқан Аргентина («Альбиселесте») Египет деңгейіндегі ұжымдарды байқамауы тиіс еді. Бірақ Кабо-Вердемен өткен драмалық матч Лионель Скалони шәкірттерінің осал тұстарын аяусыз әшкереледі.

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Кабо-Верде құрамасының қайсарлығы аргентиналықтарды сескендіріп қана қоймай, командадағы бірқатар тактикалық шикілікті көрсетіп берді:

Шабуыл шебінің бабы төмен, себебі Лаутаро Мартинес пен Хулиан Альварес өздерінің ең үздік формасында емес.

Ди Марияның орны білінеді, өйткені Тьяго Альмадеге Анхель Ди Марияға тән жарылыс пен креатив жетіспейді.

Орталық алаңдағы және қапталдардағы осалдық. Бұл ретте Алексис Макаллистер мен Энцо Фернандес күштік күрестерде жиі жеңіліп жатса, қорғаушылар Факундо Медина мен Науэль Молина позиция жоғалтып, қарсыласқа мүмкіндік беруде.

Дегенмен Египет («Перғауындар») бұл жарыста аса жарқырап тұрған жоқ. Бүгінгі Мохамед Салахты Мессимен шендестіру қиын. Бірақ Хусам Хасан шәкірттері темірдей тәртіп пен жинақылықтың арқасында сенсация жасаудан үмітті.

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images

Колумбия – Швейцария: Тең құрамалардың текетіресі

Бұл қос құраманың әлем чемпионаттарындағы тарихы тереңде жатыр. Сонау 1994 жылы АҚШ-та өткен ӘЧ-де Колумбия швейцариялықтарды 2:0 есебімен ұтқан еді. Арада жылдар өтсе де, Нестор Лоренсо мен Мурат Якин баптайтын ұжымдардың стилінде ұқсастық көп.

Ойынның басты интригасы: Екі команданың да қорғанысы бекем, әр шепте мығым ойыншылары бар және жүйелі футбол ойнайды. Алайда «Кофешілер» (Колумбия) мен «Крестшілердің» (Швейцария) ең үлкен проблемасы – гол соғатын мүмкіндіктерді (реализация) тиімді пайдалана алмауы.

Сарапшылар бұл матчта ашық, шабуылға негізделген футбол күтудің қажеті жоқ деп есептейді. Командалардың күші тең. Кездесу тағдырын бір ғана кездейсоқ жағдай немесе пенальти сериясы шешіп кетуі әбден мүмкін.

Айта кетейік, 11 маусымда басталған ӘЧ-2026 жаңа форматы бойынша топтық кезеңнен үздік шыққан екі команда мен үшінші орын алған ең үздік 8 құрама плей-офф жолдамасын алған болатын. Енді бас жүлдеден тек 8 команда ғана үмітті.

Оқи отырыңыз