ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?

ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?
Фото: коллаж AI / El.kz

FIFA рейтингіндегі үздік төрт құрама Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Демек, кім-кіммен кездессе де, финалға бергісіз кездесу болмақ. Осы орайда футбол сарапшыларымен бірге алдағы екі матчқа болжам жасап көрдік.

Франция – Испания: бақ шаба ма, бап шаба ма?

Иә, жартылай финалдың алғашқы жұбы – Испания мен Франция құрамасы. Сарапшылардың айтуынша, Арлингтонда өтетін ойын нағыз шоу-матч болмақ. Жанкүйерлер алақанын ысқылап, түн ауғанын асыға күтіп отыр. Қызығы сол, Франция осы әлем чемпионатында қарсыластарын қалпақпен қағып алды. Сол сияқты испандарды қапы қалдыра ма, әлде Испания француздарға келгенде әдеттегідей сәтті ойнап кете ме?

Естеріңізде болса, 2024 жылы Еуропа чемпионатының жартылай финалында испандар 2:1 есебімен жеңіске жетіп, француздар кубоктен құр қалады. Ол-ол ма, биыл Ұлттар лигасының жартылай финалында Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері 5:4 есебімен жанкешті жеңіске жетеді. Осыған қарап, Франция жанкүйерлері кек алатын мүмкіндік келгенін, мынадай «сұмдық» құраммен Испанияны басып озуға болатынын айтады.

Интернеттегі осынша салыстырудан кейін Дидье Дешам да қазір жағдай да, ойыншылар да, турнир де басқа екенін баса айтты. Сондай-ақ Франция құрамасының бас бапкері финалға шығуға дайын екендерін атап өтті.

©Depositphotos/m.iacobucci.tiscali.it
©Depositphotos/m.iacobucci.tiscali.it

Жоғарыда айтқанымыздай, Франция осы Әлем біріншілігінде сенімді ойын өрнегін көрсетті. Плей-офф кезеңінде Парагвайды, кейін Марокконы жеңіп, жартылай финалға қиналмай шықты.  Испания болса плей-оффта Аустрияны оңай жеңгенімен, Португалия мен Бельгияға келгенде титықтағаны рас. Біраз күш жұмсаса да, турнирдегі тұрақты нәтижесін қайталады. Мұны сарапшылар да растап отыр.  

 Сарапшылар матч тағдырын орталық алаңдағы текетірес шешеді деп есептейді. Франция физикалық күш пен қарсы шабуылға сенсе, Испания қысқа пастар арқылы ойын тізгінін өз қолына алуға тырысады.

Жартылай финал ойындары өте тартысты өтеді деген сенімдемін. Франция – Испания жұбында француздар сәл басым. Бірақ қарсыласы – Еуропа чемпиондары. Сондықтан анық бір команданы финалға өтеді деп айту қиын. Әрине, осы ӘЧ-де француздардың шабуыл шебі бәрімізді таңғалдырып отыр. Килиан Мбаппе, Олисе, Дембеле сияқты футболшылар алтын допқа лайық екенін көрсетті. Бірақ Испания құрамасы бір-бірімен жақсы түсініседі. Өздерінің стилі бар, қалыптасқан ойын өрнегі бар команда. Сондықтан Франция – Испания жұбының мүмкіндігін 51% - 49%  деп бағалап отырмын, – дейді футбол сарапшысы Дидар Есемов.

Ал белгілі футбол комментаторы Әлімжан Асқар болса, Францияның жеңісіне сенімді.

Франция мен Испания FIFA рейтингінде 2-3 орында тұр. Франция әлем чемпионатында мінсіз ойын көрсетіп жүр. Испанияның оң қапталы шабуылға шыққанымен, орталығы мен сол қапталы әлсіз. Францияның ӘЧ-дегі жүріп өткен жолы да оңай. Ал Испания кейінгі екі ойында аздап күшін сарқып алғандай. Құрамды да, шеберлік мәселесін де алып қарасақ, Франция финалға шығады, – дейді Әлімжан Асқар.

Англия – Аргентина: кім «жаға» жыртады?

Әлем чемпионатының турнир себеті белгілі болғанда жартылай финалда Англия мен Аргентина кездесетінін ешкім ойлаған жоқ. Белгілі бір құрамалар білгенінен жаңылмағанда осы себеттегі жағдай мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін. Білеріміз, жартылай финалда Марадонаның «Құдайдың қолы», Бекхэм мен Скалонидің шайқасы деп ауыздың суы құрып айтатындай тағы бір тамаша кездесу күтіп тұр. Өйткені ер шекіспей-бекіспейтінін ескерсек, қос құрама да кері шегінуге асықпайды.

1986-ның «жырына» бірден қойып кетіппіз. Аталған құрамалардың бәсекесі сонау 1966 жылы басталған. Ширек финалда атақты Раттин Антонио алаңнан қуылып, ойыншылар қырқысып жүріп ойын ағылшындардың пайдасына шешілген. Иә, бұл – әзірге Англия құрамасының еншісіндегі жалғыз әлем кубогы.

Бұл бәсеке 1986 жылғы Марадонаның «Құдайдың қолынан» кейін тіпті күшейді. Оның іле-шала соққан шедевр голы да бұл сойқанды тоқтата алған жоқ. Одан кейін 1998 жылы ағылшындар сапынан Дэвид Бекхэм аргентиналық Симеоне «қырқысып», қызыл қағаз алады. Сөйтіп, пенальти сериясында Аргентина жеңіске жетеді.

Фото:Getty Images
Фото:Getty Images

Арада тағы төрт жыл өткенде Англия мен Аргентина топтық кезеңде түйіседі. Бұл жолы Бекхэм реванш жасап, Англияға үш ұпайын алып береді.

Міне, осындай тарихы бар, бітіспес қарсыластардың алдында жартылай финал күтіп тұр. Бұл матч кім-кімге болсын оңай болмайды. Өйткені мұнда намыс, кек, жеңіс дейтін ұғым бар. Сол үшін оңай шағылар жаңғақ жоқ.  Десе де футбол комментаторы Әлімжан Асқар Англияны келесі кезеңге өтеді деп отыр.

Мысырға қарсы ойында 80 минутқа дейін Аргентинаны танымай қалдық. 80 минуттан кейін оралды да, камбэк жасап кетті. Кабо-Вердемен де, ширек финалда Швейцариямен де оңай матч өткізген жоқ. Иә, Месси жаяу жүріп-ақ керек кезінде пас береді, не гол салады. Бірақ, меніңше, Англия мына Аргентинаның қорғанысын біраз әуреге салады. Тухельдің тактикасына, Сака, Беллингем, Кейн сынды футболшылардың ойынына қарасаң, ағылшындар бір бас жоғары тұр. Сондықтан Тухель бастаған жігіттер жеңіске жетеді, – дейді Әлімжан Асқар.

Фото: Justin Setterfield/Getty Images
Фото: Justin Setterfield/Getty Images

Ал футбол сарапшысы Дидар Есемов болса, Аргентинаны қатардан сызып тастауға болмайтынын айтады.

 Аргентина – Англия ойыны шайқас болады. Екі құрама да орасан мотивациямен алаңға шығады. Мессиі бар құрама кез келген матчта фаворит болады деп ойлаймын. Лионель Месси осы ӘЧ-де жасына қарамай, өзінің үздік ойынын көрсетіп жүр. Сондықтан Аргентина басымырақ. Әрине, Аргентинаның плей-оффтағы жолы оңай көрінгенімен, іс жүзінде олай болмады. Бірақ Англия құрамасы да анау айтқандай ештеңе көрсете алмады. Өз потециалын 100 пайызға аша алмай келе жатқан құрама. Көреміз, меніңше, тактикалық шайқас болады. Сөйтіп, Аргентина құрамасы финалға өтетін сияқты, – дейді Дидар Есемов.

Иә, жартылай финал кездесулері 15-16 шілде күні өтеді. Бүгін түнде Далластағы стадионда Франция мен Испанияның жолы түйіседі. 16 шілде күні Атланта стадионында Англия Аргентинаны қабылдайды.

Оқи отырыңыз