Жаңалықтар

Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»

Қазақстан құрамасының үздік шорт-трекшісімен сұхбат
Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»
18.02.2022 13:46 3313

Абзал Әжіғалиев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогы мен әлем біріншіліктерінің жүлдегері. Шорт-трекші бұған дейін Сочиде (2014), Пхенчханда (2018) өткен Олимпиадаларға қатысқан. Осы жылы Бейжіңде жалауы желбіреген қысқы ойындарда Абзал медальға бір табан жақын қалған еді. Бұл – қазақстандық спортшылардың Бейжің Олимпиадасындағы үздік көрсеткіші.

Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»

– Абзал, бұл ойындарда төртінші орыннан көріну бұйырыпты. Мұның өзі зор жетістік. Жалпы, Олимпиададағы өзіңіздің және құрама шорт-трекшілерінің өнерін қалай бағалайсыз?

– Бейжің Олимпиадасында командамыз қолынан келгенше барын салды деп ойлаймын. Аралас эстафета жарысында бесінші орынға тоқтадық. Қазақстан тарихында тұңғыш рет Олимпиаданың бір емес, екі бірдей финалына шықтық. Өкініштісі, жүлдеге қол созым жерден қалдық. Бұл қаншама жылғы қажырлы еңбектің, командалық жұмыстың нәтижесі болды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Сөзсіз, осы Олимпиадан кейін елімізде шорт-трекке деген қызығушылық артып, дамудың жаңа сатысына көтеріледі деп сеніммен айта аламын.

Осы орайда, жанкүйерлерімізге де алғыс айтқым келеді. Біз сіздердің қолдауларыңызды қашан да сезінеміз. Сіздердің бізге жолдаған жылы сөздеріңіз әрдайым осындай ірі додаларда демеу болады.

– Келесі Олимпиададан сізді көреміз бе?

– Біз үшін маусым әлі аяқталған жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионаты бар. Қазірше спорттық мансабымды аяқтау туралы сөз қозғауға ерте деп ойлаймын.

Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»

– Пхенчханде өткен Олимпиадаға қарағанда біздің шорт-трекшілер, оның ішінде өзіңізде жақсы өнер көрсеттіңіздер, бұл төрт жылдықта еліміздің шорт-трегінде қандай өзгерістер болды?

– Төрт жыл ішінде, өздеріңіз көргендей, спортшылардың шеберліктері артқан. Жылдамдық та қосылып, тактикалық тұрғыдан да мықтылана түскен. Жалпы, шорт-трек спорты, онымен айналысушылар бір орында тұрған жоқ. Тек Олимпиада емес, әр жарыс сайын қарсыластарымыздың да деңгейе өсе түседі. Біз де өз кезегімізде шорт-тректен әлемнің үздік ондығына енеміз. Осыған дейін Қазақстан шорт-трекшілерін қатардағы спортшы ретінде көрсе, бүгінде, қазіргі Олимпиада ойындарында негізгі қарсылас ретінде бізге де арнайы тактика қойып дайындалды. Бұл біздің өскенімізді көрсетеді.

– Шорт-тректің басқа қысқы спорт түрінен айырмашылығы қандай?

– Шорт-тректі басқа спорттармен салыстыруға, бір қатарға қоюға болмайды. Әр спорттың өзіне тән ерекшелігі болады. Шорт-тректе конькимен жүгіре келе басыңмен жұмыс істеуің керек. Физикалық мықтылығың сенің жеңіске жетуіңе кепілдік бермейді. Әуелі басыңды, миыңды, бұлшықеттеріңді, денеңді бәрін бірдей іске қосасың. Бізде бірнеше қашықтық бар. Олардың әрқайсысына ерекше бөлек-бөлек тактикамен дайындаласың. Мұзға шыққанда ұқыптылық, тиянақтылық, жылдамдық бәрі сенің бойыңнан табылуы керек.

Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»

– Елімізде қысқы спорт түрлерінің жоғары деңгейде дамуы үшін не керек деп ойлайсыз?

– Елімізде қысқы спорттың дамуы үшін жүйелі жұмыс керек. Балалар арасында осы спорт түрін насихаттау, жаттықтырушыларды тарту, жабық мұз айдынымен қамтамасыз ету – бұл айтылғанның бәрі өз деңгейінде орындалса бірнеше жылдан кейін-ақ нәтижесін көруге болады. Спортпен айналысуға бәріне бірдей мүмкіндік беріп, жағдай жасау өте маңызды.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Елге оралғаннан кейін отбасымызбен көрісіп, әрі қарай оқу-жаттығу жиындарына аттанамыз. Жоғарыда айтқанымдай, біз үшін Олимпиада ойындары мәресіне жеткенімен, маусым аяқталған жоқ. 18-20 наурыз күндері Канада мемлекетінде шорт-тректен әлем чемпионаты өтеді. Әлем біріншілігіне дайындық барысында жаттығу жиынын өткізіп, әрі қарай қатысуға аттанамыз.

Абзал Әжіғалиев: «Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз!»

– Абзал, көп рахмет. Алдағы жарыстарға сәттілік тілейміз, еліміздің көк байрағын биіктен көре берейік!

(Суреттер ҰОК сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға