Жаңалықтар

Абзал Құспан халыққа тиесілі байлықты заңсыз үлестіргендер жазалауды талап етті

Абзал Құспан халыққа тиесілі байлықты заңсыз үлестіргендер жазалауды талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz 08.11.2023 13:39 812

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап,  ескі Қазақстанда орын алған коррупция үшін тиісті адамдарды жазалауды талап етіп отыр, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Қоғамда ескі Қазақстанда орын алған коррупция, белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдердің бар екені белгілі. Соңғы уақыттарда, аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түсуде. Мысалы, бұрынғы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болған А. Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбаттар берді, - дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, бұрынғы төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдары бар.

Ол кісі әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі. Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағыда басқа бірқатар азаматтардың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілу нақты айтылған. Аталған азаматтардың сұхбаттары миллиондаған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанын бәріміз көріп отырмыз. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде бір мәселе көтерілмейді, - дейді ол.

Абзал Құспан қолданыстағы ҚР Қылмыстық-процесстік Кодекстің 180 бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар негіз болып табылатыны анық-қанық көрсетілгенін айтты.

Жоғарыда аттары аталған азаматтарың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады. Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде, ақпарат ҚПК 180 бабының талаптарына сәйкес, СТБТ (ЕРДР) тіркеліп сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп оның нәтижесі халыққа хабарлануы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-а жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды СТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма болып табылады! Осындай ашық ақпараттарды Бас Прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі, ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп болып табылады, - дейді депутат.

Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, мәжілісмен Бас прокуратура - заңдылықтың орындалуын қадағалайтын Конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі қажет екенін алға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға