Абиба Әбужақынова «Құрмет» орденімен марапатталды

 gov.kz
Фото: gov.kz

Дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирінің ашылу салтанаты өтті.

Астанада дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің ресми бөлігіне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.

Дзюдо елімізде кеңінен дамыған спорт түрлерінің бірі. Қазір Қазақстанда 150 мыңнан астам адам дзюдомен кәсіби түрде айналысады. Баршаңызды әлемнің үздік дзюдошылары қатысып жатқан беделді турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Мұндай жарыстар жаңа есімдердің танылуына және спорттың дамуына серпін береді. Сонымен қатар, 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын Қазақстанға сеніп тапсырғаны үшін Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерге алғысымды білдіремін, – деді  Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ербол Мырзабосынов.

Салтанатты ашылу барысында Ербол Мырзабосынов әлем чемпионатының күміс жүлдегері дзюдошы Абиба Әбужақынованы «Құрмет» орденімен марапаттады.

«Құрмет» орденімен марапаттап жатыр. Мемлекет басшысына, Туризм және спорт министріне және Қазақстан дзюдо федерациясының президентіне алғысым шексіз. Өте қуаныштымын. Негізі әлем чемпионатында үш рет жүлдегер атанғанда, тек алтын алғанда берілетін шығар деп ойлағанмын. Мұндай марапат бұдан биік белесті бағындыруға, алға ұмтылуға күш-жігер береді. Аздап жарақатым бар еді, операция да жасаттым, сол үшін бапкерлер бұл додаға қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Қазір қалып келіп, жаттығу жасап жатырмын, бәрі жақсы. Бұйыртса, алдағы турнирлерде бақ сынаймын, – деді спортшы.

Айта кетейік, 8-10 мамыр күндері аралығында әлемнің 36 елінен 295 үздік дзюдошысы Астана татамиінде өзара мықтыны анықтайды.

Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы 1 күміс, 1 қола жүлде алған. Ал бүгін тағы үш отандасымыз финалдық бөлімде белдеседі.

Оқи отырыңыз