Жаңалықтар

Абайсызда кісі өлтіріп алған прокуратура қызметкері 1,5 жылға сотталды

Абайсызда кісі өлтіріп алған прокуратура қызметкері 1,5 жылға сотталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 29.04.2024 17:25 480

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасарына абайсызда кісі өлтіріп алғаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте 2023 жылдың желтоқсан айында айыпталушы Т. есімді азамат Ақтау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары, жәбірленуші М-мен жанжалдасып, оны ауыр соққыға жыққаны айтылады. Салдарынан жәбірленуші жерге құлап, есін жимастан алған жарақаттардан қайтыс болған.

Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өз кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, асырауында үш жас баласының болуын, оның біреуінің үшінші топтағы мүгедек екенін ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сотталушы Т. өзгертілген айып бойынша ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігімен (абайсызда қазаға ұшыратқаны үшін) кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі таңда іс апелляциялық сот алқасында қаралуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға