Жаңалықтар

Абайлаңыз, мұз! ТЖД астаналықтарға ескерту жасады

Бұған қардың көп жаууы себеп болған
Абайлаңыз, мұз! ТЖД астаналықтарға ескерту жасады
Фото: gov.kz 14.01.2023 23:30 1075

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қардың көп мөлшерде жаууына байланысты ғимараттардың шатырларынан қардың және мұздардың құлау қаупі барын ескертеді, деп хабарлайды El.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сол себепті сақ болып, мүмкіндігінше ғимаратқа жақын жүрмеу қажет. Ғимараттан шыққан кезде құлауы мүмкін жерлерді айналып өту керек. Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аудару қажет. Егер сіз жаяу жүргіншілер жолында келе жатып, келеңсіз дыбыс естіген болсаңыз, жоғары қарап тұрмай, тез арада қауіпсіз тұсқа жүгіруіңіз керек. Мүмкіндігінше ғимараттар мен құрылыстардың жанына көлік қоймаған жөн, онда мұздар мен қардың құлау қаупі бар, - делінген хабарламада.

Ғимараттардың шатырын қардан тазалаған кезде міндетті түрде қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс, сол сияқты жұмыс жүргізіліп жатқан жерлерде жүруге тыйым салынатын белгілер қойып, қоршалуы қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға