«Абайдың отызға жуық әні бар...»

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы ұлы тұлғаны зерттеу жүйеленсе дейді

Биыл Ұлы Абайдың туғанына – 175 жыл. Жыл кіре ақынның мерейтойына орай көптеген шаралар ұйымдастырылып, жоспарлар құрылды. Әрине, олардың мақсаты – даңғырлатып той тойлау емес, ел Президенті айтқандай ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымызға ықпал ету. Осы орайда ес білгелі Абайды, оның шығармаларын зерттеп, насихаттап келе жатқан Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан-Ресей университеті Абайтану ғылыми-танымдық орталығының директоры, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен тілдескен едік.

dc524e0f-f73a-4107-ae44-3bda6bf303ac (2).jpg

(Суретте Алмахан Мұхаметқалиқызы)

– «Абайды толық түсіну мүмкін емес» деген пікірлерге Асқар Тоқпановтың Мұхтар Әуезовке «сіз Абайды зерттеп, зерделеуге ғұмырыңызды арнадыңыз, ендігі зерттеп болған шығарсыз?» дегенде, Мұхтар Омарханұлы «Абайды толық зерттеу мүмкін емес, ол – теңіз болса, мен сол теңізден шөміштеп қана алдым» дейді. Сондықтан да оны толық түсініп, толық зерттеу мүмкін емес, ол сонысымен – жұмбақ. Ұлы ақын өзінің бір өлеңінде:

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла,

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма», – дейді емес пе?

Алмахан Мұхаметқалиқызының Абай шығармашылығында жүргеніне отыз жылдан артық уақыт өтіпті. Әрине алғаш ақынның жұмбақ әлеміне қадам басуы – қызмет бабына байланысты болған. Абайтанушы өзінің бір сөзінде ерекше құмарлықпен келмегенімен, уақыт өте ұлы ақынның ғаламат әлеміне еніп, мұхиттың астынан асыл тас іздегендей, Абай мұхитына тереңдей бергендігін айтады.

– Бір ғажабы Абай өлеңін бүгін оқысаңыз басқа қырынан береді, біраз уақытты араға салып көз жүгіртсеңіз екінші қырынан береді. Абайдың кереметтігі - сол. Әрбір жыры осындай құдіретке ие. Бір бағытты ғана көксемеген. Алмаз секілді әртүрлі құбылып отырады. Бұл неткен ғажайып дерсіз? Өлеңі, дастаны, поэмасы, қайсысын қарағыңыз келсе де, өзіңізге керек дүниені табарыңыз анық. Тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқығанда әр кезеңде көкірегіңізде тұрған сауалдың жауабын көресіз, оқыған сайын тауып отырасыз. Абайдың әлемі, Абайдың шығармашылығы, Абайдың айналасы сонысымен керемет.

Абайдың білімге, өнерге қадам басуы оның дүниеге келуімен, түп негізіне байланысты дейді А.Мұхаметқалиқызы. Әкесі Құнанбайдың өзі аянмен келуі ерекше жайт. Ол туыларда Зере әже түсінде Өскенбай алтын сақа иіріп отырғанын көріпті. Сол себепті, Құнанбайды дәретсіз емізбеген екен.

– Ал Абайдың өзі тылсымнан келген құдірет. Ол қазіргілер секілді ақындықты кәсіп қылмаған. Атақ, даңқ, мансап үшін жүрмеген. Абайдың білімге ғана емес, жаратылысқа құштарлығын аңғарамыз. Жаратылыс ең алдымен білімнен, ілімнен тұрады. Абай да дүниеге әкесі секілді аянмен келген бала. Түркістанда Ахмет Яссауидің әкесі Ибрагим әулиенің басында Ешен әулие түнеп жатқанда түс көреді. Түсінде Құнанбайдың үйінің есігі алдында биік тау пайда болыпты. Ол шыңды Ұлжанның көйлегінің етегі жауып жатыр екен. Ешен бұл аяннан кейін бірден Құнанбайдың ауылына аттанып, көрген ғажайыбын баяндайды. Мұны естіген төрде отырған Зере әже «келесі дүниеге келетін немеремнің атын Ибрагим деп қояды екенмін ғой» дейді. Содан «Сенің атың аянмен келді, сен әр қадамыңа сақ бол, әр ісіңе сақ бол, абай бол» деп «Абай» атап кетеді. Бірақ мұны өз заманында айтқызған жоқ.

83286946_2427220864161832_3051329635355721728_o.jpg

Алмахан Мұхаметқалиқызы абайтануды үш кезеңге бөліп қарастыру керек дейді: Абай дәуіріндегі абайтану, кеңес дәуіріндегі абайтану, бүгінгі кезеңдегі абайтану.

– Абай дәуіріндегі абайтануда не айтылмай қалды? Не қамтылған жоқ? Көзі тірі кезінде адамның данышпандығын, ұлылығын, даналығын мойындау пенделіктің маңдайына жазылмаған дүние. Ал кеңес дәуіріндегі абайтануда заман ағымына қарай, көп дүниелері бұрмаланып кетті. Оның ішінде Абай есімінің аянмен келуі басқаша айтылып жүр. Жалпы, біз деректерде «Зере әженің тілі келмей «Абай» атап кетіпті» деп айтып жүрміз... Ол тілі келмей қалатын әже емес. Ол бес уақыт намазы бар, жүрегінде иманы бар, діннен хабары мол, Құранның бүкіл қыр-сырын білген адам. Тіпті тілі келмесе «Ибаш» деп айта салар ма еді? Бұл жерде мәселе «абай бол» деген сөзден шыққанына мән бермей жүргендер көп. Абай кереметтігі оның тамырында жатыр. Әкесі Құнанбайдың, әжесі Зеренің, тіпті арғы бабаларының тектілігі жөнінде біз тереңдетіп айта алмай жүрміз. Осы кісілердің, ауыз әдебиеті мен шығыс әдебиетінің негізін алған Абай тек қана білім-ғылыммен қалған жоқ. Оның жаратылысы асыл болып тұр. Оның бір өлеңінен бір институт жасауға болады. Жалпы, біздің дінде не нәрсе болмасын о дүниемен байланыстырып жатады, ал Абай осы дүниедегіні айтады. Бес нәрсеге асық болып, бес нәрседен қашық болсаң сенің адамдығың. Егер осы айтқандарға асық болмай, қашық болмасаң толық адамдыққа жете алмайсың. Міне, ғұламаның айтары осы.

Зерттеуші Абайды тек қазақтікі деп айтып жүргеніміз дұрыс емес дегенді айтып қалды. Ол – адамзатқа арналған тұлға дейді. Тұла бойында жаны бар адам баласына қажетті дүниелердің барлығын Абай айтып кеткен.

– Тағы айта кететін нәрсе, Абай – сатирик. Сатирик болу деген нәрсе әрбір ісіңе сын көзбен қарау дегеннен шығады. Бұл тұрғыда Абай өзіңнің әрбір күніңе есеп бер дейді, жоқ дегенде апта сайын есеп беріп отыруға тиіссің. Қысқасын айтқанда, адам өзіне сыншыл бола білуі керек. Өзіне сын айтып, мін таға білген адам, айналасындағы кемшілікті де көргіш келеді. Абай өзінің қара сөзінде сенің замандасың жаман болса, оны түзете алмасаң, сен де кінәлісің дейді. Абай сатирасы да толық зерттелмеген дүние. Біз оның тек үстінен ғана жүріп келеміз.

Абайды зерттеу бір орында тұрып қалғандай. Зерттеуші Мұхтар Әуезовтің деңгейіне жете Абайды «қазып» жүргендер жоқ дейді. Мекемтас Мырзахметов өзінің бір сөзінде болашақта Абай зерттеусіз қалуы ғажап емес дегенді айтып қалған болатын. Әрине, ұлы тұлғаның жеткілікті зерттеліп, зерделенбеуі алдымен қазаққа сын.

– Қазір Абайды тек тақырыппен зерттейтіндер қаптап кетті. Олар «Абай поэзиясы», «Абай философиясы» деп диссертациясына тақырып қояды да, жазып болған соң, абайтанушымын деп шыға келеді. Біз олай Абайды тани алмаймыз. Оның ән мұрасы, қайраткерлік қызметі, тіпті өмірі мен шығармашылығы жайында да ашылмай жатқан нәрселер жеткілікті. М.Әуезов соңғы тақырып бойынша төрт нұсқа жазып кетті. Соны қайта қарап, жақсы бір нұсқа жасауға да болар еді. Мәселен, Абайдың болыс болғаны туралы да ешкім айтпайды. Ол билікте жүріп, заң қабылдаған. Өзім ілгеріде айтып кеткен ақынның музыкалық мұрасы жайында сөз қозғалса, көпшілік үш-төрт қана әнін айтып берері хақ. Ал расында Абайдың отызға жуық әні бар. Тіпті оның ішінде күйі де болғанын білмейді.

Абай жанашыры биылғы мерейтойды ас та төкпен, жарыс-сайыспен, даңғазамен өткізіп жіберуден сақтанғанымыз дұрыс дейді. 175 жылдық мерейтой ойын-сауыққа арналған той емес екенін алға тартады.

– Әлемде Конфуцийдің екі жүз елу институты мен орталығы бар екен. Оның жетеуі Қазақстанда. Ал Абайдың Семейдегі жалғыз музейіне риза боп, арқамызды кеңге тастап жүргеніміз ұлы тұлғамызды мадақтап, абыройын асырдық деуге келмейді. Жалпы, мекемеге бағынышты орталықтар сол мекеменің дегенінен асып еш жақа кете алмайды. Абайды өзінің шыңына шығару үшін мектептердің ішінде ашқан сыныптарға мақтанбай, өзіндік ықпалы бар жүйелі жұмыс жасайтын орталықтар салуымыз күн тәрбіндегі мәселе дер едім. Дербес орталықтар арқылы ғана біз Абайды толық зерттей аламыз. Суреттері мен кітаптарын тізіп қойып шаралар өткізу шынымен де өте аздық етеді.

Егер маған мүмкіндік берер болса, әр облысқа тақырып қып бөліп берер едім. Қалай дейсіз ғой? «Абайдың қайраткерлік қызметі», «Абайдың ән мұрасы», «Абайдың дастандары», «Абай поэзяясы», «...философиясы», «..сатирасы», «Абай және қазақ мәдениеті», «Абай аудармалары» деп бөліп тастап, сол тақырыпқа орталық ашып қоюшы едім. Сол сияқты Абайды зерттеудің өзі бір жүйеге қойылмаған. Ұлы ақынның өмірін, мұрасын зерттеймін деуші жан бар ғұмырын арнамаса болмайды. Бүгін зерттеп, ертең басқа салаға кетіп, арғы күні қайта келетін бұл оңай нәрсе емес. Өмірін арнаушы абайтанушылар ретінде Мұхтар Әуезовті, Мекемтас Мырзахметовты, Қайым Мұхамедхановты, өз ұрпақтары Тұрағұл, Кәкітайды айта аламын. Абайды науқандық жұмыс деп қарауға болмайды.

Негізгі орталығының болмауы кесірінен Абай жинақтары баспадан шыққан сайын түрленіп отырған. Өлеңдері әртүрлі. Оның текстологиясы тұрақты орнын тапқан жоқ. Жыр шумақтарының жазылуын түп нұсқамен айта алмай жүрміз дейді зерттеуші.

– Академиялық жинаққа сүйенбегеннің кесірінен осындай олқылықтар кетіп жатыр. Жақында бір кітаптан «Аллаһтың өзі де рас, сөзі де рас» деп оқып қалдым. Абай ешқашан «Аллаһ» деп айтпаған. Ол жерде бүкіл Алла сөзін Аллаһ деп жіберген. Біз сондай нәрселерден айырылмай, абайтанудан адасып кетуіміз мүмкін. Мұхтар Әуезов 1942 жылы орталық ашып, Абайтану бойынша курс ұйымдастырып, дәріс өткізген.

Жалпы, қазаққа ғылыми деңгейдегі Абайдан бөлек, оқушылрға «бала Абай», ал жұртшылыққа «қарапайым Абай» қажет. Оның тәрбиесі, өскен ортасы, білімі, өзін-өзі ұстауы, адами қасиеттері, өнері барлығы дерлік көпшілікке түсінікті тілде жеткені дұрыс.

– 8-9 жастағы Абай қатты ауырып жатқан кезде, Ұлжан далада жүрген Құнанбайды шақырып, ұлының сырқаттанып жатқанын жеткізеді. Абайдың үстіндегі көрпесін ашып, денесінің қатты ысып жатқанын байқаған Құнанбай баласының дарыны сыртқа шығып жатқанын айтыпты. Және ешкімге тіс жармауын өтініпті.

Алмахан Мұхаметқалиқызы 2010 жылы Қазақстан-Peceй yнивеpситетiнiң жанынан Абайтанy ғылыми-тaнымдық оpтaлығын aшқан еді. Ол оpталық ілгеріде өзі айтып кеткендей «Абай дәуіріндегі Абайтану», «Кеңес дәуіріндегі Абайтану» және «бүгінгі Абайтану» бағыттары бойынша жұмыс жасап келеді.

Алда айтылмай келе жатқан тақырыптарды қозғап, көпшілікке тың дүниелерді ұсынуды мақсат ететін абайтанушыға сәттілік тіледік.

(Суреттер Алмахан Мұхаметқалиқызының әлеуметтік парақшасынан алынды)

Бөлісу: