Жаңалықтар

Абай облысында жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталады

Абай облысында жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталады
Фото: Абай облысының әкімдігі 24.09.2023 07:40 559

Абай облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүзеге асып жатыр. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 85%-ы орындалып, барлығын 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен және мәслихат депутаттарымен бірге Семей қаласының қазандықтарын, магистральдық жылу желілерін тексерді. Оның ішінде «Ғаббасов» қазандығы, Бозтаев көшесіндегі магистральдық жылу желісі, «401 квартал» орталық жылу пунктін аралады.

Облыс орталығындағы «Ғаббасов» қазандығын жөндеу жұмыстарына баса назар аударылған. Қазандықтағы жұмыстар белгіленген мерзімде, яғни 30 қыркүйекте аяқталады.

Сондай-ақ, «401 квартал» орталық жылу пунктін салу белгіленген кестеден артта қалып отыр. Аймақ басшысы жұмыс қарқынын жеделдетіп, жөндеу жұмыстарының барысын күн сайын қадағалап отыруды тапсырды.

Тағы да қайталап айтамын, жөндеу жұмыстарының қарқынын арттырып, күнде қадағалау қажет. Осы бағытқа жауапты облыс әкімдігінің басқармалары, қалалар мен аудан бөлімдері жөнделіп жатқан нысандардың басында болып, күнделікті тексеріп отыруы керек. Барлық жұмыс уақытында аяқталуы қажет. Халық күтіп отыр, - деді Нұрлан Ұранхаев.

Айта кетсек, Абай облысындағы жылу маусымына дайындық барысы бекітілген жоспарға сәйкес қатаң жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға