Жаңалықтар

Абай облысында жылу желілері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді

Абай облысында жылу желілері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді
Фото: gov.kz 21.10.2023 14:00 441

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов жұмыс сапарымен Абай облысына келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сапар барысында вице-министр Семей қаласының жылумен жабдықтау объектілеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, облыста жылыту маусымының өтуін тексерді.

Вице-министр Семей қаласының «Теплокоммунэнерго» МКК ЖЭО-1, «Ғаббасов», «Орталық» қазандықтарына, 35-ші квартал және 401 орталық жылу пунктіне барды.

Ағымдағы жылы Абай облысында жылу желілері мен көздерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы сомасы 23,9 млрд. теңгеге 40 км астам жылу желілері жөнделді.

«Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын реконструкциялау жұмыстары аяқталуда, бұл қуаттылықты сағатына 40 Гкал жылу энергиясымен арттыруды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда осы нысандардағы қазандықтардың көпшілігі жылыту маусымының сапалы өтуін 100% қамтамасыз етуге дайын.

Сонымен қатар, вице-министр Ж.Нұрмағанбетов Абай облысының тұрғындарымен есептік кездесуін өткізді, оның барысында тұрғындарды отын-энергетика кешенінің, ЖЭК-тің іске асырылып жатқан жобалары туралы хабардар етті және өңір тұрғындарын толғандыратын сұрақтарға жауап берді.

Өз сөзінде вице-министр облыстың даму перспективаларын ескере отырып, жаңа ЖЭО салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, оны іске асыру Мемлекет басшысының өткен жылғы 30 қыркүйектегі жұмыс сапары барысында тапсырылғанын атап өтті.

Мәселен, бүгінде «Самұрық-Энерго» АҚ жобаның ТЭН-ін әзірлеуде, оны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қатты отынды жағуға және түтін газдарын ластаушы заттардан тазартуға арналған заманауи жабдықты пайдалана отырып, жылу мен электр энергиясын аралас өндірудің тиімді технологиясы негізінде заманауи жылу көзін құру жоспарлануда.

Сондай-ақ, сапар барысында азаматтарды жеке қабылдау өткізілді, оның аясында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, мәселелерімен бөлісті. Тұрғындардың көптеген сұрақтары инфрақұрылымдық мәселелерге, соның ішінде үйлерді электр энергиясына қосу және жылу желілеріне қатысты болды.

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментіне азаматтардың өтініштерін пысықтап, жұмыс нәтижелері туралы хабарлау тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға