Жаңалықтар

Абай облысына қарасты ауданда 2026 жылға дейін 62 жоба жүзеге асырылады

Абай облысына қарасты ауданда  2026 жылға дейін 62 жоба жүзеге асырылады
Фото: Абай облысының әкімдігі 27.11.2023 03:17 551

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үржар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ол инфрақұрылымды, әлеуметтік институттарды дамытуға, өңірдің экономикалық өсімін қолдауға бағытталған стратегиялық жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үржар – экономиканың барлық саласы дамыған, туристік әлеуеті зор аудан.

Біз, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік қорғау, білім мен спорт, денсаулық сақтау және мәдениет, көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын-үймен қамтамасыз ету сияқты салаларды басымдық ретінде қарастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. 2026 жылға дейін Үржарда 1 026 жұмыс орнын құратын 62 жоба іске асырылады, – деді Нұрлан Ұранхаев.

Өткен он айда 233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, Үржар ауданында 10 376 шаршы метр. Жыл соңына дейін 12 пәтер сатып алынады.

Облыста су желілерінің ұзындығы 3 057,1 шақырымды құрайды. Тозу деңгейі – 51%. Аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі – 85 %. Мұндағы 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Осы мәселені шешу үшін биыл бюджеттен 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді.

Сондай-ақ облыстағы негізгі мәселенің бірі -  тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған  заманауи полигонның жоқтығы.

Аудан орталығы, Мақаншы және Қабанбай ауылдарында полигондар құрылысы басталады. Жұмыстар 2025 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, Қабанбай ауылында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы салынады, - деді облыс әкімі.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қабанбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Кешенді жоспар аясында Сағат және Малақ ауылдарында 180 орынға арналған мектептер салынады. 380 орынға 3 ауылда (Мақаншы – 140 орын, Қабанбай – 100 орын, Үржар – 240 орын) балабақша салу жоспарда бар. Таскескен ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Туризмге ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, Кешенді жоспар аясында Алакөл жағалауы үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Үржар ауданындағы әуежайда сыртқы жарықтандыру жүргізіліп, бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, «Барлық Арсан - Алакөл» бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді.

Кездесу соңында Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Барлық көтерілген мәселелерге жан-жақты түсіндірмелер жүргізіліп, тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға