Жаңалықтар

А.Балаева: Қазақстан болашақ ұрпақ үшін мәдени мұраны сақтауға және дамытуға күш салуда

А.Балаева: Қазақстан болашақ ұрпақ үшін мәдени мұраны сақтауға және дамытуға күш салуда
Фото: gov.kz 18.11.2023 03:32 608

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Санкт-Петербургте өтіп жатқан IX Халықаралық мәдени форумға қатысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форум аясында 56 ресми делегация басшының қатысуымен «Мәдени егемендік – мемлекеттік бірегейліктің негізі» тақырыбында кездесу өтті.

 А.Балаева форумға қатысушыларды құттықтай отырып, ұлттың мәдени егемендігінің берік негізі оның тарихи жады екенін атап өтті.

«Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деген басты қағидатын ұстанады. Біз бүгінде осы диалог алаңында отырған көптеген мемлекеттермен ортақ тарихымыз барын мақтан тұтамыз және осы бай мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтауға және дамытуға ұмтыламыз. Ғасырлар бойы рухани әрі тығыз байланыста өмір сүру арқылы ұлтымыз мәдениеттің өзіндік ерекшелігін жинақтауға және дамытуға, мәдени кодты анықтауға, сақтауға, басқа халықтардан ең жақсысын алуға мүмкіндік алды", - деп атап өтті А.Балаева.

Министр мәдениет саласы мемлекетаралық диалогты дамытуға, екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынын тілге тиек етті.

Оған Қазақстанның Ресей Федерациясымен тату көршілестігі айқын мысал бола алады. Мұнда мәдени-гуманитарлық сала халықтар арасындағы негізгі байланыстырушы көпірдің бірі болған және әлі де бола берері анық. Ынтымақтастық бірқатар мазмұнды әрі табысты жобаларға негізделген. Мысалы, Қазақстанның Ресейдегі және Ресейдің Қазақстандағы күндері аясында «Орыс маусымдары», «Абай әлемі» және т.б. бастамалар арқылы тығыз мәдени қарым-қатынас орнады.

«Мұндай жобалар үлкен сұранысқа ие бола отырып әлеуметтік, іскерлік бастамаларды, ақпараттық және мәдени байланыстарды арттыруға жол ашады, екіжақты байланыстың тереңдей түсуіне ықпал етеді. Атақты Пушкин тілі, Достоевский тілі – жүздеген халықтар мен ондаған елдердің рухани-мәдени құндылықтарын біріктірген орыс тілінің мәдени кемелденудегі рөлін естен шығармауға тиіспіз», - деп түйіндеді министр.

Кездесуде делегация басшылары арасында сындарлы диалог өтті. Қатысушылар өзара мәдени байыту, мәдениетті дамыту, мәдени бірлікті сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға