Жаңалықтар

Ақын

Ақын – өлең, жыр, дастан т.б. поэзиялық шығармаларды ауызша немесе жазбаша түрде шығаратын сөз өнерінің иесі, шығармашылық тұлға.
26.08.2014 04:59 10459

Ақын – өлең, жыр, дастан т.б. поэзиялық шығармаларды ауызша немесе жазбаша түрде шығаратын сөз өнерінің иесі, шығармашылық тұлға. Шығармашылық дәстүрде өлеңді, жырды табан астында қиыстырып айтатын Ақындарды халық сөз шеберлігінің биік шыңы деп бағалаған. Олар жыршы ақындар, өлеңші ақындар, әнші ақындар деп сараланады. Жыршы ақындар өз жанынан жыр, дастан шығарумен қатар өзінен бұрынғылардың жырлары мен дастандарын сақтаушы-жинақтаушы   (кумуляция),   жеткізуші (трансформация), айтып таратушы (трансляция), қайта жаңғыртушы (ретрансляция) ретінде шығармашылық қызмет атқарды.

 Ақын

Ақын. Н.И. Ткаченко суреті. Львович Дм. По киргизской степи. Путе- вые очерки. Петроград, 1914 атты еңбектен

Жыршы А.-дар жаңа оқиғаны ғана сөз етіп қоймай, олар ежелгі жырларды да бірде жаңғырта, бірде дәстүрлі түрінде жырлап, ескі мен жаңаны қатар өзінің жадында, репертуарында сақтап жүрді. А.-дардың арасында эпикалық және лирикалық шығармаларды жадында сақтай отырып, оны өңдеп толықтырып, байытып жырлайтындары бар (толығырақ қ. Дастан; Жыр). Жыршы А.-дар шығарған жыр, дастандардың негізгі арқауы ерлік, елдік, әлеуметтік-қоғамдық мәселелер болды. Өз шығармашылығын олар домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғы тәрізді аспаптарына қосып орындады. Ақтамберді, Тәтіқара, Бұқар, Дулат, Махамбет, Жамбыл, Нұрпейіс т.б. жыршы ақындықтың аса көрнекті тұлғалары болды.

Өлеңші А.-дардың шығармашылығына тұрмыстық жайт, күнделікті өмірдің қатқабат қатпарлары арқау болды. Олар өмір шындығын бейнелеуде зат, нәрсе, құбылыстарды өз атымен атауды шығармашылық тәсіл ретінде қолданды. Шал ақын, Көтеш ақын, Кемпірбай, Шөже сияқты ақындар өлеңші ақындар дәстүрлі мектебіндегі атағы жұртқа жайылған көрнекті өкілдері ретінде танылды.

Әнші А.-дардың дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны ерекше болды. Сөз өнері мен әншілік жанрды  дамытып, жоғарғы деңгейге көтерді. Олардың әншілік, орындаушылық, композиторлық шығармашылығы қоғамның эстетикалық санасы мен халықтың эстетикалық талғамын қалыптастырудағы және синкреттік өнерді дамытудағы ролі ерекше деп бағаланады. Оның көрнекті өкілдері Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Мәди, Естай, Мәдіқожа, Нартай, Кенен және т.б. көптеген әнші ақындар белгілі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерумен қатар гедеонистік қызметі (жұртшылықтың көңілін көтеру) айрықша болды.

Жыршы, әнші, өлеңші А.-дардың ішінде айтыскер А.- дар да болды. Айтыскер А.-дар көбіне елдің үлгі тұтар тұлғаларын, олардың жақсы қасиеттерін асқақтата айтып, сондай-ақ ел ішіндегі (ру, тайпа, ауыл, аймақтағы) келеңсіздік пен өрескел қылықтарды сынады, айтыс өнеріне арқау етті (қ. Айтыс).

Сонымен, қазақ қоғамында дәстүрлі ақындық мектепте жыршы А.-дардың шығармашылығында әлеуметтік-идеологиялық сарын; өлеңші А.-дардың өлеңдерінде танымдық-тәрбиелік мән; әнші А.-дардың ән өлеңдерінде эстетикалық гедеонистік сипат басым болды.

Әдеб.: Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973; Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы: Мектеп, 2007; Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-том. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: ҚазАқпарат, 2008.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға