Жаңалықтар

Аққу

Аққу – дәстүрлі қазақ қоғамында киелі саналатын құс.
25.08.2014 12:34 56355

Аққу – дәстүрлі қазақ қоғамында киелі саналатын құс. Аққудың байырғы түркі халықтарында тотемдік мәні болған. Аққуды киелі құс ретінде қазақтар ежелден қастерлеп, «құс төресіне» оқ атпаған. Оны атқан адамды оның киесі ұрады деп есептеген.

Аққу

Бақсылар бертінге дейін аққу терісін жамылып, оның қауырсынын тағып келген. Ш.Уәлиханов Досмайыл бақсының қобызбен күй тартқанын, оның «Аққу» деп аталатын күйі болғанын еске салады (қазіргі Алматы облысы, Қарғалы ауылы). Қазақ тілінде аққу құсты символикалық тәсілмен адамға көбірек теңеу, ұқсатудың төркіні және ауыз әдебиетінде де сұлулар сыны аққудың бейнесі арқылы берілуі, оның бір кездері тотемдік мәні болуымен байланысты деуге болады. Қазақ поэзиясында аққу әсемдіктің, сұлулықтың, пәктіктің символы ретінде суреттеледі:

Аққудай тізіліскен ақша қыздар қарайды,

Тамашалап таңды мына

(Айтыс).

Сондай-ақ, қазақ тілінде аққудың топшысындай, аққудың үніндей, аққудың көгілдіріндей, аққудың мамығындай, аққудың сылануындай тәрізді сан алуан тұрақты сөз орамдары бар. Қазақтың мифтік аңыз, ертегілерінде А. терісін жамылған қыз А.-ға айналатын сиқыршы қыздар; «Таласбай мерген» атты қазақ ертегісінде ханның үш қызы А. терісін киіп жүретіні;

«Едіге» жырының Ә.Диваев жазып алған нұсқасында пері қыздары А. күйінде ұшып келуі; әулиенің А. кебінін ұрлап алуы; халық аңыздарында бақсылардың атасы Қорқыттың А.-дан туғаны жөнінде мифтік сарындар жоғарыда айтып өткендей А.-дың тотемдік мәні болғанын айғақтай түседі.

Әдеб.: Диваев А. Баксы // Этнографические материалы. Вып.V. Таш- кент, 1896; Уәлиханов Ш. Тәңірі (құдай) // Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1985; Диваев А. Этнографические материалы. Вып.VІ. Ташкент, 1901 және т.б.

Аққу бөрік – аққу терісінің тұтас сыдырылған түріндегі және аққу мамығынан тігілген бақсы мен дуананың айрықша белгісін көрсететін баскиім түрі. Аққу бөрікті негізінен бақсы ойнайтын кезде киген. Оны ем-дом жасап, сәуегейлік айтатын дуаналар да пайдаланды.

«Қамбар батыр» жырында А. б. жөнінде төмендегідей мәлімет кездеседі:

... Патшадан пәрмен болған соң,

Келмембет мінді атына,

Бітеу сойып аққудың

Терісін киді басына

Жөнеліп кетіп барад,

Қырық жігіт ертіп қасына.

Этнографиялық және фольклорлық деректер бойынша аққу символикасы қазақтың шаман өнеріндегі арнайы дәстүрлі киімнің, сондай-ақ, оның маңыздылығын ашатын негізгі атрибут болып табылады. Қазақ бақсылары шашы ұзын аққу мамықтарынан жасалған қалпақ және жамылғы киген. Зерттеушілердің айтуы бойынша, Алматыға жақын Қарғалы ауылы тұрғынында Досмайыл бақсы қолданған аққу бөрік, қобыз, асай мүсей, қамшы, орақ сақталған. Бұлардың барлығы үй иесінің әкесі Досмайыл бақсыға тиесілі болған (ол 1978 жылы 89 жасында қайтыс болды), тымақ пен қобыз 18 жасында әкесі Күйіктен мұраға қалған. Досмайыл бақсы емшілікпен айналысқан, көбінесе белсіздік, жүйке ауруына шалдыққандарды емдеген. Ұлының айтуы бойынша, соғыстан кейінгі кездегі туыстарынан айрылған немесе соғыста туысқандарынан хат хабар келмегендерге көмек беріп, ем-дом жасаған екен.

Әдеб.: Кукашев Р.Ш. Аққу-құс аңыздары және «аққу бөрік» хикая- сы // Вопросы изучения истории и культурного наследия Казахстана. Алматы, 1998; Какабаев Б.С. К семантике использования птичьих шкурок в отделке казахского костюма // Труды центрального музея. Вып.2. Алматы: Балалар әдебиеті, 2009; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

Аққу мамық ішік – бітеу сойылған аққу терісінен жасалынған, сырты матамен тысталған әйелдердің аса қымбат сәндік сырт киімінің атауы. Мұндай дәстүр қазақы ортада кең таралғандығы туралы дерек жоқ. Керісінше ХІХ ғ. ортасында батыс елдерінде, соның ішінде Ресейде аққу мамығы ерекше сұранысқа ие болуына байланысты қазақ даласындағы үлкен көлдерден (әсіресе, Көкшетау, Қорғалжын аймағында) аққуды атып, терісін өткізгендігі туралы деректер бар.

Аққу

Аққу мамық ішік. ҚР МОМ қорынан (КП 13950)

ҚР МОМ қорындағы (КП 13950) ішік XIX ғ. Ақмола өңірінде жасалған. Ақсары барқытпен тысталған, белі қынамалы, етек шалғайы кең. Иық тігісі қиғаш, жеңі қондырма. Жеңі іш жағынан мақтамен сырылған, орама жағалы. Белі артқы бойынан қынап тігілген. Өңірі, етегі, жеңі аққу мамығымен жұрындалып, оқа бастырылған. Жалпы ұз. 110 см, жең ұз. 76,5 см, екі иіннің аралығы 43 см. Бұл А. м. і.-тің тарихы үлкен: Шоқан Уәлихановтың қарындасы Тәжібай Шыңғысқызы Уәлиханованікі. Кейін қызы Махрыт Шормановаға өткен, ол өзінің қайын сіңлісі Билалқызы Фариха Шормановаға сыйлаған. Музейге 1974 ж. өткізілген.

Әдеб.: Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі. Ғылыми каталог (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Ғылыми редактор және жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. Алматы: Өнер, 2009.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға