Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасында шығынды өтеген 35 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қысқартылды – ІІМ

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты
Қаңтар оқиғасында шығынды өтеген 35 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қысқартылды – ІІМ
Фото: El.kz 23.08.2022 16:06 956

Қаңтар оқиғасы бойынша 421 күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға өзгертілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Бұрын соттылығы болмаған, шығынды өз еркімен өтеген 421 күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға өзгертілді. Бұдан әрі оларға ешқайда кетпеу қолхаты, кепіл, үйқамақта ұстау сияқты шаралары қолданылды. Орташа және онша ауыр емес қылмыс жасаған, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген 35 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қысқартылды», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, өз кезегінде соттар да жаза тағайындаған кезде тергеу мәліметтерімен қатар, сотталушылардың өз ұстанымын, өкініш білдіруін, шығынды өтегенін және тергеуге жәрдем көрсеткенін де ескеруде.

«Алматы облысының екі тұрғыны Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Абылай хан даңғылындағы дүкендердің бірінен жарты миллион теңгеден астам соманың тауарын ұрлаған. Сот айыпталушылардың жеке басын мінездейтін мәліметтерді, жасаған әрекетіне өкініш білдіруін және шығынды өтегенін ескере отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды», - деді ведомство өкілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға