Жаңалықтар

Ақтөбе жастары «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен кездесті

Ақтөбе жастары «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен кездесті
12.04.2019 12:36 2413

Ақтөбеде  «Қуатты елдің мықты азаматтары» тақырыбында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының бірінші кезеңінің жеңімпазы Шахан Жолдасбаевпен кездесу  өтті. Кездесуге қаладағы  №68 мектеп пен облыстық мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары қатысты.

Аталмыш іс шара барысында оқушыларға жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы кең мағлұмат беріліп, олар жобаның  бірінші кезеңінің жеңімпазы – жас кәсіпкер, спортшы, «Пандус.Ок» әлеуметтік жобасының авторы Шахан Жолдасбаевтың өмірлік ұстанымымен танысты.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, бүгінде Қазақстанның кемелденіп дамуы үшін аянбай еңбек етіп, тынымсыз жұмыс жасап жүрген азаматтардың саны көп. Олардың жасаған хайырлы істері мен жеткен жетістіктері болашақ ұрпақ үшін үлгі болып қалмақ. Тәуелсіз еліміздің өзге елдермен иық теңестіріп, әлемдік аренада беделі биіктей түсуі үшін төккен тер мен жұмсалған күш қашанда үлкен марапатқа ие. Осы тұста атқарылған еңбекті адал бағалайтын Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Биыл бұл бағдарламаның жүзеге асырылғанына – 2 жыл.  Елбасының осы  бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың қай-қайсысының да өзіндік мазмұны мен ауқымдылығы, идеологиялық маңыздылығы құнды. Соның ішінде, «100 жаңа есім» жобасының алар орны айрықша. 

«Қазақ­­станның 100 жаңа есімі» – тәуел­сіздік жылдары табыс­қа жеткен, еліміздің әр өңі­рін­де тұратын түрлі жастағы, сан­ алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Қазіргі уақытқа дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына Ақтөбе өңірінен көптеген азаматтар қатысты. Солардың арасынан үздік болған жеңімпаздардың бірі – Шахан Жолдасбаев. Ол тағдырдың тәлкегіне ұшырап, мүмкіндігі шектелсе де, қиындыққа қасқая қарсы тұрған азамат. Ол туралы мүмкіндігі шектеулі жан деп айта алмаймыз. Себебі, Шахан  жеткен жетістікке он екі мүшесі сау адамның жете бермесі анық. Шахан Германияда өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жүзуден қола жүлдегер. Сонымен қатар, көптеген әлеуметтік жобалардың басы қасында жүрген азамат. Оқушылармен емін-еркін сөйлескен жас кәсіпкер басқа түскен бар ауыртпалықты қалай артқа тастағаны туралы сөз етіп, сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңы білім алушылардың Ш. Жолдасбаевпен естелік суретке түсіп, мектеп басшыларының алғысымен аяқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға