Жаңалықтар

Ақтөбе ҚХА: Домбыра - қазақтың брендіне айналған аспап

Ақтөбе ҚХА: Домбыра - қазақтың брендіне айналған аспап
09.07.2019 15:19 4730

Бүгінде елімізде қазақтың қара домбырасын, оның үні мен күмбірлеген күйін насихаттау бойынша бірқатар шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі де, бірегейі Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылдың 12 маусымындағы Жарлығымен белгіленген жаңа мереке – «Ұлттық домбыра күнін» атап өту болып айқындалды. 

Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі, қазақтың брендіне айналған аспабымызды ұлықтау - жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың борышы.

Осы орайда Ақтөбе облысы ҚХА Ұлттық Домбыра күніне арналған «Қасиетті домбыра» акциясын өткізді. Оның аясында облыстық ҚХА шаһардағы перзентханалар мен перинаталдық орталықтарға барып, 7 шілде күні дүниеге келген сәбилерге және олардың аналарына Ассамблеяның логотипі бар домбыраны, нәрестеге тілек жазылған алғыс хатты табыстады.

Акцияға Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгеушісі Н.Барбосынов бастаған ЭМБ төрағалары, ҚХА жанындағы Аналар, ақсақалдар Кеңесінің мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында Н. Барбосынов домбыра күнін атап өтудің маңыздылығына тоқталып, бұл күнді мерекелеуде ҚХА-ның атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті.

Былтырғы жылдан бастауын алған Ұлттық домбыра күнінде дүниеге келген сәбилерге татулық пен бірліктің шаңырағына айналған ҚХА логотипі бар домбыраны сыйлау дәстүрге айналды.

Облыстық ҚХА Ақтөбе қаласындағы Жаңа қоныс ауылындағы медициналық орталықта, Қарғалы қалалық ауруханасында және Ақтөбе облыстық перинаталдық №1 орталығында дүниеге келген нәрестелерді құттықтады. Ал, аналар мереке қарсаңында өздерін елеп, ескеріп келген ҚХА өкілдеріне ризашылықтарын жеткізіп, балаларының болашақта домбырада күй шертіп, ән айтып, еліміздің татулығын жырлайтын азамат болатындарына деген сенімдерін жеткізіп, ерекше қуаныштарын білдірді.

Айта кетейік, ҚХА акциясы ежелгі дәстүр –әр үйде домбыра болуын, оның ата-бабалардың тарихы мен мәдениетінің сақталуынае жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұруын жаңғыртуды көздейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға