Жаңалықтар

Қағаз қалай пайда болды?

Қағаз қалай пайда болды?
27.11.2020 14:49 9263

Жаһандану бәсекесіне бәс тіккендей өршелене ұмтылған адамзат барлық құжат айналымы, жұмыс процесі компьютерлендіріле бастаған шақта қағазға деген қажеттіліктің азаятындығына сенімді болған еді. Расында, бүгінде көптеген қызмет көрсету салаларында қағазбастылықтан арылу мақсатында жұмыстың басым бөлігі электронды форматқа көшірілуде. Бірақ, бұл қағаздың адамзат тұрмысынан мүлдем жойылып кеткендігін білдірмейді.

Елдің ішкен-жегені мен тұтынғанының бәрін санап отыратын статистердің сөзіне сенсек, Американың кеңселік қызметкері бір өзі жылына 10 мың парақ тұтынады екен. Ал енді жалғыз АҚШ қана емес, дүниежүзінде қаншама кеңседе жұмыс жасайтын қызмекер бар екенін өзіңіз жобалап есептеп, қағаздың күндік, жылдық тұтынымын шамалай берсеңіз де болады. Қағаз адамзатпен бірге жиырма ғасыр уақыттан бірге өмір сүріп келеді. Әрине, қазір өміріміздің де, тұрмысымыздың да компьютерлендірілгені рас, көптеген тарихи, саяси, әлеуметтік, экономикалық анықтамаларды бұрынғыдай қағаз қопармай, электронды жинақ анықтамалықтарынан оп-оңай тауып алуымызға болады. Алайда, әлі де қағаз ақпарат тасымалдаудың ең арзан құралы болып саналып келеді.

Қағаз қалай пайда болды?

Сонау тамырын 12 ғасырдың қатпарынан тартатын ағылшындардың киелі кітабы «Винчестер Библиясын» әзірлеуге 250 бас бұзау терісі жұмсалған-мыс. Енді этимологияны қарастырып көрелік. Еуропалық тілдердің көпшілігінде қағаз сөзі ежелгі египеттік папирус сөзінен тамыр тартады. Мәселен, ағылшын тіліндегі paper, неміс, голланд, француз тілдеріндегі papier сөздері белорусстік папера сөздері түбірін папирус деген сөзден алып тұр емес пе?!

Сонымен, хош делік, жалпы қағаздың шығу тарихына үңіліп көрелік. Қағаз өндірісі ежелгі өркениеттің негізін салды десек те болады. Ескі жазбалдардан белгілісі, алғашқы қағаз жазу-сызуға әуелден әуестігі бар Қытай елінде жасалған. Алайда, Аспан асты елінің тұрғындары қағаз шығарудың құпиясын бірнеше жүздеген жылдар бойы құпияда ұстап келгендігі де ақиқат.

Қағаз қалай пайда болды?

Ал жазу-сызу алғашқы қағаз шыққанға дейін де болған. Адамдар біресе ағаш қабығына, біресе жапырағына, теріге, түрлі металлдарға, тасқа, сүйекке түрлі таңбалар салу арқылы жалпы жазу-сызу дәстүрін дамытты.

Мысалы:

Ежелгі Египет және шамамен б.э. дейінгі төрт мыңыншы жыл. Жазба құралы ретінде папирустар пайдаланыла бастады. Египет билеушілері папирус өндірісін мемлекеттік монополияға айналдырды. Олар да оның жасалу жолын аса құпияда ұстады. Және өндіріс құпиялылығы арқылы пайдаға белшелерінен батты десе де болады. Себебі, папирустың аса үлкен сұранысқа ие болғандығы соншалық, ол тіпті шетелдерға сатылымға шығарылған.

Кіші Азияда б.э. дейінгі екінші ғасырда пергамент өндірісі пайда болды. Оны сиырдың және қойдың жас төлдерінің терісінен дайындайтын. Алайда, оның өндіріс технологиясы аса күрделі болғанға ұқсайды. Алайда, бұл жазба материалының қызмет ету мерзімі де аса ұзақ, сапасы жоғары болды. Бұл пергамент деп аталатын жазу материалына екі жағынан да жазу жазуға болатын.

Ал ежелгі Русьте жазу үшін қайың ағашы қабығының белгілі бір қабаттары пайдаланылған.

Зерттеушілердің дегені мен дерегіне сүйенсек, ең алғашқы қағаз Қытайда жібектен жасалған болуы да кәдік. Себебі, Қытайдың Хань әулеті билік құрған ежелгі кезеңге жататын ескі қорымдардың бірінен археологтар қағаздың қалдықтарын тапқан. Алайда, оның қай уақытта шығарылғаны және неден жасалғаны әлі де белгісіз күйде қалып отыр.

Қағаз қалай пайда болды?

Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясының Баоця үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде өте-мөте көне жерлеу орыны табылған. Кімге тиесілі екендігі белгісіз бұл бейіттен көптеген тарихи құнды жәдігерлер шықты. Алайда, біз үшін қазір қызықтырағы, мұннан табылған қағаз қалдықтары болып отыр. Ғалым-зерттеушілер бұл қағаздың жасын да анықтап үлгерді. Моладан табылған қағаз қалдықтары оның б.э. дейінгі шамамен екінші ғасырларда «өмір сүргенін» айғақтайды. Алайда, тағы бір түйіні шешілмеген құпия – бұл қағаздың да неден жасалғандығын анықтау мүмкін болмады.

Алайда, тарихи құжаттарда тайға таңба басқандай айғақталып қалған бір дерек бар. Біздің эрамызға дейінгі 105 жылдары Хань шығыс әулетінің құрметті өкілдерінің бірі Цай Лунь императорға қағаз өндірісі технологиясын жетілдіргендігі жөнінде баяндайды. Оның ойлап тапқандығы емес, жетілдіргендігі жөнінде мәлімдегеніне қарағанда, бұл уақытта Қытайда қағаз өндірісі болғандығы айғақ. Ол бәлкім қағазың қолданысқа жалпылама түрде ене қоймаған уақыты болар.

Цай Лунь ұсынған жаңа технология мынадай болатын, ол тұт талшықтарын, ағаш күлін және шүберекті ұсақтап, сабынды су көпіршігімен араластыруды ұсынды. Алынған құрамды ағаштан жасалған қалыптарға салып, күн астында кептіру және оны кейін таспен тегістеу қажет болатын. Нәтижесінде, өте жұқа әрі жазу-сызуға жарамды қағаз парақтары пайда болды.

Жылдар өте келе, қағаз жасау технологиясы әрі қарай жетілдіріліп, ол көпшілік үшін қолжетімді бола бастады. Осылайша, қытайлықтар одан тіпті алғаш рет қағаз ақшалар шығара бастады.

Цай Лунь өмірбаяны

Қағаз қалай пайда болды?

Цай Луньның жаңа өнертабысы үшін император Хэ Ди (Лю Чжао) оған жоғары титулды марапат сыйға тартты.

Цай Лунь Хунань провинциясының Лэйян қалашығында дүниеге келген. Біздің эрамызға дейінгі 75 жылы ол император сарайына қызметке келеді.

Ол сарай қызметінде жүріп, еңбекқорлығымен және жаңа дүниелер ойлап табатын өнертабыстылығымен ерекшеленеді. Сарайда қырық алты жыл өмір сүрді. Бұл уақыт ішінде бес императорға қызмет етіп, ақыры княз титулына дейін қол жеткізді.

Ол есік алдындағы қарапайым қызметкерден басталған өмір жолында жоғары лауазымға қол жеткізгеніне қарамастан, өз-өзіне қол жұмсап, у ішіп өледі. Цай Луньның өмірінің мұндай қайғылы жағдайда аяқталуына сол кездегі сарайдағы таптар арасындағы қарама-қайшылық пен сатқындық себеп болған дейді зерттеушілер.

Алайда, аспан асты елі қағаз өндірісін өзінің табыс табуы мен дамуның негізгі кілті ретінде, оның өңдірісінің қыр-сырын ұзақ уақыттар бойы құпияда ұстап келді. Дегенмен, айғақ заттың қап түбінде ұзақ жатпайтыны анық қой, осылайша Цай Луньның қағаз жасау құпиясы біртіндеп ел ішінде тарала бастады. Ол ақыры әлем елдеріне де таралып, осылайша құпия болмай қалды.

Ал Еуропада қағаз өнеркәсібі ерте заманда XI—XII ғасырларда пайда болған. Алайда, еуропалықтар қағаздың маңыздылығына аса мән бере қоймаған сыңайлы, сондықтан болар, мұнда қағаз жасау технологиясы өте баяу дамып, игерілді.

610 жылы жиһанкез будди монахы Дан-хо жапондықтармен қағаз жасаудың сырымен бөліседі. Жапондықтар оның технологиясын өз беттерінше дамыта түсті. Осылайша, олардың қағаз жасау әдісі мен ол үшін пайдаланылатын шикізат сапасы қытайлықтардан да асып түседі. Жапонияда «ваши» деп аталатын ең сапалы және берік қағаз шығаратын шеберханалар, кейін тіпті фабрикалар пайда бола бастады. Оның беріктігі соншалық, Жапонияда терезе әйнектерінің орнына да «ваши» қолданыла бастады.

VII ғасырдың басында Цай Луньның қағаз жасау әдісі Кореяда таралды, одан кейін үндістандықтар үшін де құпия болмай қалды.

650 жыл шамасында қағазды Самарқандта да шығара бастағаны белгілі. Ал шамамен 150 жылдан кейін қағаз жасау технологиясы әскери тұтқындар арқылы арабтарға да жетті. 751 жылы Тан әулеті билік құрған тұста, Талас майданының кезінде қытай жұмысшылары тұтқынға түскен болатын. Олардың арқасында 793 жылы Бағдатта қағаз фабрикасы салынды.

Осылайша ақырындап, қағаз жасау технологиясы күллі әлемге тарала бастады. Қағаз мұсылман елдеріндегі пергаментті, Египеттегі папирусты тез-ақ ығыстырды.

Еуропада қағаз жасауға қатысты қызықты деректер

1145 жылы Сицилия королі Роджер ІІ ресми түрде қағазды пайдалануға тыйым салады.

1221 жылы Германияда Фридрих Екінші де қағазды тұтынуға байланысты шектеу қояды.

Еуропа бойынша ең алғашқы қағаз фабрикасы испандық Хатива қаласында 1120 жылы салынған. Олар қағаз өндірісінің технологиясын ислам мемлекеттерінен алады.

Ал 1276 жылы қағаз фабрикасы Италияда іске қосылды. Франция, Италия және Германия елдері қағазды XIV ғасырдың басынан бастап шығара бастады. Ал Ұлыбританияда қағаз фабрикасы 1495 жылға дейін болмаған.

Адамдар ежелгі уақытта жазу-сызу үшін оған жарамды барлық заттарды қолданған. Бұл ағаш тақтайшалар, балшық кірпіштері, пальма жапырақтары, қайың қабығы, жануарлар мен аңдардың терісі.

Папирус

Қағаз қалай пайда болды?

Папирусты дайындау тәсілін ежелгі египеттіктер аса жақсы меңгерді. Cyperus papyrus деп аталатын папирус өсімдігі Ніл өзенінің батпағында ғана емес, жылы аймақтардың көпшілігінде өседі. Папирусты әзірлеуге оның су астындағы бөлігі пайдаланылды. Оны қиып алып жіңішке бөліктерге бөледі. Және тегіс етіп жаяды да оның үстіне тағы да перпендикуляр етіп тағы бір қабатын жаяды. Сөйтіп оны күн көзіне кептіріп қояды. Ол кепкеннен кейін оған желімді сіңіріп, ағаш балғамен ұрғылайды. Осылайша алынған парақты күн астында қойып тағы да кептіреді.

Саз балшықтан жасалған парақтар

Қағаз қалай пайда болды?

Оңтүстік Месопотамияның ежелгі Шумер мемлекетінде осыдан 3-4 мың жыл бұрын мектепте оқушылардың қалай, қайда жазғанын білесіз бе?! Оқушылар саз балшықтан жасалған тақтайшаларға жазу жазды. Мұғалім оның бір жақ бетіне берілген тапсырманы, ал оқушы екінші жағына оның шешуін жазатын болған. Шумерлік мектептердің орнын қазу барысында мұндай саз тақтайшалар көптеп табылған. Оқушылар толық білім алу үшін әр тақтайшаға бөлініп жазылған «кітаптарды» арбамен тасып жүретін болған.

Қорғасын кітаптар

Қағаз қалай пайда болды?

Иорданиядан үңгірден 70 металлдан жасалған кітаптар табылды. Бұл кітаптардың жасы шамамен екі мың жылдан асады. Кітаптардың бірінің өлшемі – 6-8 см, енді біреулері тіпті кішірек болып келеді, одан үлкендері де бар. Яғни кітаптар көлемі жағынан әртүрлі. Әрқайсысы 5-15 қорғасын парақтарынан тұрады. Және олар бір-бірімен қорғасыннан өрілген сым арқылы тігілген. Кітапта ежелгі еврей, арамей және ежелгі грек тілдеріндегі иероглифтер, белгілер, суреттер балқытылып, соғылған.

Пергамент

Қағаз қалай пайда болды?

Пергаментті аң терісінен әзірлеген. Оны алғашқы уақытта парсылар біздің эрамызға дейінгі бесінші ғасырда жасаған. Ежелгші гректер бұл материалды «дифтер», ал римдіктер «мембрана» деп атаған.

Оны жаңа сойылған қойдың (кейінгі уақыттарда бұзаудың және шошқаның) терісінен жасаған. Алайда, оны ұзақ өңдеу қажет болды. Бірінші кезекте оның жүнін қырқып, теріні майдан тазарту керек болды, әктен жасалған ерітіндіге біраз уақытқа салып қойып, тегістейді. Оны пергамент деп атаудың себебі, бұл жазу материалы Пергам деген қалада жетілдіріліп, дамытылған. Алайда, пергаменттің бағасы аса қымбат және ол қат болды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға