Жаңалықтар

 Жылдың ең ақылды оқушысы

«Кім білгіш?» интеллектуалды онлайн-турнирін естуіңіз бар ма?
 Жылдың ең ақылды оқушысы
16.10.2017 17:48 8580

Елімізде 2016 жылдан бастап дарынды балаларға арналған «Кім білгіш?» интеллектуалды онлайн-турнирі өтеді. Тұңғыш Президент қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры ұйымдастырған бұл сайыстың өзге додалардан басты ерекшелігі – білім жарысының ғаламтор желісі арқылы өтуінде. Бұл жаңашылдыққа өз біліміне сенімді мың жарым оқушы өтініш білдіріп, солардың арасынан Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ернұр Ақжол жеңіске жетті. Осылайша ол «жылдың ең ақылды оқушысы» атанды. Үздік шәкіртпен әңгіме құрып, болашақ жоспарлары жөнінде ой бөліскен едік.

           «Мен өзіме сендім және сол сенімім алдамады»

Негізінен, түрлі конкурстарға, білім додаларына әрдайым қатысып жүремін. Бірақ «Кім білгіш?» сайысының мен үшін орны бөлек. Бәлкім, ерекше үлгіде өткендігінен болар. Жалпы, бұл конкурстың басты ерекшелігі ол – ғаламтор арқылы онлайн-режимде өтуінде. Яғни, «Кім білгіш?» турнирі білім жарыстарына жаңа тренд алып келді.  Екіншіден, бұл сайыста тек бір бағытта ғана емес, әлемдік деңгейде, барлық саланы қамтитын сұрақтар қойылады. Алғашында мың жарым оқушы қатысуға үміт білдіргенімен, екінші турға іріктеліп тек жүз оқушы ғана өтті. Ал үшінші кезеңде сол жүздіктен он адам ғана Астана қаласындағы Назарбаев орталығына жолдама алды. Орталыққа келе салысымен бізді бір бөлмеге отырғызып, конкурс шарттарымен, нұсқаулықпен таныстыра бастады. Мұндағы он оқушыдан тек біреуіміз ғана үздік атанамыз. Яғни, не жеңімпаз боласың, не жеңілесің. Бәске бәрі тігіліп тұрғандықтан, менде біраз қобалжу болды. Бірақ мен өзіме сендім және сол сенімім алдамады. Алдыма қойылған 72 сұрақтың барлығына дұрыс жауап беріп, жеңімпаз атандым. Сөйтіп, «жылдың ең ақылды оқушысы» деген атақ алып, сыйлық ретінде ноутбук пен Елбасының «Тәтті алма» атты кітабын алдым.

          «Ауаға фильтрация жасайтын жасанды ағашты ойлап таптық»

Алғашқы мектебім – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп болатын. Осы мектепте оқып жүргенде математикаға деген қызығушылығым оянды. Математиканы бекерден-бекер ғылымдардың патшасы деп айтпайды. Білімімді тереңдету мақсатында мен қазақ-түрік лицейі мен Назарбаев Зияткерлік мектебіне емтихан тапсырып көрдім. Екеуіне де бірдей өтіп, ақыры ойлана келе физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін таңдадым. Білім мекемесі менің бойыма бірнеше құндылықтарды сіңірді. Себебі, біздің мектебіміздің миссиясы – халықаралық тәжірибені қолдану арқылы ұлттық салт-дәстүр мен тарихты оқушы бойына сіңіріп, зияткер тұлғаны қалыптастыру. Жалпы айтқанда, бұл мектептегі оқыту әдісі жалпы орта білім беретін мектептерден ерекше болып келеді. Мұнда оқушыны ақпаратты жаттауға емес, оны түсінуге,  жан-жақты қарауға және сараптауға үйретеді. Соның арқасында сол ақпарат адамның миында ұзақ уақытқа дейін сақталады. Тағы бір ерекшелік – бізде сабақтың басым бөлігін мұғалім емес, оқушының өзі жүргізеді. Мектебіміз жыл сайын оқушыларды іріктеп, шетелге 3 аптаға білім алуға жібереді. Мен екі мәрте барған едім. Бірінші рет – Малайзияға Нуттингам универститетіне биохимияны оқу мақсатында, екіншісі – осы жылы, Нью-Йоркке барып, Колумбия университетінде астрономияны оқыдым. Бүгінде осы шетелде алған білімімді негізге ала отырып, төменгі сынып оқушыларына зертханалық сабақтар жүргіземін. Ал осы сабақтан тыс уақытта мен өзімнің жобаларымды жетілдіруге тырысамын. Қазір олардың саны – үшеу. Солардың бірі мына Алматы мен Ақтөбе қаласындағы смог мәселесіне қатысты. Яғни «ластанған ауа қабатын қалай тазартамыз?» деген сұрақтын шешімін біз досымыз екеуіміз жан-жақты талқылай келе, ауаға фильтрация жасайтын жасанды ағашты ойлап таптық. Архитектуралық дизайнға сай ол ағаш энергия көзін күннен алады. Сондықтан да оның төбе жақтарында күн панельдері орналасады және астыңғы жақтарында жел витриналары бар. Сонда ауа осы ағаштың бойымен өту барысында зиянды газдар мен қалдықтарды фильтр ішінде қалдырып, сыртқа таза күйінде шығады. Қазір осы жобаны ілгері жылжыту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.

Мен үшін өмірдегі ең басты құндылық ол – мақсат. Мақсатсыз адам болмайды. Бізді таңертең тұрып, жұмыс істеуге, сабаққа баруға итермелейтін де сол. Мақсат әр түрлі болуы мүмкін: үлкен-кіші, маңызды-маңызды емес, қолжетімді-орындалмас. Ол енді адамның ниетіне байланысты. Мен мақсатқа жетуді – таудың шыңына шыққанмен теңестірер едім. Себебі, сіз тау биігіне көтерілгенде қанша қиналсаңыз да, оның ең биік шыңын бағындырғанда рахаттанасыз. 

Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек деп жатады. Бірі – жар таңдау болса, бірі – мамандық таңдау. Кезінде кәсібін дұрыс таңдай білмегеннен, бүгінде жұмыссыз жүрген, болмаса қоғамнан өз орнын таба алмай жүрген жандар қаншама?! Мен ойлана келе болашақта кәсіпкерлік салада жұмыс істегім келетінін түсіндім. Себебі, жастайымнан келе жатқан бір арманым бар еді. Ол – Қазақстанды әлеуметтік және экономикалық жағынан көркейту. Біз кеңес дәуірінен бері тек шикізат қоры болып келеміз. Осы өндіруші саладан, өңдеуші салаға толығымен бет бұратын уақыт келді және біз сол үшін атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Осы орайда, бірнеше факультеттерді саралап, бизнес жоспары факультетін таңдап отырмын. Себебі, Қазақстан қазір кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетеді. Елбасымыз «Қазақстан - 2050» стратегиясында да, «болашаққа бағдар: рухани жаңғыруда» да оны айтып өткен. Жалпы, мамандықты таңдау бір бөлек, сені маман қылып шығаратын университетті таңдаған бір бөлек деп айта аламын. Мен болашақта АҚШ-тағы Глазго, Мичиган, Стэнфорд немесе Гарвард университеттеріне өтінім білдіремін деп отырмын. «Өзіміздің оқу орындарымыз тұрғанда не себепті шетелдік университеттерді таңдайсың?» деген орынды сауал туындайды. Мұның себебі, Қазақстанға қазір жаңа бір бизнес жоспар керек емес, яғни «қайтадан велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Шетелде жылдап келе жатқан бір бизнес жоспарды елімізге интеграциялау әлдеқайда ұтымды. Шетел асып оқып жатқан жастардың барлығы сол жақта алып жатқан білімдерін, озық технологиясын елімізге әкеліп енгізуі керек. Мына ғаламдық жаһандану заманында алдыңғы қатарлы елдердің барлығы бір стандартқа келе жатқан сияқты. Себебі, қазір қарасаңыз, осы өзіміздің Астана мен Алматыдағы мегаорталықтар Еуропа мен АҚШ-тағы плазалардан ерекшеленбейді. Онда өмір сүруге қажетті барлық заттар шоғырланған. Қазіргі жаһанданудың әсерінен жастарымыздың да бейнесі мүлдем өзгерген. Бүгінгі жас буын кез келген ортада пікірін ашық айта алады, жан-жақты әрі еңбекқор. Елбасымыз айтып өткендей: «Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман туды». Сол ойлы жастар, елінің дамуына бей-жай қарамайтын, буыны қатпаған жас буын болашақта Қазақстанның элитасы болады деп үміттенемін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға