Жаңалықтар

«Осы айда бізден он ән күтіңіздер!»

МузАрт Live жобасының жеңімпазы Серікболсын Кішкенбаевпен сұхбат
«Осы айда бізден он ән күтіңіздер!»
12.04.2017 11:33 11630

60 мың қатысушының ішінен оза шапқан МузАрт Live жеңімпаздары неге көрінбей кетті? Шығармашылық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы секілді сауалдарға жауап іздеу мақсатында топ мүшесі Серікболсын Кішкенбаевпен тілдескен едік.

Серікболсын, қазір МузАрт Live немен айналысып жатыр?

 – Қызу ән жазумен айналысып жатырмыз. Жоба аяқтала сала, жаңа әндер бола қоймады. Сол себепті, жұмысымыз аздап кешеуілдеді. Әзірге, барлығы сегіз әнді жазып қойдық, Жалпы, топ болып жұмыс істеу көп еңбек пен уақытқа бағынады екен. Тағы да екі ән қосып, осы айдың соңына қарай барлық ғаламтор желісінен таратпақпыз.

 Бұған дейін, топты бірлі-екілі концерттерден көріп қалдық...

 – 8 наурыз мерекесіне орай өткен «Ән мен әнші» қатысқан алғашқы концертіміз болды. Ол жерде «Бір бақыт» атты әнімізді орындадық. Одан соң, Наурыз мерекесі қарсаңында Алматыда ұйымдастырылған ән кешінде үш әнімізді айттық.

 Бейнебаян түсіру ойларыңда бар ма?

 – Әлбетте, қазіргі біздің басты жоспар жазып жатқан әндерді көпшілікке тарату, одан соң екі әнімізге бейнебаян түсірсек деп жоспарлап отырмыз.

 Әңгімені өзіңе бұрсақ, қай өңірде дүниеге келдің? Қай жасыңнан бастап ән сала бастадың?

 – Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Торғай кентінде 1994 жылдың 9 сәуірінде дүниеге келгем. Анамның айтуы бойынша, бала күнімнен әнге құмар болыппын.

 Алғаш сахнаға қашан шықтың?

 – Шатаспасам, 12 жасымда болу керек. Бұл Әулкекөл ауданының сахнасы болатын. Ол кезде мен қосымша өнер мектебі үйірмесінде дәріс алатынмын. Осылай, тұңғыш рет ұстазымның сүйемелдеуімен көпшілік алдында өнер көрсеттім.

 Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті екенсің, музыка факультетінде оқисың ғой..

 – Осы жерде айта кетсем, 9 сыныпты аяқтап, Рудный музыкалық колледжіндегі академиялық вокал бөліміне оқуға түстім. Бұл білім ордасын бітірген соң, бір жыл Қостанай облыстық филармонияда еңбек еттім. Содан кейін ғана Астана қаласындағы ҚазӨУ-нің театр, кино және ТД факультетіне оқуға түстім. Қазір 3 курстамын.

 «Қазақстан дауысы» жобасындағы тәлімгерің Рүстем Нұржігіт «вокалы өте жоғары» деген баға берген еді, бірақ соңғы сәтте қарсыласыңды таңдады. Бұл байқаудағы сәтсіздігіңді немен байланыстырасың?

 – Мен оны сәтсіздік деп есептемеймін. Жартылай финалға дейін жету кез келгеннің қоолынан келмейді, әрине. Бұл жоба мені шыңдай түсті. МузАрт Live байқауына дайын боп келуге өз көмегін тигізді. Рүстем Нұржігіт өз кезегінде біздің университетте сабақ береді. Өз білген-түйгені бар, әншілік өнерді жақсы меңгерген ағалар ғой...

 МузАрт Live жобасы жайында «дауыс мәнері, ән айту шеберлігі, сахна ережесі жағынан болсын, жоба шын дарындыларды даралауда қателіктерге бой алдырып жатқан секілді» деген қауесеттер тарады. Бұған не дейсің?

 – Бұл жоба өте әділ өтті. Кері тарту, бұрмалау деген мүлде болған жоқ. Сізге мұны басынан аяғына дейін көрген адам ретінде айтып отырмын. Мысалы, менің өзім қарапайым отбасыдан шыққанмын. Көпшілік көрерменнің, әділ қазы болып отырған ағалардың көңілінен шығу әркімнің өз қолында болды.

 Сен үшін бұл жоба қандай жаңалық әкелді?

 – Бұл жерде мен ашыла түстім. Өзімді жаңа қырынан таныдым. Еңбектене түсу керектігін ұқтым. Жетістігім сол төккен тердің арқасы деп білемін. Әр жеңістің артында қаншама уайым мен қажырлы еңбек тұрды десеңізші...

 Халықтың сүйіспеншілігінің арқасында үздік атану бақыты бұйырыпты...

 – Аллаға шүкір. Халықтың көп дауысын аламын деп, әрине күтпедім. Мені қолдаған, маған сенген халқыма алғысымды айтамын.

 Ілгеріде өнер университетінде актерлік мамандықта оқитыныңды айтып қалдың...

 – Иә, актер шеберлігі және театр режиссурасы кафедрасында дәріс аламын. Ұстазым «Бәйтерек» тобының мүшесі Сайлау Қамиев.

 Жалпы, актерлік өнер мен әншілікті қатар алып жүрмексің бе?

 – Бұл екеуі қос қанатым болып саналады. Сол себепті, бөліп жара алмаймын. Жақында «Қазақфильмнен» «бір рөлді сомдайсың ба?» деген ұсыныс түскен болатын. Уақыт тапшылығы мүмкіндік бермеді. Үлгеріп жатсам, екі салада да тер төккім келеді.

 Топпен жұмыс істеу қиын деп едің, жеке бөлініп шығу ойыңда жоқ па?

 – Жо-жоқ. Басты мақсатым – осы топпен бірге жұмыс жасап, биіктерден көріну. МузАрт ағалардың жолын қуып, жігіттермен бірге топтың 10-15 жылдығын атап өткіміз келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға