Жаңалықтар

«Ликвидатор»

Ақан Сатаевтың фильмі
«Ликвидатор»
03.02.2017 15:01 2726

Өндірісі: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және «Сатайфильм» кинокомпаниясы

Шыққан жылы: 2011

Тұсауы кесілген күн: 6 сәуір, 2011, Алматы

Режиссер: Ақан Сатаев

Сценарий авторы: Тимур Жақсылықов

Оператор: Хасан Қыдырәлиев

Суретші: Дастан Жанғарашев

Композитор: Ренат Ғайсин

Жалпы бюджеті 2 миллион долларды құраған «Ликвидатор» – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 2011 жылы шымылдық түрген алғашқы фильмі. Бұл – осыдан бұрын «Рэкетир», «Ағайынды», «Адасқандар» фильмдерінің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов пен режиссер Ақан Сатаевтың тағы бір бірлескен киножобасы.

Фильмнің қысқаша мазмұны мынадай: Әрсен (Берік Айтжанов) есімді оққағар жігіт өзінің журналист ағасының кісі қолынан өлгендігін сезіп, кек қайтармаққа бел буады. Кейіпкер мәселенің мән-жайын анықтауға кіріскенде, өздерін қауіпсіздік ұйымы деп таныстыратын әлдебір топ өкілдері Әрсеннің адам өлтіріп, кек қайтармақ ниеті заңға томпақ келетіндігін ескертіп, оның полицияға өз еркімен берілуін талап етеді. Бұдан әрі алған бетінен қайтпаған басты кейіпкер түрлі қиындықтарға кезігеді. Тимур Жақсылықов пен Ақан Сатаевтың алдыңғы фильмдеріндегі ақша, әділетсіздік, кек тақырыбы мұнда да бірінші орынға қойылған.

Боевик-триллердің тұшынып отырып талдар тұсы қайсы? Біріншіден, фильмге жасақталған әртістік құрам мықты, өйткені мұнда отандық кино және театр өнерінің қаймақтары жиналған (бір эпизодта есіктен басын қылтитатын ит екеш иттің рөліне де 3 бірдей үміткер таңдалғанына не дерсіз). Фильмде киімілгіштен басталатын өнердің өкілдері, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы әкемтеатрдан Тілеубек Аралбаев, Берік Айтжановтар, М.Лермонтов атындағы орыс мемлекеттік академиялық драма театрынан Михаил Токарев, Анатолий Креженчуковтар ойнапты.

Сондай-ақ, мұнда бұдан бұрын да талай кинотуындыларда төбе көрсеткен Гүлнара Досматова, Жан Байжанбаев, Ирина Лебсак, Бөпеш Жандаев, Виктор Ашанин сынды тәжірибелі әртістермен қатар, жаңа буынның жұлдыздары Дәулет Әбдіғапаров, Қарлығаш Мұхамеджановалар да рөл сомдады. Ал, көрерменге голливудтық режиссер Гай Ричидің «Карты, деньги, два ствола» фильмімен жақсы таныс Винни Джонсты ұйымдастырушылар аттай қалап, Америкадан шақыртқан. Қайсыбір жылы тағдыры тартысқа толы Мұстафа Шоқайдың рөлін сәтті сомдаған қырғыз әртісі Әзиз Бейшенәлиев – «Ликвидаторға» Мәскеуден шақырылған қонақ.

Шығармашылық құрам таразылап таңдалғасын болар, фильмдегі актерлік ойындар да сәтті шыққан. Бұрын тек театр көрерменіне белгілі Берік Айтжанов киносүйер қауымға «Ағайындылар» арқылы танылған-ды. Ал, «Ликвидатордағы» күрделі образы әртістің көкжиегін кеңейте түскендей. Басты кейіпкердің терең де ойлы көзқарасын көрерменге жеткізіп, оның көз ілеспес қимыл-әрекеттерін орындау үшін Берік Айтжановтың үлкен психологиялық және физикалық дайындықтан өткендігі анық байқалды.

Атап өтуге тұрарлық әртістердің бірі – Винни Джонс. Әртістің арнайы шақыртумен келетін киллердің рөлін қалтқысыз ойнауының басты кілті – көрерменді ыммен-ақ ығына жығылдырғандығында. Американың атышулы «экшндарының» тәуірлерін түгендеп шыққан тісқаққан актер Отанына қазақстандық әртістерден бір жарым есе көп қаламақымен оралды. Айтпақшы, Қазақстанда болған алты күнде Винниге қазақтың дәмі қатты ұнап қалса керек, кейінірек қазақтар әртістің артынан Лос-Анжелеске 10 келі ет пен бауырсақ жөнелтіпті.

Ал, Қазақстанда өзін қонақ ретінде емес, қазақ ретінде сезінетінін әрдайым айтатын қырғыз әртісі Әзиз Бейшенәлиев туралы әңгіме бөлек. «Ликвидатор» Әзиздің тек тарихи фильмнің ғана емес, криминалды жанрдың да сәнін келтіретіндігін дәлелдеді. Біздіңше, өз рөлінің иін қандыра алмаған әртістер Сергей Никоненко мен Қарлығаш Мұхамеджанова болды. Журналистердің рөліндегі қос әртістің де образынан жасандылық байқалды. Дегенмен, «Қызғылт қоян туралы ертегіде» ойнау шеберлігімен ерекшеленген ажарлы актриса бұл фильмнің де «келбеті» болғандығын айта кеткен абзал.

«Ликвидаторда» «Рэкетирдегідей» анаға тіл тигізетін былапыт сөздер жоқ, кейіпкерлер әлдеқайда мәдениетті. Дөрекілік, өктемдік дегеніңіз тек оғаш қимыл, оқыстан келетін шабуылдарда ғана көрініс тапқан. Фильмдегі диалогтарда пәлендей көркем сөз де жоқ, бірыңғай жігіттердің әңгімесі. «Адасқандардағы» басты кейіпкердің психологиялық құлдырауы Әрсеннен де көрінді. Екі фильмде де бір режиссер, бір сценарист, яғни бұл дегеніңіз, бірдей қолтаңба. Басты кейіпкердің санасында сапырылысқан алуан түрлі сезімдер денеңді шымырлатпай қоймайды. Батыстың «экшндарының» көбінде қылмыскерлер іздеусіз қала беретіндігін білеміз. Пәленбай адамның қанын мойнына жүктеп, тайраңдап жүре береді ондағы кейіпкерлер. Ал, «Ликвидатордың» бір плюсі, керісінше, «біздің елде әділдік салтанат құрады» деген ойды жеткізгендігінде болды. Мұны фильмнің Әрсен (Берік Айтжанов) «Қанішерлерді өлтірмесем, олар халықты аяусыз қыруын тоқтатпайды» дегенде, Беріктің (Әзиз Бейшенәлиев) «Біздің елде сот бар, заң бар, бәрін әділ жолмен жазаға тартамыз» деген тұсынан аңдайсыз.

Фильмнің Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында түсірілген атыс-шабыс көріністері, Әрсеннің дұшпанын атып, балконнан құлатқан, ізінше дүйім жұрттың тырағайлап далаға қарай қашқан тұсы әсерлі. Шетелдік киноөнімдерде жиі берілетін массаның үдере қашу көрінісі бізге де жетіпті. Түсіру тобындағы жанкешті азаматтар киноның аяқ шеніндегі екі көліктің соғысу сәтінде тақым қысқандарын айтты. Каскадерлерді терлеткен трюк те осы болған екен.

Фильм соңында қаны бұзылған Әрсеннің қас дұшпанының алдында тосылуына өз қолымен өлтірген бес адам мен әр кез санасынан шықпайтын екі шалдың елестері себепкер болды. Басты кейіпкердің бес бірдей дұшпанын жайратып келіп, ең басты жауы Алдиярды (Меңтай Өтепбергенов) өлтіре алмауында үлкен астар жатыр. Ол ар жазасынан аттай алмады…

Туындының ең тағылымды тұсы осы болса керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға