Жаңалықтар

«Егемен Қазақстан» газетіндегі денсаулық тақырыбы

Саламатты Қазақстан
«Егемен Қазақстан» газетіндегі денсаулық тақырыбы
08.10.2017 16:51 2786

Еліміздің бас газетіндегі «Руханият», «Әлеумет» сынды айдарларында тілші, журналистердің ел саулығын күзетіп, саламаттылығын насихаттайтын,  жарияланымдар тұрақты жарық көріп отырады. 

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалидің «Екпе керек пе, керек емес пе?» атты мақаласы басылымның «Әлеумет» айдарында жарық көрді.Автор бұл мақаласында саламаттылықты сақтау, жұқпалы аурулардыңалдын-алу мен оларды асқындырып алмау мақсатында балаларға екпе жасау керек пе, әлде керек емес пе деген мәселені алға тартады. «Қазақстанда 5 жасқа дейінгі балалардың пневмониясы 4 есе азайды. Алдағы онжылдықты ДДҰ вакциналардың онжылдығы (2011-2020) деп белгілегені аян. Алайда, бүгінгі таңда егу мәселесіне қатысты дау-дамай, келеңсіз ж­айт­­­тар да жеткілікті. Бі­рақ,  микроағзалардың көп­шілігі антибиотиктерге резистенттілігін қа­лыптастырып отырған заманда жұқпалы ауру­лардың алдын алу мен олар­ды асқындырмаудың ең тиімді әдісі – егу жұ­мыстарын жалғастыру. Бірақ, қазір егуге қарсы ата-аналардың пікірлері де екі айырылып тұр. Мұндай жағдайда не істеу керек?», – деген автор осы сұраққа жауап іздейді.

Мамандардың айтуынша, биыл сәуір айында Алматы қаласы мен Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында балаларға пневмонияның, менингиттің, отиттің және синуситтің басты қоздырғышы болып табылатын пневмококты жұқпаға қарсы жоспарлы вакциналау басталған. Осының арқасында бүгінгі таңда жұқпалы аурулар адамдардың денсаулығына аса қауіп төндірмейді. Егудің көмегімен ондаған аурудың алды алынған. Қазақстанда соңғы онжылдықтарда шешек ауруы тіркелмеген. Полиомиелит, дифтерия, сіреспе аурулары толығымен дерлік жойылған. Десек те, осы жұқпа ауруларға қарсы екпелерді ұлттық күнтізбелерден алып тастауға болмайтын көрінеді. Себебі, ДДҰ сарапшыларының пікіріне сүйенсек, мұндай екпелерден жаппай бас тарту індеттің қайта таралуына әкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, адамдардың барлығы бірдей вакциналаудың толық жай-жапсарын біле бермейді. Сондықтан, сарапшылар халықаралық жиында бүгінгі таңда ең өзекті және көп толғандыратын сұрақтарға жауап берді. Ресей ФМБА балалар жұқпаларын ҒЗИ вакциналық алдын алу бөлімінің басшысы Сусанна Харит (Санкт-Петербург): – Егер балаға егу жасалса, бұл бала пневмония­мен ешқашан ауырмайды деген сөз бе? – Жоқ, олай емес. Пневмококтың 90-нан астам түрі бар, олардың ішіндегі 25 түрі ең қауіптісі, ал Қазақстандағы жоспарлы егу аясында балаларға егілетін вакцина 13-валентті, яки пневмококтың 13 серотипінен қорғайды. Бірақ, бұлар – ең кең таралған серотиптер, екіншіден, олар антибиотикке резистентті, яғни антибиотиктерге сезімтал. Осы серотиптерден туындаған ауруларды емдеу аса қиын. Бұл өте күрделі мәселе, 50 жылдан кейін біз бірқатар ауруларды немен емдейтініміз түсініксіз, себебі антибиотикке резистенттілік өсіп келеді. 2050 жылға қарай дүниежүзі бойынша 10 миллион адам антибиотикке резистентті флорадан өлетін болады деген болжам бар. Вакциналау – бұл сақтанудың бір әдісі, өйткені 7 жыл бойы вакцина қабылдағаннан кейін резистенттілік 7 пайыз азайып, сезгіштік өседі деп есептеледі. Міне, сарапшылардың пікірлері осындай. Ал мамандардың айтуынша, пневмококты жұқпаға қарсы вакциналау Қазақстанның ұлттық егу күнтізбесіне 2010 жылы кезең-кезеңімен енгізілген. Сол жылдың 1 желтоқсанынан бастап алғаш рет Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында пневмококты инфекцияға қарсы вакциналау жасала бастаған. Себебі, бұл аймақтардағы пневмониямен және пневмококк қоздыратын басқа жұқпалы аурулармен ауыру деңгейі еліміздегі ең жоғарғы көрсеткішті көрсетіпті. Және де алғашқы екі жылдық иммундаудан кейін-ақ, осы аймақтардағы эпидемиологиялық жағдай айтарлықтай жақсарған көрінеді. Мәселен, 2012 жылда Маңғыстау облысында бір жасқа дейінгі балалар арасында ауруға шалдығу 1000 балаға шаққанда 29,2 көрсеткішінен 14,7 көрсеткішіне дейін кемісе, ал шетінеу 10 мың тірі туылған балаға шаққанда 10,93 көрсеткішінен 4,69 көрсеткішіне дейін азайған. Ал Шығыс Қазақстан облысында ауруға шалдығу 34,5 көрсеткішінен 18,6 көрсеткішіне дейін төмендеген, ал шетінеу, тиісінше, 13,87-ден 11,72-ге дейін. Ал жалпы ел бойынша, тіпті, Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысында жоспарлы вакциналау енді басталғанына қарамастан, иммундаудың арқасында 5 жасқа дейінгі қазақстандық балалардың пневмониямен ауруы 4 есеге кеміген.

Журналист Айнаш Есали өз зерттеу мақаласында көптеген ата-аналарды толғандырған мәселеге жауап іздеп, нәтижесінде нақты статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, саламатты өмір аясында балаларға екпе жасаудың ешқандай қауіп-қатері жоғын баян етеді.

«Егемен Қазақстанның» ендігі бір санында «Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы» ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» жолдаған «Жалған дәрі-дәрмектерді қалай анықтауға болады?» атты мақала басылады.

Бұл мақала саламаттылықты ұстану бағытында жалған дәрі-дәрмекке  ұрынып қалмауды сақтандырумақсатында жарияланған.

Сатып алатын препараттың жал­ған жолмен жасал­ма­ғандығына се­нім­дісіз бе? Препаратты сатып алған сәтте неге көңіл аударған абзал? Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығының Call-қызметіне күн сайын осы сынды сауалдар келіп түседі. Жалған дәрі-дәр­мек жасау мәсе­лесі қазіргі таңда күллі әлем үшін өзекті  болып отыр. Халықаралық фармацевтика өндіру­шілері ассоциациясының де­ректеріне сүйенсек, жалған дәрі­лер үлесіне дамыған елдердің фарма­цев­тикалық нарығының 5-7%-ға тиесілі. Жалған өнім өндіріс пен сатылым уақытында тиісті бақылаудан өтпе­ген­діктен, мұндай препараттарды қолдану адам денсаулығына орасан зиян келтіруі ықтимал. Жалған дәрі-дәрмектер дегеніміз не? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «жалған (контрафактілі) дәрі-дәрмек деп препараттың шынайылығын және (немесе) өндірушіні дұрыс көрсетпейтін затбелгімен әдейі және заңсыз жабдықталған өнімді» есептейді. Сонымен бірге, жалған дәрі-дәрмек жасау безгек, жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) және шылымқорлықпен қатар – әлемдік денсаулық сақтау саласының төрт түйткілді мәселелерінің біріне жатады. Дәрілік заттарды сату ережелері мен мемлекеттік бақылау жүйесі жалған дәрі-дәрмектерді (ЖДД) дәріханалар желісі арқылы сатуға тосқауыл болады. Елімізде дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді, себебі бұл сала «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ұлттық қауіпсіздік саласына жатқызылады. Елімізге жалған дәрілік заттардың негізгі келу жолы  – дәрі-дәрмектерге ғаламтор және пошта арқылы тапсырыс беру. Өкінішке қарай, пошта, интернет-ресурстар арқылы берілетін тапсырыс­тарды бақылау қиын. Себебі, мұндай жолмен келетін дәрі-дәрмектер шағын топтамалары көп көлемде жеткізіледі, олардың сапасын бақылау мүмкіндігі болмайды. Есіңізде болсын! Дәрі-дәрмектердің виртуалды саудасы, курьерлер, пошта арқылы сатып алынатын дәрілік зат­тардың жалған болып шығу қаупі өте жоғары. Сапалы дәрі-дәрмекті тек фармацевтикалық қызметке лицензиясы бар, фармацевтикалық білімі бар қызметкерлер қызмет ететін дәріхана желілерінде ғана қол жеткізуге болады. Мұны тек тұтынушылар ғана емес, өз препараттарының сенімділігіне мүд­делі фармацевтикалық компа­ниялар да есте тұтуы тиіс. Жарамсыз деп танылған және жалған дәрі-дәр­мек­тердің арасында қандай айыр­ма­шылықтар бар? Фармациядан ха­бары жоқ адамдар жиі жіберетін қа­теліктің бірі – жарамсыз деп танылған және жалған дәрі-дәрмектердің ара­сын­дағы айырма­шы­лықтан бейхабар болу. Жарамсыз деп танылған дәрі-дәрмектер заңды жолмен жасалады, бірақ тексеру барысында әсер еткіш заттардың мөлшерінде, немесе таңбалануында белгіленген талаптарға сәйкессіздік табылады. Жалған дәрі-дәрмектер белгілі өн­ді­ру­шілердің тауарлық атауларын пайда­лану арқылы заңсыз жолмен шығары­ла­тындықтан қылмыстық сипатқа ие болады.   Препаратқа күмәнданған жағдайда, оның шынайылылығын анықтау және толық химиялық талдауды қамтитын жан-жақты сараптама жүргізу үшін Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына хабарласуыңызға болады.   Дәрі-дәрмекті сатып алған уақытта неге назар аудару қажет? Қадірменді оқырмандар, келесі қарапайым ережелерді есте сақтаңыз. Дәрі-дәрмекті тек қана дәріханадан сатып алу керек. Оларды ғаламтор арқылы немесе хабарландырулар бойын­ша  сатып алуға асықпаңыз. Бірден қаптамасына назар аударыңыз. Ол сапалы қатырма қағаздан жасалып, атауында (халықаралық патенттелмеген және саудалық) қателер болмауы керек,  жазулары – анық, өшірілмеген, бояулары мен таңбалары – қанық болуы тиіс. Таңбалануы (соның ішінде штрих-коды) анық оқылуы қажет. Аңдатпасы (түсініктемесі) орыс және қазақ тілдерінде терілуі тиіс. Ішкі қаптамасындағы (блистердегі) немесе құтысы мен қатырма қағаздан жасалған қорабындағы сериясын, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Олар бір-біріне сәйкес келуі тиіс. Қажет болған жағдайда сәйкестік сертификатының көшірмесін сұраңыз. Сертификатта нұсқалған серия пре­па­раттың қаптамасында көрсетілген сериямен сәйкес болуы шарт. Сонымен бірге, жалған дәрінің тағы бір белгі­сі – препараттың (таблетканың, ерітін­ді­нің, суспензияның және т.б.) түсінің меди­циналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта сипатталған түсіне сәйкес келмеуі. Дәрілік заттарды дұрыс қолдану, препараттардың тиімділігі мен болуы мүмкін жағымсыз әсерлері туралы, сондай-ақ, азаматтардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу құқықтары жайлы толық ақпаратты Сіз ДАТО Call-қызметінің жұртшылыққа арналған бірыңғай тегін телефон желісі арқылы алуларыңызға болады – 8 800 080 88 87 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін). Сонымен қатар, әр адам ДАТО ресми сайтына сұрақ жолдап, білікті мамандардан жауап ала алады – www.druginfo.kz   дей отырып, «Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы» өз қызметтерінің тек қана халыққа екендігіне назарға ұсынады.
Әрине, бұл сынды арнайы орталықтар мен кәсіби мамандардың сақтандырулары мен кеңестері көпшілік халық үшін өте құнды. Елдің саламаттылығына бағытталған мақалалардың БАҚ-та көрініс беруі ел мүддесі үшін болмақ.

«Егемен Қазақстан» газетінің «Әлеумет» айдарында журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының «Инсультті емдегеннен алдын алған тиімді» атты мақаласы басылды. Мақала мақсаты – аурудың алдын-алу, саламаттылықты сақтау.

Инсульт – қан айналымының кенеттен болған бұзылысы, бас мидың қандай да бір қан тамы­рының бітелуі немесе үзілуі. Бұл ересек адамдар арасында бас мидың ең кең таралған ауруының бірі болып саналады. Сонымен қатар, адамның жасы ұлғайған сайын инсульттің пайда болу қатері арта түседі. Статистика бойынша өмір сүретін еліне байланысты инсультке халықтың 0,1-0,4 пайызы шалдығады. Әрі бұл дерт мүгедекке апаратын себептердің көшбасшысы болып табылып, әлемде өлім жағдайларының себептері арасында үшінші орын алады. Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға тарта адам инсультпен ауырса, инсульттен кейін 50 пайызға жуық науқас бөгде адамның көмегіне зәру болады. Бүгінде елімізде 275 мың адам инсульттен кейінгі мүгедектер есебінде.

Елі­міздің бірқатар аймақтарында халық­аралық стандарттардың талаптарына сай 41 инсульт орталықтары ашылды. 2014 жылдың аяғына дейін тағы 9 инсульт орталығын ашу жоспарлануда, бұл халқы­мыздың қажеттіліктерін толы­ғымен өтеу мүмкіндігін жасайтын болады. Сондай-ақ, халық­аралық ұсыныстарға сәйкес инсультті емдеу және диагностикалау алгоритмі әзірленді. Профилактика жұмыстары жасалып, халыққа ми қан айналымының жіті бұзылыстарының алғашқы белгілері және алғашқы жәрдем көрсету шаралары туралы ақпарат­тандырылуда, – деп жазған автор Г.Сәдірқызы бүгінде жаңа инновация құралдары мен препараттар арқылы қауіпті дерттің алдын-алу мүмкіндігі барына тоқталған.

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айгүл Сейілова өзінің«ВИЧ-ке шалдықпауды әрбір адам ескеруі қажет» атты сұхбат мақаласында халықты қауіпті аурудың алдын-алуға бағыттайды. Тілші А.Сейілова ел саламаттылығы аурудың алдын-алуымен байланысты деген мақсатты ойын айтқысы келеді.

Астанада 1997 жылы ВИЧ жұқпасын жұқтырған екі адам тіркеуге алынған болса, одан бері ресми түрде 855 жағдай тіркеліпті. Ал, елордадағы «СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес» орталығында 504 адам тіркеуде тұрады. Орталық бұл адамдарға қандай көмек көрсетуде, ВИЧ жұқпасымен қанша жыл өмір сүруге болады, осы аурумен ауыратын ата-анадан қаншалықты сау бала дүниеге келеді деген сынды сауалдарын журналист «СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес» орталығының бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаға қойып, өзекті мәселенің сансыз сауалдарына жауап іздейді. – Салтанат Берікқызы, ұмытпасам, осыдан бес жыл бұрын сіз қызмет ететін мекемеде 280 адам АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС (СПИД) аурулары бойынша тіркеуде тұрған болатын. Содан бері науқастар саны қаншалықты өсті? Сондай-ақ, тіркеуде тұрған науқастардың барлығына ем тағайындалады ма? – Өкінішке қарай, науқастардың саны жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі кезде 504 адам тіркеуде тұр. Олардың 49 пайызы жұмыс істемейтін адамдар, яғни, ВИЧ науқасы анықталғанда ешқайда жұмыс істемегендер. 10 пайызы түрмеде отырғандар болса, 39 пайызы түрлі жұмыс атқаратын кісілер. Науқастардың барлығы бірдей ем қабылдамайды. Бірақ әрқашан дәрігердің бақылауында болып, денсаулық жағдайларына қарай жылына бір-екі рет зертханалық тексерістен өтіп тұрады. Егер иммундық жүйесінің көрсеткіштері төмендесе дәрігерлер ем тағайындайды. Бірақ, кейбір науқастардың ағзасы емге тұрақты болады. Емнің өзі сол тұрақтылықты сақтауға бағытталғандықтан, аурудың барлығына бірдей тағайындала бермейді. – Бір науқасты емдеу үшін жылына қанша қаржы жұмсалады? Бағанағы 504-тің арасында СПИД-ке шалдыққандар бар ма? – Орталықтың мақсаты – ВИЧ-ке шалдыққан науқастарды СПИД сатысына жеткізбеу. Қазір көпшіліктің көзі ашық, көбі ВИЧ-тің 3-4-ші сатылары СПИД екенін біледі. Ал бұл дерттен жазылған адам ешқашан болған емес. 1997 жылдан бастап СПИД ауруымен 30 адам тіркелген болса, әртүрлі жылдары олардың 25-і қайтыс болған. Бүгінгі күні бізде екі науқас тіркеуде. 3 шетелдік азамат өз отандарына қайтып кеткен. Қаржы жағына келсек, әрбір науқасты емдеуге мемлекеттен жылына 500-900 мың теңге көлемінде жұмсалады. Қазіргі күні 94 адам антиретровирустық арнайы терапия қабылдауда. Әрқайсысы емді әртүрлі көлемде алады. Мысалы, біреуіне бір дәрі жеткілікті болса, екіншісіне екі-үш дәрі қажет дегендей. Бұл дәрілер қымбат тұрады. Сондай-ақ, тіркеуде тұратындардың әрқайсысы алып жүрген емінің тиімділігін және иммундық жүйенің жағдайын бағалау үшін жылына кем дегенде екі рет зертханалық тексерістен өтіп тұрады. Біздегі анализдер қымбат анализдердің қатарына жатады. Әрбірі 20 мың теңге көлемінде. Мұны да мемлекет өз мойнына алып отыр. Ал, науқастардың қалтасынан шығын шықпайды. – Жоғарыда қанша адам ресми тіркеуде тұрғанын айттыңыз. Тіркелмегендер де қаншама. Жалпы, біздегі заңнамаларға сәйкес, ВИЧ немесе СПИД-пен ауыратын адамдар осындай орталықтарға тіркелуге міндетті ме? – Бұл аурулар әлеуметтік маңызы бар және басқа ортадағы кісілерге қауіп төндіретін аурулардың қатарына жатады. Сондықтан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес тіркелуге міндетті. Егер ем тағайындалса, одан бас тартуға ешқандай құқықтары жоқ. Бізде әрбір жаңа жағдай тіркелгенде дәрігерлер жұмыс жасайды. Анамнезін анықтайды, кімнен жұқтырғанын анықтайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес міндеттерін түсіндіріп береді. Әрине, бұрын тіркелмей жүре беретін науқастар болатын. Кейінгі кезде олардың саны азайды. Білуімше, Астана қаласында ондайлардың саны жиырмашақты ғана. Бізге ең қиындық келтіретін топ – есірткі қабылдайтындар. Оларды бақылау қиын. Өз денсаулықтарына көңіл бөлмейді. Ауру болса да есірткі қолдануды қоймайды. Заң бойынша олар жыныстық серіктесіне өз аурулары жайлы айту керек. Бірақ олар айтпайды. Бақылаусыз жүріп, басқаларға жұқтырады. – Ондай жағдайда орталық қандай шара қолданады яғни, біреудің біреуге жұқтырғанын нақты білген кезде? – ВИЧ-ті жұқтырушыларға қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік бар. Біз өз тарапымыздан қалалық Ішкі істер департаментіне мәлімет жібереміз. Сол бойынша іс қозғалып жатады. Бүгінге дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар бар. Бірақ ешкім қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Оған біздің менталитетіміз де сай келе бермейді. Неге десеңіз, зардап шегушілердің көбі өзінің жағдайының басқаға жария болғанынан қауіптенеді. «Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ «осындай ауруға душар болдым» деп айта бермейді. – Ауруға шалдыққандардың жасын, әлеуметтік жағдайларын, жұмысқа тұруға қатысты проблемаларын айта отырсаңыз. – Бірінші жұмыстан бастайық. Негізі осындай аурумен ауыратындар жұмыс істемесін деген заң жоқ. Осы күнге дейін ауруға шалдыққандар арасында жұмысқа қатысты проблеманы естімеппін. Мұның бір себебі, олардың ауруларын өздері, ең жақын туыстары мен біздің орталық қана білетін болғандықтан шығар деп ойлаймын. Өздері жұмыс істейтін басшылық біліп қойса шығарып жіберуі де мүмкін. Өйткені, біздің қоғам «тең қарауға» әлі дайын емес. Науқастардың әлеуметтік жағдайы орташа не ортадан төмен деңгейдегі адамдар. Ал, олардың 85 пайызы 20-39 жас арасындағы өмірге бейім адамдар. Сирек жағдайларда үлкен жастағы кісілерден де табылып жатады. Бірақ бұл өте аз. – Халықаралық ұйымдар туралы не айтасыз? Олардан көмек болып тұра ма? – ЖИТС-пен күрес жаһандық қоры бізге дәрілік препараттар мен шприцтер, мүшеқаптар бойынша 2009 жылға дейін көмектесіп келді. 2013 жылға дейін осал топтармен жұмыс істейтін волонтерлердің қызметіне ақша төледі. Ал, былтырдан бастап қордың көмегі тоқтады. Керекті заттардың бәрі мемлекеттен бөлінетін қаржыға алынады. Әйтсе де басқа региондарда жаһандық қордың көмегі сақталып тұрғанын айтуымыз керек. – Орталық тіркеуге алудан, ем тағайындаудан, тексеруден өткізуден басқа қандай қызмет атқарады? – Арнайы бекітілген орталықтың кешенді жоспарына сәйкес біраз алдын алу шаралары жүргізіледі. Негізгі шаралардың бірі – осал топтар арасындағы жұмыс. Аптасына екі рет түнгі рейд, екі рет күндізгі рейд жүргіземіз. Әрине орталықтың міндетіне жезөкшелерді қуу немесе оларды ұстап беру жатпайды. Біз ақпараттық жұмыс жүргіземіз. Экспресс-тексерулерден өткіземіз. ВИЧ-тен сақтану жолдарын үйретеміз, арнайы білім кітапшаларын таратамыз. Олар өмір бойы жезөкше болып жүрмейтіні анық қой. Өкініштісі, жеңіл жүрістілердің әрбір екіншісінен сифилис, гонорея аурулары анықталған. Бұл ВИЧ-ке шалдығуды екі-үш есе жылдамдатуы мүмкін. Орталықта оларға арналған «Достастық кабинеті» жұмыс істейді. Сондай-ақ, есірткі тұтынушылар үшін «Сенім пункттері» жұмыс істейді. Төртеу. Екеуі жылжымалы, екеуі стационар. Олардың бастапқы қызметі таза шприцтер, мүшеқаптар ұсыну. Кітапшалар тарату. ВИЧ-ке тесттен өткізеді. Психо-әлеуметтік кеңес жүргізу кабинетінде тесттен өткізудің мақсатын тұрғындарға түсіндіреді. Сайтымызға келіп түскен сұрақтарға сол кабинеттің мамандары жауап береді. Жалпы, бүгінгі күні бізде 25 дәрігер мен 31 медбике жұмыс істейді. – Елімізде ВИЧ-ке тексерілу қандай топтар үшін міндетті болып саналады? – Бізде тексерілу ерікті түрде өткізіледі. Бірақ өткізілуі міндетті кейбір санаттар бар. Олар – түрмеге түскендер, тұтқындалғандар, қан және орган донорлары, сондай-ақ, жүкті әйелдер. Шетелдерге түрлі мақсатпен баратындар да тексерілуден өтеді. Бірақ кейбір мемлекеттерге бару үшін тексерілуден өту міндетті емес. – Жүкті әйелдерден ВИЧ анықталса, оның балаға жұғу қаупі қаншалықты? – Жүкті әйелден балаға ауру жұғу қаупі аса зор емес. Ауру анықталған жағдайда, жүктіліктің 14-ші аптасынан бастап әйел ем қабылдауы тиіс. Бала туылған соң бірден ана сүтінен алыстатылуы керек. 4 апта арнайы ем қабылдап, бір жарым жасқа дейін анализ тапсырып тұрады. Осы жылдардың ішінде науқас әйелдерден 80 бала туылды. Олардың төртеуінде ғана ВИЧ анықталды. Қалғандары аман-есен, сап-сау туылды. Егер ешқандай шара қолданбаса, АИТВ анадан балаға берілуі қауіпі, жасанды емізілудегі балаларда 15-30%-ды құрайды, омыраумен емізу қауіптің 20-45% жоғарлатады. Сондықтан, дәріні уақтылы ішіп, дәрігердің кеңесіне құлақ қойған жөн деп есептеймін. Ал, әйелдің иммунитеті өте төмен болған жағдайда жүктілікті үзуге немесе басқа уақытқа жоспарлауға кеңес беріледі. – Орталықтың алдына қойып отырған мақсаты қандай? – Мақсатымыз – шама келгенше жыныстық жолмен жұғуды өсірмеу. Сол үшін теледидардан да, радиодан да роликтер беріп жатамыз. Лекциялар, семинарлар жүргізіліп тұрады. Сауалнамалар ұйымдастырылып, кітапшалар тарқатылады. Бірақ, бір таңғалатыным – көп адамдар бұл мәселені өздеріне қатыссыз деп есептейді. Әсіресе, сауалнама барысында жастар ВИЧ туралы білгенімен, одан сақтану шараларын жасамайтындарын ашық айтқан. Сөйтіп, кездейсоқ қатынастар арқылы өз өмірлерін қауіпке тігетінін сезінгісі келмейді. Олар үшін танысу, кездесу, көңіл көтеретін жерлерге бару бірінші орында да, ата-ананың үміті, оқу, жұмыс істеу екінші орында сияқты боп көрінеді маған. Әдебиеттерде ВИЧ-пен адам отыз жыл өмір сүреді делінеді. Бірақ ол шетелде. Біздегі жағдай он бес жылдың айналасы деп айтамыз. Сондықтан мейлінше кездейсоқ қатынастан абай болу керектігі туралы айтудан шаршамаймыз. Науқастардың өзгелерге жұқтырмауы бір мәселе болса, сау адамдардың да ВИЧ-ке шалдықпауды ескере жүруі екінші мәселе. Сосын тағы бір мақсат – донорлар арқылы жұғуды болдырмау, науқас жүкті әйелден баласына жұғуды болдырмау. Бұл әрине бақылауға болатын жағдай. Жалпы, әлемдегі ғалымдар 2030 жылға қарай ВИЧ-ті болдырмау туралы мәлімдеме жасауда. Әзірге біз жағдайды тұрақты ұстауға барынша талпынамыз. Өйткені, қазіргі препараттардың өзі жағдайды тұрақты ұстауға ғана шамасы жетеді. Сұхбатты оқу барысында көз жеткізген жағдай – елімізде бұл қатерлі дертке шалдыққандарға мемлекет тарапынан көмек қолы беріліп, медициналық көмек ұсынылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға