Жаңалықтар

«Болашақта әнші болмауым да мүмкін...»

Жас талант Данэлия Төлешованың сұхбаттарынан үзінді
«Болашақта әнші болмауым да мүмкін...»
03.09.2018 09:34 5741

Данэлия Төлешова – музыкалық «BraVo» сыйлығының иегері, Украинада өткен «Голос. Діти» 4-маусымының жеңімпазы және т.б көптеген байқауларда тамаша өнерімен көпшілікті тәнті еткен қазақстандық жас әнші. Оның орындауындағы «Stone Cold» әні YouTube-та 25 миллион қаралым жинады. Қаршадай қазақ қызы 2006 жылдың 18-шілдесінде Алматы қаласында дүниеге келген.

– Талант – Алланың берген сыйы. Сол сыйды пайдалана білу керек. Анамның және вокалдан дәріс берген педагогымның көмегінсіз ешқандай жетістікке жете алмас едім. Болашақта нақты кім болатынымды шешкен жоқпын. Барлығы мүлде басқаша өзгеріп кетуі мүмкін. Тіпті, ән де айтпай кетуім ғажап емес. Ал әзірге сахнаға шығып, ән айтқанды қалаймын.

– Мүмкін ғалым болатын шығармын. Себебі, математиканы жанымдай жақсы көремін. Мен қазір америкалық мектеп пен физика-математиканы тереңдетіп оқытатын №56 гимназияда оқимын. Дүйсенбі күні репетитор екеуміз теңестіру мен үйге берілген тапсырмалар бойынша жұмыс жасаймыз. Айтпақшы, математика сольфеджио жаттығуына өте жақсы көмектеседі. Ағылшын тілін де сүйіп оқимын. Барлығына үлгеру үшін таңғы 8-ден іске кірісемін.

– Ән айтқан ұнағандықтан, сахнаға шығамын. Барлық адамда талант бар, алайда оны дамыта білу керек. Мен қарапайым адаммын, тек анам уақытында мені вокалға берген. Өзімді кәсіби әншімін деп есептемеймін. «Голос. Діти»-дің бірінші кезеңінде қазылар алқасы менен «қалай ән айтасың?» деп сұрағанда, жауап бере алмағаным рас. Қалай сезінемін, солай әнді орындаймын. Кәсіби әнші деп, техникасы әбден шыңдалған адамды айтар едім. Ондай жандар сахнада нашар аппаратура болса да, әнін тыңдармандар аузын ашып тыңдайтындай, керемет алып шыға алады. Олар кез келген қиын ситуациядан оңай сытылатындар. Барлығы – техникасы мен талантының арқасы.

– Алғаш рет 7 жасымда «Аялаған Астана» байқауында жеңіске жеттім. Ол кез жазғы демалысқа тұспа-тұс келгені есімде. Анам екеуміз Астанаға аттандық. Байқауға менен басқа 7 мен 13 жас аралығындағы көптеген талантты балалар қатысты. Мен күтпеген жерден жеңіске жеттім. Күтпегенім рас, себебі вокалмен айналыса қоймаған кезім еді. 

– Фильмге түскім келеді. Болашақта бірнеше киноларда ойнайтыныма сенімдімін. Арманым – Дженнифер Лопеспен бір кинода ойнау. Ол тамаша әнші ғана емес, тамаша әртіс.

– Керемет өмір – танымалдылық пен атақ-даңққа бөлену емес. Керемет өмір – сені жақсы қоршаған орта, ұйыған отбасы. Мен үшін танымалдылық еңбегімнің бір жемісі ғана. Егер жақсы жұмыс жасай алсаң, атақ пен құрмет өзінен-өзі келетін болады. 

– «Голос. Діти» байқауына көп-көп рахмет. Себебі, мен осы шоу арқылы ән айта алатыныма, менің даусым біреулерге ұнайтынына көзім жетті. Алғаш кастингке барғанда қатты қобалжыдым. Стендтің бер жағында көптеген талантты балалар жүрді. Олардың барлығы да әнді керемет орындағандары есімде. Осындай танымал шоуда жеңіске жеткеніме біраз уақыт сене алмай жүрдім.  Тіпті, соқыр тыңдалым кезінде маған барлық қазылар алқасы бұрылғанда, қатты толқығаным соншалық сол жерде есімнен тана жаздадым. Көзімнен жас та шығып кетті. Сол кездегі эмоциямды ешқашан ұмыта алмайтын шығармын.

– Әр елдің өз шоу-бизнесі бар. Сол сияқты Қазақстанда да жұлдыз болуға болады. Мені әлемнің түкпір-түкпіріндегілер тану үшін Америка немесе Лондонға аттанар едім. Иә, армандарыма қол жеткізгім келеді. Бірақ, менің продюсерім – ата-анам мен педагогым Наталья. Әзірге мақсатым – тек солармен жұмыс жасау.  

– Шығармашылық – ақша емес. Мені интервьюге не концерттерге көп шақырып кеткені ұнамайды. Әнді өзім үшін айтамын. Қандай ән айтамын, немен айналысамын – ол менің шешімім. Болашақта кім болатынымды да өзім шешетін боламын. 

Елена Төлешова, анасы: Біз баламыз арқылы ақша табуды көздемейміз. Данэлия жарнамаға да түскен емес. Киевтен келе сала, бірден оқуға ден қойдық. Егер ән салу мектеп тапсырмаларын орындауға кедергі келтіретін болса, қызым вокалға баруын қояды. Алайда, аптасына екі сағат вокалмен айналысу оның сабақ оқуына әзірге кедергі келтіріп жатқан жоқ. 

Иә, қызым өте салмақты. Ол бала күнінен аз күлетін. Жалпы, Данэлияның өмірге келгенін көп күттік. Мен онымен ересек адамдарша сөйлесіп, бір деңгейде қарым-қатынас жасадым. Ересектер секілді сөйлесетіні, ойлайтыны соның жемісі шығар. Болашақта айналасына үлкен махаббатын сыйлай алатын, жақсы адам болып өсетініне сенемін.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға