Жаңалықтар

9 мың арнайы педагог мүгедек балалармен жұмыс істейді – Оқу-ағарту министрлігі

9 мың арнайы педагог мүгедек балалармен жұмыс істейді – Оқу-ағарту министрлігі
Фото: t.me/KZgovernment 06.11.2024 10:41 342

Мүгедектігі бар тұлғаларды оқыту туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінде 203 мың мүгедектігі бар бала тұр, олардың 66 мыңы – мектеп жасына дейінгі, 137 мыңы – мектеп жасындағы балалар. Аталған санаттағы балалар саны жыл сайын артуда.  

Арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 мамандандырылған білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69%-да, мектептердің 88%-да, колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар. Мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда да «педагог-ассистент» лауазымы енгізілуде.

Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілуде. «Педагог» кәсіптік стандартына мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша жаңа мамандықтар енгізілуде. Педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биыл курстардан 5 мың педагог өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өсуіне байланысты 3,5 мың арнайы педагогқа қажеттілік бар. Келесі оқу жылынан бастап «педагог-ассистенттер» колледждерде дайындалады, тиісті бұйрық қабылданды, — деді министр.

Психологиялық-педагогикалық қолдаудың қол жетімді болуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру механизмі енгізілді. Ол 5 өңірде жүзеге асырылып, 2 мың бала қамтылып отыр. Мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1%-дан 10%-ға ұлғайтылды. Скрининг нәтижелерімен алмасу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасымен интеграция жүргізілуде. ПМПК-ға жазылу автоматтандырылуда.

Тұрақты бұзушылықтары бар балалар үшін осы консультацияны қорытындылау мерзімі ұзартылады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде арнайы қолдаумен қамтылған ерекше қажеттіліктері бар балалардың үлесі 84%-ды құрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға