Жаңалықтар

9-20-19 ипотекасы: «Наурыз» бағдарламасының шарттары белгілі болды

9-20-19 ипотекасы: «Наурыз» бағдарламасының шарттары белгілі болды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/OpenAI 06.04.2024 08:31 377

1 мамырда іске қосылатын «Наурыз» ипотекасы туралы тың ақпарат шықты. Отбасы банк басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен сату бойынша директор Мақсат Заитов эфир кезінде жаңа депозитке кез келген мерзімдегі депозитпен қатысуға болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Krisha.kz мәліметінше, 1 млн теңге көлеміндегі жинақ сомасына қатысты талап сақталады.

Ипотеканың әзірше белгілі шарттары мен талаптары

Мөлшерлемесі: әлеуметтік осал топтар үшін 7 % болса, қалған тұрғындар 9 %-бен алады.

Бастапқы жарна 20 %-дан басталады.

Кредит мерзімі — 19 жыл.

Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында қарыздың шекті сомасы анықталмады. Бірақ «Отаудағыдан» жоғары болуы мүмкін.

Қатысушының атында соңғы бес жылда жылжымайтын мүлік болмау керек, отбасы мүшелері (жұбайы, балалары) де үймен байланысты мәміле жасамауы қажет.

Биыл билік бағдарламаға 300 млрд теңге бөлетініне қарамастан, «Наурыз» ипотекасында балл санау қағидасы қалады. Ол депозит, отбасы, бала санына байланысты берілуі мүмкін. Ал депозит мерзімі маңызды емес.

Қандай үй алуға болады

Нақты шарт әлі аталмады. Дегенмен, Астана, Алматы, Шымкент және облыстық маңызы бар қалаларда тек жаңа үйден пәтер қарауға рұқсат етіледі.

Басқа өңірлердегі үй сегментін мамандар талқылап жатыр.

«Наурыз» көмегімен рәсімдеуге болатын жаңа кешендерді Баспана маркет порталынан табасыз.

«Наурыз» ипотекасының «Отаудан» айырмашылығы

Кез келген уақытта ашылған депозитпен үміткер атануға мүмкіндік бар. Алайда шотта кем дегенде 1 млн теңге болуға тиіс.

Әлеуметтік осал топқа кіретін тұрғындар 7 %-бен рәсімдейді.

Биыл банк «Наурыз» бағдарламасына 1 мамырдан өтінім қабылдайды, ал кейінгі жылдары бұл процесс оның атауына сәйкес көктемнің алғашқы күні басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға